Тіл –ұлттың қуаты

Әр адам шыр етіп дүниеге келгенде анасынан сезінетін мейірім-махаббаты ана тілінде берілетіндіктен, сол тіл ана сүтімен бірге бойға дарып, қашанда жүректі жылытып тұрады. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» демекші, әлемдегі небір зұлымдықты тоқтататын да, жамандықты жақсылыққа айналдыратын да қызыл тілдің құдіреті. Сүтпен сіңіп, қанмен берілген тіл – ана тілі болып саналады. Әлемнің сан тілін білсең де, өз тілін құрметтеу, ең алдымен адамның ішкі мәдениетін, отбасындағы тәрбиесін көрсетеді. Жазба тілі жоқ заманда да адамдар ғасырлар бойғы тарихты бір-біріне тіл арқылы ауызша таратқан. Осыдан кейін, тілдің құдіретін, тілдің қасиетін қалайша сезінбейсің.

Тіл-ұлттың жаны. Өйткені тілі өзгерген халықтың генетикасы да өзгере бастайды екен. Қазақ тілі шұрайлы. Көркем, сұлу, сырлы сөздерге бай. Біз сүйінші хабарды да, жаманат хабарды да жәй сөзбен емес, астарлап жеткізіп, кісінің көңілін табу үшін алдымен сөз саптауымызға мән береміз. Осыдан –ақ біздің иманымыз, тәрбиеміз, қонақжайлығымыз, басқа да қасиеттерімізді бағамдай беруге болады. «Адамға екі нәрсе тірек тегі, Бірі –тіл, бірі –ділің жүректегі» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез-келген мемлекеттің , елдің ең негізгі  рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Өздеріңіз де білесіздер,  Еліміз Тәуелсіздігін алып, өз алдына мемлекет болып қалыптасқаннан кейін   1997 жылы 11 шілдеде  «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы қабылданды. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірнеше құжат қабылданды.  Ия, «Тіл ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» демекші, анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ардақтау –бүгінгі ұрпақтау парызы, борышы деп білемін.  Ендігі жерде қазақ тілінің беделін көтеру, жоғын жоқтап, бұған дейін жіберілген олқылықтың орнын  толтыру өз қолымызда.

Шымкент қалалық Полиция департаментінде құжат айналымы толықтай қазақ тілінде жүргізіледі, іс-шаралар мен жиындар мемлекеттік тілде өтеді. Полиция қызметкерлері арасында 10-нан астам өзге ұлт өкілі болса, оның барлығы дерлік ана тілімізде сөйлейді. Қазақ тілін білуге деген ынта-ықыластары зор.

Сонымен қатар, республика бойынша жыл сайын «Парасатты полицей» байқауы ұйымдастырылады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді дамыту, қолданыс аясын кеңейту, өзге этностар  арасында қазақ тілін насихаттау, ұлттық салт-дәстүрімізді  дәріптеу мақсатында өткізілетін байқаудың маңызы жоғары.15 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі шараға біздің қызметкерлер де белсене қатысады. Шымкент қалалық Полиция Департаменті қызметкерлерінен құралған «Мегаполис» командасы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Біз, полиция қызметкерлері күн сайын тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктен, тіл тазалығына, сөйлеу мәдениетіне, қоғамдық тәртіпті сақтауда сабырлы әрі төзімді болуға дағдыланамыз. Заң талаптарының орындалуын қадағалау, азаматтардың құқықтарын, қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етеміз.

 

Алмас ӘМЗЕЕВ,

Шымкент қалалық Полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика