Сапарымыз Шарбақтымен көрші жатқан Үспен ауданында жалғасты. Аудан әкімі Н. Мақашев мырза біздің топты құшақ жая қарсы алып, Оңтүстіктен қоныс аударған ағайынмен жүздестіріп, шаруашылықтары жайлы сөз қозғады. Басқасын былай қойғанда, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылынан қоныс аударған азаматтардың өзі жиырма шақты отбасы, бір ауыл болып қалыпты. Содан болар, Константиновка ауылын тұрғындар ауызекі «Жаңа Қарабұлақ» деп атай бастапты. Өзін Толқынжан деп таныстырған кісі бұл өңірге қол сөмкемен келгенін, бүгінгі таңда қара малының саны 600 бастан асқанын сөз етті. Ал, «Кәрім» дейтін фермерлік шаруашылықтың жетекшісі Зүрият Мәуленов деген жігіт болса, 3,5 гектар алқапқа тамшылатып суару тәсілімен картоп өсіріп, 100 тоннадан астам өнім алып отыр. Түбі қарабұлақтық, қазіргі константиновкалық азаматтар биыл тәжірибе үшін деп бірнеше гектарлық алқапқа кәдімгі қарбыз бен қауын егіп көріпті. Жемісі павлодарлық тұрғындардың жеңсік асына айналып, аудандарда өтіп тұратын жәрмеңкелердің өтімтал тауарына айналыпты. Қарабұлақ демекші, осы Үспен ауданының жалпы халық саны 12 мың адам ғана екен, ал біздің облыстағы бір ғана әлгі Қарабұлақ ауылы тұрғындары саны қанша екенін білетін боларсыз. Салыстырудың өзі қызық. Осыдан-ақ солтүстік өңірлердегі мүмкіндіктер мен бәсекенің аздығын есептей беріңіз.
Павлодар өңіріндегі келесі күнгі сапарымыз Аққулы ауданында жалғасты. Аудан мәслихатының хатшысы А.Қасымова қарсылап, оңтүстк өңірлерден келген азаматтардың жұмысқа жайғасуы, тұрғын үймен қамтылуы жайын көрсетіп, топ бастап жүрді. Мұнда Түркістан қаласының «Оралман» шағынауданынан көшіп келген Қ.Шінәсіл деген азамат аудандық өнер мектебінде ақындық үйірме жүргізіп жүрумен қатар, дүкен, көлік жөндеу орталығын ашып, қосымша кәсіп ашып отыр екен. Ал, оның келіншегі Л.Мұрат болса, аудандық ауруханада терапевт болып қызмет атқарып жүр. Осы бір ғана аурухана мен поликлиникаға оңтүстік өңірінің 4 маман дәрігер жұмысқа орналасқан екен.
— Біз бұл жаққа Оңтүстіктен Солтүстікке көшу бағдарламасымен Түркістан қаласынан келгенбіз. Бізден өзге де Түркістан жақтан келген кісілер баршылық, олармен араласып, хабарласып тұрамыз. Бұрындары жас маманға ғана баспана беретін, қазір көшіп келген отбасыларға арнайы квотамен үй беретін болды ғой. Мысалы, бағасы 6 миллион тұратын баспана алғыңыз келсе, көші-қон бағдарламасымен соның жартысын мемлекет төлеп береді. Мұнда келген азаматтарға да мамандығына сәйкес жұмысқа орналастырады. Біз алғаш келгенде квота 75 мың теңге ғана болатын, қазір оның мөлшері өскен, қомақты,-дейді Лиза Мұрат.
Сондай-ақ, Аққулыға ертерек көшіп келген нағашы, туған-туысын сағалап кеп, оңтүстіктен солтүстікке көші-қон бағдарламасы жайлы естіп, үйлі-жайлы болып жатқандар да бар екен. Соның бірі жетісайлық Е.Палуанов деген жас фельдшер. Ержан бұл жаққа отбасы, бала-шаға, ата-анасымен бірге келіпті. Оның айтуынша, ол алдымен Астана шаһарына барып жұмыс істеп көрген, ол жақта баспаналы болу қиын, ал мына жақта оңайға түсті деп отыр.
Leave a Reply