Шымшаһардың көркі де, киесі де – Қошқарата өзені. Тыныс-тіршілігі мен тарихы да қатар өрілген. Көне Шымкенттің бар базары осы өзеннің бойында қайнап жатты. Басқасын былай қойғанда, қарт тұрғындар Цитадель маңы, Ескі қала, қазіргі Әйтеке би көшесінің орнында болған базар секілді естеліктер айтады. Мұның бәрі Қошқарата өзенімен байланысып жатыр.
Қала өмірімен осынша қым-қуыт араласып кеткен өзеннің бүгінгі жағдайы қаланың шын жанашырларын алаңдатып отыр. Ардагер сәулетшілер, эколог секілді мамандардан бастап, Қошқарата өзенінен шипа көрген кісілер, зияратшылар, қарапайым тұрғындар да су көзінің жағдайы жайлы сөз қозғап жатыр. негізгі себеп: өзен бастауына тым жақын жерден құрылысы жүріп жатқан 12 қабатты «Medine» тұрғын үй кешенімен тікелей байланысты болып тұр. Бұлақ бастауы маңына мұндай көпқабатты ғимарат салуға болмайды. Мыңдаған тонна құрылыс материалдары бір нүктеге түсіп, өзен басталатын қайнар орналасқан жердің геологиялық қабаттарына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Олай болса, жерасты су жолдарын жауып, су арнасы қашады да, басқа тұстан жарып шығуы мүмкін. «Medine» тұрғын үй кешені секілді құрылыстар жүретін жерлер жан-жақты зерттеуді, әсіресе жер қыртысы мен жерасты су жолдарының жағдайын зерделеуді қажет етеді дейді ардагер сәулетшілер.
Осылайша Қошқарата өзені бастауына қауіп төніп тұр. Алдағы уақытта мұндай көпқабатты ғимараттар саны артып, өзен бойымен өрлей салынбақ. Онда шипалы бұлақтың жайы не болады?
«Байтақ» жасылдар партиясының Шымкенттегі филиалының директоры Қ.Керімбеков Қошқарата өзені мәселесін көтеретінін айтып қалды. Қаланың тыныс-тіршілігі байланған қасиетті бұлақ көзі мен өзен бойы экологиясына алаңдау орынды.
Қошқарата өзені мен оның бастауын қорғаудың бір тетігін бөліссек деп едік. Қазіргі қолданыстағы еліміздің заңнамалары талаптарымен бұл мәселені шешуге болады. Тек, қала басшылығының түйткілді шешуге құнты болса жеткілікті. Қалай дейсіз бе? Жолын көрсетіп берейік.
Басынан бастап түсіндірейік. Бұл Қошқарата бұлағының шипалы қасиеті аңызға айналған. Қала, қала маңы, ел ішінен бөлек, алыс-жақын шетелден де арнайы ат басын бұратын емделушілер көп-ақ. Өзен бастауын қасиетті санап, кие тұтатын, ақтық байлап, зияраттайтындардың қатары да мол. Демек, Қошқарата бастау алатын маңды киелі объект деп қарауға болады. Мұндай табиғи нысандарды қасиетті-киелі жерлердің географиясы түзілген кезде арнайы «табиғи ландшафт» дейтін категориямен қорғауға алынған болатын. Мысалы, Қазығұрт тауы, Ордабасы жотасы, Бектау ата тауы, Бекет ата кешені деп кете беруге болады. Мұндай ерекшеліктерді ескерсек, Қошқарата өзені бастауын да киелі-қасиетті орындар қатарына қосуға болады.
2019 жылдың 26 желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы қабылданған. Қазір барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру және пайдалану нормалары осы заңға негізделген. Ал, осы заңның 5-ші бабында археология, сәулет және қала құрылысы, монументтік өнер құрылыстарымен қоса, киелі объектілер де тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына жататыны айтылған. Демек, киелі жерлерді де мемлекеттік қорғауға алуға болады. Ол үшін археология немесе реставрациялауға лицензиясы және аккредитациядан өткен сертификаты бар ұйымдарға ғылыми сараптама жасатып, қорғау аймақтарын сызып алу керек. Соның негізінде мемлекеттік қорғалуға жататын Шымкент қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері қатарына киелі объект ретінде енгізілу қажет. Сонда ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі №86 бұйрығымен бекітілген ескерткіштің қорғау аймақтарына сай қорғалуға жатады. Ол бұйрықтың талабына сәйкес, бұлақ көзінен бастап жалпы 120 метр (оның шінде 40 метр қорғау аумағы, оның сыртынан 40 метр құрылыс салуды реттеу аумағы, оның сыртынан 40 метр табиғи ландшафты қорғау аумағы) құрайтын территория пайда болмақ. Бұл деген сөз, қазір құрылысы жүріп жатқан «Medine» тұрғын үй кешені тұрған жердің бәріне құрылыс салуға болмайтын норма қалыптасады деген сөз. Осылайша, Қошқарата өзенінің бастау алатын бассейні толығымен берік қорғанның ішіне өтеді.
Қазіргі Шымкент қаласының аумағынан бастау алатын 2 өзен бар. Қошқарата мен Қайнарбұлақ. Мұндай қайталанбас ерекшелік республикадағы ешбір қалада жоқ. Қайнарбұлақ өзенінің бастау алатын тұсы Шымшаһарға өткелі ол маң да үлкен мәселеге айналып үлгерді. Қазірдің өзінде су көзіне қоқыс тастау әрекеттері көңілге кірбің салады екен. Алдағы уақытта Қошқарата жағалауындағы секілді көпқабатты құрылыстар басталып кетуін ешкім жоққа шығармайды. Ендеше, Қайнарбұлақ бастауы маңын да жоғарыдағы тәртіппен қорғауға алу қажет деген сөз.
Мәселе бар. Оны шешудің жолы да бар. Тек іске кірісуге құмбыл қала басшылығы болса…
С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ
Leave a Reply