Қаланың көріктендіру жұмыстары қарапайым ғана көше тазалығынан басталатыны белгілі. Ендеше, Шымкент қаласында 4 аудан болса, ол аудандарда тазалық жұмыстары қалай атқарылуда? Бұл жайында Қаратау, Абай, әл-Фараби, Еңбекші аудандары әкімдіктерінің фейсбуктегі ресми парақшалары бөліскен мәліметтеріне, атқарған шаруаларына шолу жасап едік.
Абай ауданы әкімінің аппараты аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үй ауларында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілгенін бөлісіпті. Атап айтқанда, Республика даңғылы, Ғ.Ильяев, Ш.Қалдаяқов және Ю.Гагарин көшелері бойындағы тұрғын үй аулаларындағы ағаш түптерін әктеу, балалар алаңшасын, қоқыс урналары мен ирригациялық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілген.
«Аталған жұмыстар аудан аумағы бөлінген 11 сектор бойынша атқарылуда. Әрбір сектордың тазалығы мен коммуналдық шаруашылық салаларына аудан әкімі аппаратының қызметкерлері бекітілген. Санитарлық тазалық бойынша 53-03-20 немесе +7 777 489 8684 What’s app нөміріне хабарласа аласыздар» дейді Абай ауданы әкімдігінің ресми парақшасы.
Ал, Қаратау ауданы әкімдігі санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде атқарылып тұрады деп ақпарат бөлісіпті. Ресми парақшаның дерегінше, аудан аумағындағы көшелерде, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмыстары жүргізілген. Аталған жұмысқа 45 бірлік мамандандырылған техника және 150 жұмысшы жұмылдырылыпты. Аудан әкімдігі «Қаланың тазалығы үшін тиісті мекемелердің қызметкерлері ғана емес, барлық тұрғындар да жауап беруі керек. Қаланың әрбір тұрғыны өз ауласынан бастап, туған жерін абаттандыруға үлесін қоса алады. Сүйікті қаламыздың тазалығын сақтауға бірге атсалысайық!» деп үндеу тастап, тазалық сақтауға шақырады.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ресми парақшасы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында сенбілік өткенін сөз еткен. Аудан аумағына қарасты Әлімбетов көшесі №45В, 45Б тұрғын үйлерінің аулаларында сенбілік жұмыстары жүргізілген. Тазалық жұмыстары барысында аумақтағы 487 ағаш түптері әктеліп, қураған бұтақтары бұталып, тұрғындардың өтініші бойынша жасыл желектер санитарлық формаға келтірілген. Сондай-ақ, аталған көше аулаларындағы ойын алаңшаларындағы элементтерді жуу, сырлау жұмыстары да атқарылыпты. Тазалық жұмыстарына жауапты «Назар» ЖШС, «Айдынбек» ЖШС тарапынан 11 арнайы техника жұмылдырылды. «Сенбілік — шырайлы Шымқаламыздың сәулеті мен сәнін арттырып, тазалығы мен тәртібін түзері сөзсіз» дейді аталған аудан әкімдігінің ресми парақшасы.
Ал, Еңбекші ауданы әкімдігінің ресми парақшасы болса, көше және аулалардың тұрмыстық қалдықтарға толып, қоқыстануының алдын-алу шараларын жүргізгенін тілге тиек еткен. Ол үшін ауданда мамандардан арнайы мобильді топ құрылып, ҚР ӘҚБ кодексінің 505-бабына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтар және құрылыс материалдарын бейберекет тастау бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әкімшілік хаттамалар толтырылған.
С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply