
Шымкент қаласының «Елтай» тұрғын алабында көптен күткен 650 орындық жаңа мектеп ашылды.
Бұған дейін елді мекеннің 600-ден астам оқушысы 4 шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектептеріне қатынап оқитын. Мектеп ғимараты заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек қатысты.

Жеке инвестор салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және тегін, оқушыларды тасымалдау үшін де арнайы автобус қаралған. Мемлекет бағдарламасы балаларымыздың сапалы білім алуы үшін өте тиімді.
Ақмарал Көмекқызы, мектеп директоры: “Біздің мақсатымыз — тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQaanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады. Мұнда біз тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де білімін арттырып отыруға көңіл бөлеміз”.

