Бүгін Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында «Ата-баба дәстүрі – тәрбиенің бастауы» атты байқауы өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі.
– Түркістан – Түркі әлемінің бойтұмары, Қазақ халқының мақтанышы. Түркістан – қазақылықтың қаймағы сақталған өңір. Салт-дәстүр – әр ұлттың байлығы. Ал қазақ халқының ұлттық болмысы, рухани мұралары – біздің баға жетпес қазынамыз! Ал бүгінгі байқау – сол мұраларды ұрпаққа насихаттайды. Сондықтан бұл сайыста ешкім жеңілмейді, Қазақ руханияты жеңеді деп ойлаймын! Біздің аға буын өкілдері, қоғамдық ұйымдар, соның ішінде «Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі елдің назарын аударған бірқатар жобаларды жүзеге асырып, игі істерге бастамашы болып келеді. Өңірдегі барлық 17 аудан, қала да өтіп, жеңімпаздарын анықтаған бүгінгі байқау, бұған дейін Түркістан қаласында ғана өтіп келген. Енді облыстық деңгейге көтеріліп, барлық аудан, қаланы қамтып отыр. Негізгі мақсат – ұмыт қалған салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, шешендік сөздердің қуатын ұрпақтың бойына сіңіру. Осы маңызды бастаманы жүзеге асырған азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін! Салт-дәстүрімізді дәріптейтін осындай жобалар көп болып, ұрпақ санасы серпіле берсін!, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қатысушы 17 команда екі кезең бойынша бақ сынады. Әр команда дәстүрден үзінді көрсетті. Ата-бабамыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, бабалардың өсиет сөздерін, қазақ халқының шешендік өнерін, кесімді шешімдерін, бойларына біткен өресі биік қасиеттерін толыққанды көрініс барысында таныстырды. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі 1-орынды Сайрам және Сауран ауданы, жүлделі 2-орынды Түркістан қаласы, Сарығаш пен Қазығұрт ауданы, жүлделі 3-орынды Төлеби мен Мақтаарал ауданы және Кентау қаласы иеленді.
Айта кетейік, байқау мақсаты – Кеңес одағы орнаған 70 жыл ішінде ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрі мен ұрпаққа қалдырған қасиетті аманаттарына (мейірімділік, әділдік, адалдық, отанына-ұлтына деген махаббат, ата-анасына деген құрмет, кішіге деген ізет т.б) қайта тыныс беріп, жастарға көрсету.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Leave a Reply