Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде жүзеге асатын саяси реформалардың негізгі бағыт-бағдарын, оның ішінде, сайлау жүйесіне енгізілетін өзгерістер жайлы баяндаған болатын. Атап айтқанда, Президент Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын аралас жүйе арқылы өткізуді ұсынған болатын.
Тәуелсіздік тарихына көз жүгіртсек, 2007 жылы Қазақстанда конституциялық реформа жүргізіліп, Мәжіліс депутаттары пропорционалды жүйемен сайланатын болып шешім қабылданған еді. Кейінірек мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін бергенімен, кері тұстары да байқалғанын жеткізді.
Президент өз сөзінде: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», — деген еді.
Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылы еліміздің сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес бұдан кейін Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалдық, ал, 30 пайызы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Яғни, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, қалған 30 пайызы бір мандаттық округ бойынша сайланады. Бір мандаттық округтер бойынша азаматтар өзін-өзі кандидат ретінде ұсыну мүмкіндігіне ие.
Дәл сол секілді облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардың мәслихат депутаттарының 50 пайызы, ал, аудандық және облыстық маңызға ие қалалардың мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады.
Саяси реформалардың маңызды бағыттарының бірі – жаңа партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі. Партия ашу үшін қажет мүшелерінің саны әуелі 40 мыңнан 20 мыңға дейін, одан кейін тағы 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқартылды. Ал бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылды. Әр өңірде болуы тиіс мүшелерінің саны да 600-ден 200-ге дейін қысқартылып отыр. Яғни, талаптар едәуір жеңілдеді. Соның нәтижесінде елімізде жаңадан 2 саяси партияның тіркелгені белгілі.
Сонымен биыл наурыз айында елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл еліміздің болашақ даму бағытын айқындаған аса маңызды саяси науқанға айналды деп. Мемлекет басшысы жүргізген саяси реформаның нәтижесінде еліміздегі әрбір сайлаушы ел тағдырына жауапты екенін сезіне отырып, сайлауға белсенді түрде қатысты деп айта аламыз.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, биыл наурызда өткен сайлауды елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың іс жүзінде қолданысқа енгізілген тұсы деп айтуға болады. Өйткені, саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын арттыру болса, бұл сайлау үдерісі арқылы сол мақсат толықтай жүзеге асты деп айтуға болады.
Қорыта айтқанда, биылғы сайлаудың басты ерекшелігі аралас сайлау жүйесінің енгізілуінде болды десек, бұл өз кезегінде бір мандатты округтерде өткен сайлаулар арқылы жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашты. Сонымен қатар пропорционалды жүйенің де сақталып қалуы саяси партиялардың рөлін жоғалтпай, еліміздегі саяси институттардың дамуына да мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, елдегі сайлау жүйесінің дамуы саяси жүйенің түбегейлі жаңғыруына және қоғамды демократияландыруға жол ашатыны анық.
Мемлекет басшысы жүргізген саяси реформалардың нәтижесінде елімізде шын мәніндегі көппартиялы Парламент қалыптасты. Мәжіліске «AMANAT», «Ауыл» ХДПП, «Respublica» партиясы, «Ақ жол» ДП және ЖСДП секілді 6 партия өкілдерінің сайлануы және олардың парламенттік оппозиция институтына берілген заңды өкілеттіліктерді белсенді түрде пайдалануы – күн тәртібіндегі әрбір мәселенің ашық әрі қызу талқылануына, өткір әрі өзекті депутаттық сауалдардың жолдануына, заң жобаларының егжей-тегжейлі, мұқият қаралып, сапалы заңдардың қабылдануына жол ашып отыр. Осындай саяси бәсекелестік, ашықтық пен жариялылық барлық деңгейдегі мәслихаттарда да байқалып отыр. Түптеп келгенде мұның барлығы ел дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына әсер ететіні сөзсіз.
Қайырбек ҚҰНАНБАЕВ,
Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Leave a Reply