2022-11-30

Шымкенттік жедел жәрдем көрсету бригадасы топжарды

Spread the love

Жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық спартакиадасында шымкенттік бригада топ жарды. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен   Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткен спартакиадаға 18 команда қатысты.

Командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, шынайы жағдайға барынша жақын клиникалық станциялардан өтті. Бригадалардың жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетуі, босануды қабылдауы, суға батқан зардап шегушіні құтқаруы барысындағы біліктілігі бағаланды. Сондай-ақ, балалар реанимациясын жүргізуде және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қиын жағдайдан шығаруда өз шеберліктерін көрсетті.

Спартакиада қорытындысы бойынша 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды.  Екінші орынды елордалық – Астана қаласының командасы (159 балл) иеленді. Жүлделі үшінші орынды – 143 балл жинаған Абай облысының қомандасы қанжығасына байлады.

Дәл осы спартакиадаға қазылық ету үшін жиналған шетелдік сарапшылар шымкенттегі жедел жәрдем қызметін жоғары бағалады. Өзбекстан, Қырғызстан, Германия, Италиядан келген сарапшылар мен еліміздің  әр өңірінен келген медицина қызметкерлері мегаполистегі жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы сall-орталығының жұмысымен танысты. Айта өтейік, халықаралық стандарттарға сай жаңартылған 103 орталығы – еліміздегі үздік мекемелердің бірі. 103 қызметіне түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қаладағы жедел жәрдем қызметін үйлестіру жақсы жолға қойылған деп айта аламын. Мұндағы симулициялық орталықта халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерін тегін толықтай меңгеріп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бар. Бұл оқыту орталығының ерекшелігі – тек медицина мамандары ғана емес, түрлі апатты жағдайдағы шақыртуға баратын төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер, ұстаздар және басқа сала мамандары шұғыл және өмірге қауіп төндіретін жағдайларда алғашқы көмек көрсету бойынша үйрене алады. Орталықтағы жаттықтырушылар АҚШ кардиологиялық қауымдастығындағы білікті мамандардан тәжірибе жинақтап келген».

Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Ең бастысы, шақыртуға баратын жедел жәрдем көліктерінің барлығы қажет жабдықтармен толық қамтылған.

Басқа аймақтан келген ақ халаттылардың айтуынша, Шымкенттегі 103 қызметінің жұмыс жүйесі жоғары дәрежеде үйлестірілген, өзге өңірлер үшін тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік.

Александр Высоцкий, Ақмола облысының жедел медициналық жәрдем станциясының директоры : «Ақмола облысынан келдік. Шымкенттегі жедел жәрдем көрсету станциясындағы жұмыстарды көріп, жоғары баға бергім келеді. Орталықтықтың медициналық жабдықпен қамтылуы, мамандардың біліктілігі мықты». 

Антонио Гиарделла, Германия қаласындағы “Medical holding” компаниясының директоры: «Біз арнайы Германиядан келдік. Шымкенттегі сall-орталықтың заманауи үлгіде екенін көрдік. Ең бастысы мұнда техникалық жабдықтармен, цифрлық жүйенің жақсы дамығанын байқадым. Мамандардың жұмыс істеу тәжірибесі жоғары деңгейде”.   

 

 

Яндекс.Метрика