Максим РОЖИН: ТҮРКІСТАН – БІЗ АРМАНДАП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ КІШКЕНТАЙ МОДЕЛІ

Максим РОЖИН, журналист, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Тәуелсіздік пен тіл егіз ұғым. Болу керек еді. Кейде, мемлекеттің тәуелсіздігі – тілдің өмір сүруі үшін берілген мүмкіндіктей көрінеді. Тілі еркін емес мемлекеттің несі тәуелсіз? Жақында интернет әлемінде Берік Әбдіғалиұлының сұқбаты жарияланып, «Тұрақтылық үшін тілімізді құрбан еттік» деген пікірі тарап кетті. Жаны бар сөз.

Өткен аптада Түркістанда қазақ тілінің жанашырлары құрылтай ашып, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының жаңа бағытын айқындап, басшылығын да жаңартып алған. Оған еліміздің мемлекеттік хатшысынан бастап, қоғам және мемлекет қайраткерлері, игі жақсылары қатынасты. Жоғарыда біз екпін берген пікір иесі Б.Әбдіғалиұлын ұйымның президенттігіне сайлаған. Сол ауыс-түйістің сапында халықаралық қоғамның вице-президенттігіне келген Максим Рожин де бар.

Максим мырзаға жолығып, біршама мәселелердің басын шалған әңгіме-дүкен құрып едік. Бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да осы тәуелсіздік, қазақ тілі мен мәдениеті және оның болашақтағы жағдайы тақырыптарын ықшамдап қозғап отыр.

«ЕЛ ІШІНДЕГІ ӨЗ МӘСЕЛЕМІЗДІ ШЕШЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕ ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚҰЛДЫРАП БАРАДЫ»

– Максим мырза, өткен аптада ғана Түркістанда өткен тіл жанашырларының құрылтайында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті болып сайландыңыз. Бұл – қоғамдық жұмыс болар. Қазақ тіліне қатысты қоғамдық шараларды бұл орынға келмей тұрып-ақ атқарып жүр едіңіз. Ендігі әрекетіңіз қалай өзгереді?

– Иә, бұл – қоғамдық жұмыс.

Мен Оңтүстік өңірге жиі келіп тұрамын. Мұнда қазақ тіліне мәселе деп қарамайды. Бәрі қазақша деп айта аламын. Мемлекеттік қызмет, іс жүргізу, хат алмасу, бәрі қазақша. Кеше бірқатар журналист әріптестер «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының жиыны неге Түркістанда өтті?» деп сұрап жатыр. Өйткені, Түркістан – біз армандап жүрген Қазақстанның кішкентай моделі. Қазір біз қазақ елінің барлық өңірінде құжат айналымы қазақ тілінде қалыптасса, барша ұлт өкілдері қазақша білмесе де (білсе дейміз, әрине), түсінетін жағдайда өмір сүрсе деп армандаймыз. Ал, Түркістан облысында оның бәрі бар. Сондықтан да, «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы күллі түркінің мәдени астанасында өткен болар.

Бұл құрылтай соңғы 10 жылдан бері бірінші рет өтіп отыр. Негізі, 5 жыл сайын өтіп отыру керек еді. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы тәуелсіздік алған жылдардан алдын құрылған. Мақсаты да үлкен еді. Соңғы 10-12 жылда оның жұмысы баяулап қалды. Бұл қоғамның негізгі мақсаты, ел ішінде ғана емес, шетелдердегі қандастарға да көмектесу арқылы қазақ тілінің деңгейін көтеру. Мысалы, мен білетін Алтай қазақтарына сондай жәрдем қажет-ақ. Кешегі құрылтай өтіп жатқан сәттің өзінде Орынбор, Омбы, Еуропа, Түркия қазақтары хат жазып жатты. Олар көрнекі құрал-жабдық, кітап, ақпарат сұрайды. Сондай мысалдардың бірі, Астраханның қазақтары қазақша білмейді. Әйтпесе, жанында ноғай мен татарлар тұр, олар өз тілін сақтап қалды. Былайша, ноғайдың тілі салыстырмалы түрде сол қазақтың тілі ғой. Біз ел ішіндегі өз мәселемізді шеше алмай жүргенде шетелдегі қазақ тілінің жағдайы құлдырап барады. Қоғам халықаралық болғасын, бірінші орында осы мәселе тұр.

Екінші мәселе, кешегі басқосуда көтерілді, елімізде жүрген тіл жанашырларын қорғай алмай жүрміз. Құдай сақтасын, алдымызда бұдан да күрделі мәселелер тұр, оларды қалай шешеміз? Бұл ойды Б.Әбдіғалиұлы айтты. Демек, қазір тілдің айналасында жүрген, әсіресе Қазақстанның орталығынан солтүстігіне қарайғы аймақтағы тіл жанашырларының бүкіл күшін біріктіріп, бір жөнге келтіріп алсақ.

