Шымкент қалалық мәдениет үйі мәдениет саласында жаңа жобалар мен қаламыздың рухани қазынасын жаңғыртып, мәдени өмірге жаңа серпіліс ретінде жоғары жетістіктерге жол ашуды мақсат етіп отыр. Аталған мақсатқа орай, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқарушы Сәкен Майғазиев алдағы жұмыс жоспарларымен таныстырып, БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Брифингте айтылған жоспарлар мен басқа да мәліметтерді қала әкімдігінің баспасөз қызметі бөліскен.
— Алдағы уақытта атаулы даталар бойынша 9 мәдени іс-шара, сонымен қатар республика көлемінде бірнеше байқаулар, шетел өнерпаздарының бірнеше концерттері мен республикамызға танымал «Өнер жұлдыздарының 100 концерті- Шымкентте!» атты концерттік бағдарламалар ұйымдастыру жоспарымызда бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп атқарылатын мәдени іс-шаралар бойынша «Мәдениеттер тоғысы» І-республикалық фольклорлық форум-фестиваліне, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сырлы саз — Нұрлы Отанға» керуен пойызы, «Әлем саз» І-халықаралық фестиваліне және «Сәлем Елорда» ІІ-республикалық өнер фестивалі аясында өтетін іс-шараларға қатысу ойда бар. Өнерпаздардың республика бойынша Ақтау, Атырау, Қызылорда, Астана, Алматы қалаларына гастрольдік іссапармен концерттер қою және 30 концертін беруді жоспарлап отырмыз. Айта өту керек, карантин шараларына байланысты жоспарлар өзгеруі де мүмкін, — деді Сәкен Қордабайұлы.
Айта кетсек, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бүгінгі таңда мекеме ғимараты Түркістан сарайында орналасқан. Онда 1300 орынға арналған көрермен залы, грим бөлмелері, оркестр, би ұжымдарына арналған бөлмелер бар. Мәдениет ордасына қарасты 5 мәдениет үйі мен 5 клуб жұмыс жасайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Сәлем Елорда» республикалық фестиваліне қатысып жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, «Рухани қазына-2020» республикалық фестиваліне қатысып «Үздік қалалық мәдениет үйі» номинациясын жеңіп алған болатын.
Leave a Reply