ТАРИХИ ОРЫН КӨРІКТЕНЕ ТҮСТІ

Шымкент қаласындағы қонақтар жиі келетін «Қызыр» мұнарасының маңында жақында ғана абаттандыру жұмыстары аяқталған болатын. Айналасы абаттанып, жасылдана түскен тарихи орын өткен аптаның соңында есігін қайта ашты. Бұл жайындағы мәліметті Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» кеңсесі берді деп хабарлайды «Қызмет» газетінің тілшісі.

Көне Сайрамның ислам мәдениетінен сыр шертетін бұл нысан 300 жылдан бері тұр. Қалаға келетін туристер назарын тарихи ескерткіштің сәулеті мен аңыз-әпсаналары қызықтыра, еліте түседі. Сондықтан да, үшінші мегаполисті туристік орталыққа айналдыру үшін осындай сәулеттік құндылығы бар нысандарды күтіп-баптаудың орны бөлек екені белгілі. Осы жайтты ескерген қалалық туризм басқармасы бастама көтеріп, биылғы ақпан айында демеуші Б.Мырзатаевтың көмегімен тарих ескерткіші аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Туризм басқармасы өкілдерінің айтуынша, «Қызыр» мұнарасы сәулет ескерткішін зерделеп, оған реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін тарихшы-археологтарға арнайы атқарылатын жұмыстар ұйымдастыруды жоспарлапты.

Осы жерде айта кететін нәрсе, республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына Шымкент қаласынан 7 нысан енген болатын. «Қызыр» мұнарасы соның бірі. Мұнараның  о бастағы биіктігі 10,5 метр болса, өткен ғасырдың ортасындағы жер сілкінісі салдарынан жоғарғы бөлігі бүлініп, қазіргі уақытта 5,7 метр болып қалыптасқан.

Сәулет ескерткіші көне Сайрам қаласы мен оның айналасына ислам дінінің таралуы, өркендеуіне өз септігін тигізген дін орталығының құрамдас бөлігі саналады. Бір кездері діни орталық болған көне шаһардың орталығынан салынған үлкен мешіт Қызыр пайғамбар құрметіне атауы берілген екен. Мешіт, мұнара, жерасты жолы секілді компоненттерден тұратын кешенді сәулет ескерткішінен осы мұнара ғана аман қалып, қайта жаңғыртудан өткен, бүгінге жетіп отыр.

С.Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика