2024-07-27

ШЫМКЕНТ СПОРТШЫ ҚЫЗДАРЫН ҚАРСЫ АЛДЫ

Шымкенттік жас спортшы бокстан әлем чемпионы атанды. Испанияда өткен жарыста жерлесіміз 4 кездесу өткізіп, қарсыласын айқын басымдықпен тізе бүктірген. Елге оралған Элина Базарованы жанкүйерлері мен туыстары ерекше қуанышпен салтанатты түрде қарсы алды.
Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшысы Элина Базарова 54 келіде әлемдік сайыстың жеңімпазы атанған болатын. Сондай-ақ, эстетикалық топтық гимнастикадан Грацта (Австрия) өткен Әлем чемпионатында шымкенттік «Кармелиты» командасы 3-ші орынды иеленді.
Бүгін қос сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шымкент қаласының әуежайынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, спорт мектебінің басшылары жеңімпаздарды құттықтап, құрмет көрсетті.
— Испаниядан және Австриядан жеңімпаз және жүлдегер болып оралған спортшылар қала тұрғындарын қуантып жатыр. Осындай жеңісті сәттер жастарды жігерлендіреді. Осы жеңістер алдағы үлкен додаларға жол ашсын. Шымкент қаласының спортшыларынан алдағы жарыстардан зор үміт күтеміз, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Элина Базарова әлем чемпионатында төрт кездесу өткізіп, бәрін де айқын басымдықпен жеңді. Финалда германиялық Куцохристоу Крисовалантудан басым түсті. Қазақ елінің боксшылары 7 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді.
Элина Базарова, бокстан әлем чемпионы: “Барша қазақстандықтарға қолдағанына алғысымды білдіремін. Мені қолдаған Заңғар ағайыма рақметімді айтамын. Финалда германдық қызбен шықтым. Өздеріңізде білесіздер финалға осал спортшы шықпайды. Оңай болған жоқ, бірақ аса басымдылықпен жеңіп шықтым”.
9 жылдан бері былғары қолғапты жанына серік еткен Элина шаршы алаңда жапондық аруды 5:0, индиялық спортшыны 5:0, Голландиялық қарсыласын 3:2 есебімен жеңген. Ал финалдық кездесуде Германиялық спортшыны 2 рет нокаутқа түсіріп, 5:0 есебімен, айқын басымдықпен жеңіске жеткен.
Айта кетейік, әлем чемпионатына 73 мемлекеттен 597 спортшы қатысқан. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын 24 спортшы қорғады. Соның бірі де бірегейі шымкенттік ару Элина Базарова чемпиондық титулға ие болды. Ал эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында Элина Кан, Саида Патшахан, Аида Жақсыбек, Сәния Тұрдыбай, Сабина Елубаева сынды жерлестеріміз өнер көрсетті.
Яндекс.Метрика