– Студент кезімізде шетел тілдерін оқитын курстастарымыз «Француз үйі» секілді коммерциялық мекемелерге барып, тәжірибе алып жүретін. «Француз үйі» дегендей ұйымдар тек парфюмерия заттарын сатумен ғана айналыспайтынын, француз тілі мен мәдениетін шетелдерде насихаттаушы қызметін атқаратынын сол кезде ұғып ек. Сөзіңізден ұққаным, «Қазақ тілі» қоғамы алдағы уақытта сондай да қызметтерді реттей ала ма?

– Ондай «Қазақ үйлерін» ашу жақын арада жүзеге аса қоймас. Дегенмен, қазақ тілі мен мәдениетін таратуға ынталы қазақ мецанаттары, кәсіпкерлері шығып жатса, әлбетте қолдау білдіруден қаша қоймаспыз. «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан шетелдердегі қазақ диаспораларын қолдау, балаларын оқыту, құрал-жабдықпен қамту, әдістемелік жәрдем жасау секілді тірліктер атқарыла береді.

– Берік Әбдіғалиұлы «Тіл туралы» заңның түзетіліп жатқанын, комиссия құрылатынын айтып қалды. Оның сөзіне сенсек, бірқатар жағымды жаңалықтар енетін секілді.

– Әрине, бүгінде тілдің айналасындағы басты мәселе – «Тіл туралы» заң. Жаңадан күшіне енетін заңның талаптары күшіне енер болса, қазіргі біз мәселе деп қарап жүрген нәрселер бірте-бірте шешілу керек.

Қазір біршама азаматтар жүргізіп жатқан жұмыстарды жүйелеп, мемлекетпен байланыса отырып атқаратын шаруалар да бар. Мысалы, кешегі жиында «Мемлекеттік тіл комиссиясы» құрылатыны айтылды. Комиссия құрылады деген сөз –  мемлекет мәселелерді қоғам белсенділерімен талқылап, белгілі бір деңгейде келісімге келуге ниеті бар деген сөз.

Қазақ тілінің мәселесін шешуде Үкімет тарапынан жіберіліп кеткен қателіктер болғанмен, қоғамның да өз кемшілігі болып тұр. Қазір бізге үйде қазақша сөйлеуге ешкім тыйым салып жатқан жоқ қой. «Қазақ мектебіне балаларыңды бермеңдер!» деп жатқан да ешкім жоқ. Өзімізден, яғни қоғамнан да бар. Қазақ тілінің мәселесін бір Үкіметке артып қоя салу қателік. Егер, 50/50 десек, мәселенің жартысы қоғамның қателігі дер едім.

«ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕП, ҚАЗАҚША ҚҰЖАТ ЖАЗЫП БАСТАМАЙЫНША, ЕЛІМІЗДЕ ТЫҢ СЕРПІЛІС БОЛУЫ ҚИЫН»

Соңғы кездері Шымкенттің өзінде баласын орыс сыныптарына беретіндердің саны артыпты. Бұл қазақ тілінің ертеңіне сенім азайғанын білдіре ме, әлде баяғы білім сапасын сылтау ететін сөздің ықпалы ма?

– Жоқ. Мен көбіне сондай пікірдегі азаматтармен сөйлесіп қаламын. «Қазақ сыныптарындағы білім сапасы нашар» дейтін сылтау, бұл – баяғы Кеңес заманынан келе жатқан стереотип. Қазір жоғары оқу орнына ең жоғары балл алып жатқан талапкерлердің көбі қазақ топтарына түсіп жатыр. Білім саласының сайыстары, халықаралық олимпиадаларында жүлделі орындарынан көрініп жүрген балалар да қазақ мектебінің оқушылары. «Қазақ мектебі жаман» деген стереотиптен қашан айырыламыз?» деп О.Асанғазы апамыз да айтып еді.

Кеше Шымкентке келген сәтімді пайдаланып, сыныптасыммен кездестім. Сөйтсем, оның баласы орыс мектебіне барады екен. Себебін сұрасам, «балам орыс тілін ұмытпасыншы деп бердім, бірақ ЖОО-на түскенде қазақ тобына беремін. Балам Шымкентте тұрып орысша білмей қала ма деп қорқамын» дейді. Яғни, менің түсінгенім, қазақша білетін бала орысша да үйренсінші деген мақсат. Ал, солтүстікте бөлек жағдай. Бір отбасын білемін, орыс отбасы өзінің балаларын қазақ мектебіне апарады. Солардан сұрадым, «өздерің қазақша білмейсіңдер, балаң қазақ мектебіне барады, оның үй тапсырмасын қалай орындап жатсыңдар?» дегенімде қазақша білетін репетитор жалдайтынын айтты. Бастысы, «балам қазақша білсінші» деген ниетте. Осындай жайттарды саралағанда, менің ойымша, қазақ-орыс тілділер арасында осындай ара салмақ, баланстық жағдай болып тұратын сияқты.

Фейсбук әлеуметтік желісінен «Қазақ тілі даму үшін биліктің өзі қазақша сөйлеу керек» деген пікір көріп қалдық. Бұған не дейсіз?

