Ұстаз болу-адамды әлемдегі барлық жақсылыққа баули білу деген сөз. Мұғалім — білім көзі, тәрбие анасы. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады»,- деп айтқан ұлы ақын Абай Құнанбаев. Жалпы білім беру жүйесіндегі басты тұлға — мұғалім.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет, қоғамда жасы да кәрісі де орыс тілінде сөйлейді. Мектеп қабырғасындағы шәкірттердің ана тілдік қорлары өте аз, себебі ата-аналары үйде балаларымен орыс тілінде сөйлеседі, сондықтан оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында «диалогтік оқыту» тәсілін басшылыққа алдым. Ойымды жүйелеп жеткізер болсам, қазіргі дамыған заманда адам зейінін ұстап қалу – ең маңызды дүниенің бірі. Яғни, адамдарды қызықтыру, олардың назарын аудару — басты құндылыққа айналып отыр. Күнделікті өміріміздегі тіршіліктен мысал келтіре отырып түсіндіруге әрекет жасайын. Кешкісін үйге келіп, қолыңызға теледидар пультін алып, арналарды алмастырып келе жатырсыз. Осы сәтте бастапқы секундтарда өзіңізді қызықтырған бағдарламаға немесе бейнесюжетке тоқтап, көруді жалғастырасыз. Бірінші — назарыңызды аударып, қызығушылығыңызды оятты, содан соң бейнематериалды соңына дейін қарап мән-мазмұнын түсіндіңіз. Яғни, адам өмірінде зейіннің алатын орны зор. Әсіресе, таным процесінде, білім алу ісінде маңызы ерекше. Шәкірттің сабақты түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, тапсырманы орындауда қате жіберуі оған дұрыстап зейін қоймаудан болады. Ал, оқушыны білімге құштар ету, жаңашылдыққа құмар етудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Оның ішінде мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде — диалогтік оқытуға тоқталғымыз келеді. Сабақ барысында жұптық тәсілде оқушылар арасында жүргізілген диалог балалардың қызығушылығын, танымын арттырады. Өз тәжірбиемнен «мұғалім-оқушы», «оқушы-оқушы» арасындағы диалог пен әңгімелесу жақсы нәтиже беретінін іс жүзінде байқадым.
Диалогтық оқытудың екінші тиімділігі — оқушылардың тілдік қорын, бір-бірімен қарым-қатынасын жақсартып, білімдерін кеңейтеді. Авторлық бағдарламамдағы көздеген мақсатым оқушылардың – оқытушы рөліне еніп, бір сәт отбасының қазақша сөйлеуіне атсалысуы дер едім. Әке-шешенің, ата-әженің ана тілімізді жетік меңгеруіне өз балдары ұстаздық етеді. Үйрете отырып – үйрену бала бойына сенімділік сыйлап, қазақ тілінің әр жанұяда жаппай қолданыс аясын кеңейте түсері анық. Бала бойында біліммен бірге мотивацияның қалыптасуы оның арман-мақсатын арттырып, нәтижеге қол жеткізуіне көмектесері сөзсіз. Яғни баланы өз күшіне сенуге шабыттандыру. Ойымды мысалмен нақтылап өтер болса, сіз бен біздің қолымыздағы қарапайым ұялы телефонның кейбір функциясын ересектер балалардан үйреніп жүргені жасырын емес.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда – мектеп-оқушы-ата-ана арасындағы үштік ынтымақтастық байланыс артпақ. Бастысы балаға обьект ретінде қаруды доғарып, оның жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік жасау ойға алған мақсатының бірі. Педагогика саласындағы жеке тәжірибеме сүйене келе, диалогтық оқытудың тиімділігі мол екендігін іс жүзінде көрсетуге талпынып отырмын. Бұл бағдарламаның, оқу процесіне енуі өз тәжірбиесін берері анық. Оқушыларды шығармашылыққа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін диалог әдісімен бойындағы қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда сәтті бағдарламалардың бірі болмақ.
Автор: №23 мектеп – лицейінің директоры Тойлыбаева Жанар Жорақызы
Leave a Reply