БІЛІМНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Бірде хазіреті Алиге он шақты яһуди келіп, бір сұрақ берейік, егер ол шын саңлақ болса, он түрлі жауап тауып сөйлер деген. Сонымен күндердің күнінде жаңағылар хазіреті Алиге:
– Ғылым артық па, әлде мал артық па? — деп оқыстан сұрақ қойыпты.
Сол мезетте Али:
— бірінші, ғылым артық. Өйткені ғылым – пайғамбарлардан қалған мирас, ал мал – перғауын мен Қарынбайдың мирасы.
— екінші, ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың.
— үшінші, ғылымның досы көп, ал малдың дұшпаны көп.
— төртінші, ғылымды жұмсасаң арта береді, малды жұмсасаң азая береді.
— бесінші, ғылым саған құрметті атақ береді, ал мал сараң деген атақ қалдырады.
— алтыншы, ғылым өзін-өзі сақтайды, ал малды үнемі бағу күту керек.
— жетінші, ғылым қиямет күні иесіне шапағатын жасайды, ал мал иесіне қисапсыз жауап бергізеді.
— сегізінші, ғылым тозбайды, жоғалмайды. Мал болса, қолдың кірі, өледі жоғалады.
— тоғызыншы, ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады, ал мал масаттандырады, болған үстіне бола түссе екен деп дүниеқоңыз етеді.
— оныншы, ғылым Аллаһқа зекет, тауһид, ғибадат қылады, ал мал иесінің көңіліне тәкәппарлық салады — деп, тапқырлық танытыпты.
Кішкентай деп немқұрайлы қарама
– кішкентай дененің ішінде көбіне үлкен рух болады;
– кішкентай балықтар өте дәмді болады;
– майда отын отты күшейтсе, үлкен отын сөндіреді;
– әр майда нәрсе міндетті түрде бір іске жарайды;
– үлкен заттар майда бөлшектерден құралады;
– нөсер майда тамшылардан басталады;
– кішкентай сабан желдің бағытын көрсетеді;
– үлкен кеменің батуына кішкентай тесік себеп бола алады;
– кішігірім әрекетпен бастама жасамай үлкен нәтижеге жету мүмкін емес;
– кішкентай бір сөзден шыққан ғайбат үлкен сауаптарды жоқ қылады.
Файзулла ТАЙТАЛИЕВ.
Leave a Reply