– Жүз пайыз келісемін. Өйткені, қарап отырсаңыз, «Үкіметтің пәленше отырысы қазақша өтеді», «Депутаттардың түгенше бас қосуы тек мемлекеттік тілде жүреді» деп қаншама уәде берілді. Жарайды, өтіп те жатқан шығар. Бірақ, құжат айналымы реттелген жоқ қой. Жасалатын заң жобаларының көбі орысша жасалады. Шығатын үкімнің де жағдайы сол процесс. Бұл жерде мына нәрсені баса айтып кету керек: құжат бойынша екі тілде шығады, бірақ түпкі жасалатын тілі орыс тілі ғой. Содан кейін ғана барып қазақшаға аударылады. Аударылады! Аударылғанда да шалажансар кейіпте. Жасалатын құжат алдымен қазақша шығып, одан кейін орысшаға аударылса да ешкім ешнәрсе демес еді-ау, тіл туралы заңдық норманың өзі іске аспай тұр ғой.

«Қазақ тілі даму үшін биліктің өзі қазақша сөйлеу керек» дегенмен 100 пайыз келісетін себебім де сол. Үкімет, билік қазақша сөйлеп, қазақша құжат жазып бастамайынша, елімізде тың серпіліс болуы қиын.

Екі президенттің де тілге қатысты айтқан сөздеріне ешкімнің де айтар дауы жоқ, иә? Екеуі де қазақ тіліне қатысты сөздерің естіп, оқып жүрсіздер. Мысалы, мен қазақша да, орысша да түсінетін адаммын. Екі президенттің қазақша айтқан месседждерін, әм орысша айтқан месседждерін түсінемін. Ал, қазақша білмейтін адам не тыңдайды? Қазақша білмейтін адам «Русский язык нам нужен. Он – язык межнационального общение. Его мы должны знать» деген сөзін ғана тыңдайды. Ал, қазақшасын ол түсінбейгендіктен мән бермейді. Сосын орыс тілді баспасөз сол сөзге екпін бере ақпарат таратады. Қазақша месседжін тыңдаса, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Әр азамат оны ілуге міндетті» деген сөзін естір еді. Еліміздің екі тілдегі баспасөз қызметтері арасында үлкен жарық бар секілді бөлініп кете беруінің себебі де сол. Меніңше, қазақ тілінің мәселесі жайында орысша көбірек айту керек сияқты. Ал, орыс тілінің Қазақстанда қандай мәселесі барын мен айта алмаймын.

Өткенде Ресей саясаткерлері Қазақстанда орыс тіліне қатысты ксенофобия бар деп айтып қалды. Мен айтар едім, ксенофобия бар. Бірақ ол ксенофобия қазақ тіліне қатысты. Қудаланып жатқан, мәселе шегіп жүрген, зәбір тартып жатқан – қазақ тілі! Орыс тілі қандай ксенофобия көріпті? Орыс тілінде мыңнан астам мектеп бар бізде, ал Ресейде қанша қазақ мектебі бар? Жоқ! Бір ғана қазақ мектебі болған, Алтайдағы Қосағашта. Оның өзін жауып тастады.

«ЖАҚЫН ЖЫЛДАРЫ ӘРБІР САЙЛАНАТЫН, ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІ «ҚАЗТЕСТ» ТАПСЫРУҒА МІНДЕТТЕУІМІЗ КЕРЕК»

Келесі жылдан бастап аудан әкімдері сайланатын болды. Сол сайлауға қатысатын кандидаттарға қойылатын талаптар қатарына мемлекеттік тілдің емтиханын қосу жайында жаңалық бола ма?

– Мен сізге соңғы жаңалықты айтайын. Кеше құрылтайда осы сауалды О.Асанғазы апамыз ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевқа қойды. «Біздің президент, елдің сайланатын президенті қазақшадан емтихан тапсырып жатқанда, оның қасында әкімдер кім? Олар президенттен жоғары емес шығар? Олар неге мемлекеттік тілден емтихан тапсырмайды?» деді.

Одан тыс, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының жаңа сайланған президенті Б.Әбдіғалиұлы да былай деді: «Біз жақын жылдары әрбір сайланатын, тағайындалатын мемлекеттік қызметкерге «Қазтесттің» еш болмағанда А-1 деңгейіндегі емтиханның 800 сұрағын тапсыруға міндеттеуіміз керек» деді. А-1 деңгейі дегеніміз ең төменгі, мектептегі деңгей ғой. Тым болмаса мектеп қабырғасындағы бағдарламаны білсінші деген талап. Сонда, қазір бізде тіл білу туралы тіпті талап та болмай тұр ғой. Бұның шешімі, сол талапты мектепке емтиханына міндетті деңгей ретінде енгізуіміз керек та, болашақта мемлекеттік қызметке келетін болсаң, С-2 деңгейінде білуің керексің деуіміз қажет.

– Айтылатын әңгіме көп. Дегенмен, оның бәрін қамту мүмкіндігіміз шектеулі. Сұқбатымызды осы жерден тізгіндейік. Әңгімеңізге рақмет! Істеріңізге табыс тілейміз!

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Шымкент қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика