Қалада 2845 көп балалы отбасы бар
Шағаласы шулаған, балығы тайдай тулаған Шардараны бүгінде әлем таниды десек артық емес. Бұл өңірді әлемге танытқан армрестлингшеберлері. Бұған жыл сайын аумақтың көркіне көрік қосып, дамып келе жатқан шалғайдағы мекенде атқарылып жатқан жұмыстар да ауыз толтырып айтарлықтай.
Жаз шыға ыстық қысқан оңтүстіктің жұрты сая іздеп Шардараға қарай ағылады. Шағалалы қаланың жағажайында басталатын шомылу науқаны сонау қара күзге дейін жалғасады. Келіп жатқан қонақтар алдымен осы өлкенің тіршілігі мен келбетіне көз салады. Сондықтан аудан орталығы–Шардара қаласын көріктендіру, абаттандыру –үлкен сын. Осы жұмыстар қалай жүріп жатыр?
Осы және басқа да тақырыптар төңірегінде Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосовпен әңгіме-дүкен құрдық.
–Олжас Құлмұхаммедұлы, алдымен тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тоқтала кетсеңіз. Әлеуметтің әлеуетінің жақсы болуы қаланың келбеті, тіршілігіне оң әсер ететіні о бастан белгілі.
–Шардара қаласында 7 мыңға жуық тұрғын тұрады. 2845 көп балалы отбасы бар. Көпбалалы аналардың 322-і «Алтын алқа», 755-і «Күміс алқа» иегерлері.Өткен жылдың алғашқы үш айында кедейлік шегіндегі отбасылар ретінде тіркеліп, атаулы әлеуметтік көмекке 340 отбасы мұқтаж болса, екінші тоқсанда олардың саны 401 жетті. Үшінші тоқсанда 481, жылдың соңында 493 болды.
-Жағдайы төмендер көбейіп бара жатыр екен ғой…
— Мұны күнкөріс деңгейінің төмендеуімен қатар бала туудың артыуымен байланыстырған дұрыс деп ойлаймын. Жалпы тұрғындардың тұрмыстық деңгейін арттыру, жұмыссыздықты жою қашан да мемлекеттің, жергілікті биліктің басты назарында. Былтыр «Асар Уме» қайырымдылық қоры 5 балалы Роза Исаеваға, 6 балалы Айсұлу Өмірзақоваанамызға 7 миллион теңгеге баспана алып берді. Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып, шардаралықтар қайырымдылық шараларынан шет қалып отырған жоқ.
Өткен жылы «Қайырымдылық» қамқорлық акциясы шеңберінде «Алғыс айту күні», 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне, Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекелеріне орай, «Колумбия» сауда орталығының директоры, кәсіпкер Есей Серқуловтың демеушілігімен қаладағы тұрмысы нашар аз қамтамасыз етілген 32 көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 880 000 теңге көлеміндегі қаражатқа қысқы аяқ-киімдер алынды.
Осы акцияны жалғастыра отырып, «1 маусым балаларды қорғау күні» мерекесінде «PLAY PARK» ойын сауық орталығының директоры Г.Ахтаева мен өзімнің отбасымның демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі балаларды ойын сауық орталығында ойнатып, жүре алмайтын балалардың үйлеріне барып сыйлықтар тараттық. Ал, қаладағы «Әлихан» сауда орталығы мен аудандағы кәсіпкер әйелдердің қаржылай қолдауымен тағы 20 отбасыға 208 000 теңге көлімінде азық-түлік себеттері берілді. «Құрбан айт» мерекесіне орай АӨК «ХАМИТ» басқарма төрағасы Б.Серманизов 14 бас сиырларды құрбандық шалып, қаладағы тұрмысы нашар 108 отбасыға және қала ішінде қоғамдық жұмыста жүрген 45 жұмысшы мен 11 мүмкіндігі шектеулі барлығы 164 отбасыға 328 000 теңге көлемінде ет таратты. Орталық мешітте кәсіпкерлер жиналып 8 бас сиыр құрбандыққа шалып, ерекше қажеттілігі бар жандарға, жалпы 25 отбасыға көмек көрсетті. Мұның бәрін айтып отырған себебім, қазақта «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейтін қанатты сөз бар. Біздің жерлестеріміз мейірімді, үнемі қиналғанға қол ұшын созып, тапқанын игі істерге жұмсауға асығып тұрады. Солардың қатарында
«Қараман қажы» құрылыс заттар дүкенінің басшысы Б.Қойайдаровтың, «НурАли» дәріхана меңгерушісі А.Джаппарованың, «Жәнібек» құрылыс дүкені басшысы Ж.Кушниязовтың және «Береке» құрылыс заттар дүкеннің басшысы А.Жетписбаевтың есімдерін де атап өткім келеді.
6 жұмысшы көшеде иесіз бос жүрген малдарды айдап әкеліп қамаумен айналысады
–Қаланы көріктендіру алдымен санитарлық тазалық жұмыстарының дұрыс жүргізуіне байланысты екені анық. Шардараға сырттан келушілер көп. Қала көшелерін қоқыстан тазарту жұмыстары жиі сынға ұшырап жатады. Осы мәселе бір жолға қойылды ма?
–Былтыр қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз атанған «Жаса-3» ЖШС-і қаладағы Ақбала, Қанай Датқа, Мелдеби шағынаудандарында ағымдағы санитарлық тазалау жұмыстарын атқарды. Ал, Абай, Қызылжар, Майқала, Төменгі Тоғай, Өтеғұл, 14-Бекет шағынаудандарында ағымдағы санитарлық тазалық жұмыстарымен «Автомелиос» ЖШС-нің жұмыскерлері айналысты.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеңімпаз атанған фирмалардың ішінде талапқа сай жұмысын үйлестіре алмайтындар да кездесіп жатады.Солардың кесірінен біраз келеңсіздіктер орын алатынын жасырудың керегі жоқ деп ойлаймын.
Сондай-ақ осындай фирмалар конкурстың қорытындысымен келіспей бір-бірінің үстінен сотқа арызданып, уақыт созылып кететін жағдайлар да бар. Бұл біздің жоспарлы жұмысымызға кері әсер етеді.Мысалы, былтыр «DOS STRОY LTD» ЖШС-і белгілі бір лоттар бойынша жеңімпаз ретінде танылған болатын. Алайда, «Жаса-3» ЖШС шағым түсіріп, ашық конкурс өтпеді болып танылды. 2022 жылдың 18 сәуірінде мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта жарияланып, 25 сәуірде аяқталды. Өзіңіз де байқап отырсыз, көктем шығып тазалау жұмыстары қызу жүріп жататын уақытты жіберіп алдық.
Қайта өткізілген конкурстың қорытыныдысы бойынша қайтадан «DOS STRОY LTD» ЖШС-гі 3 лот бойынша жеңімпаз болып танылып келісім шарттар түзілді. Түзілген келісім шартқа сәйкес, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін 8 дана жүк көліктері және 1 погрузчик жұмылдырылды. Сәуір айынан бастап Қанай Датқа, Майқала, Төменгі тоғай, Ақбала, Өтеғұл шағынаудандарындағы 16 жердегі ретсіз қоқыстар жойылып, олардан 160 тонна қоқыс қалалық ҚТҚ полигонына шығарылды.
Бұған қоса Өтеғұл, 14-Бекет, Ақбала, Қанай Датқа, Мелдеби, Қызылжар, Майқала, Абай шағынауданының тұрғындарымен келісім шартқа тұрып, аралау кестесі жасалынып, ақылы түрде күнделікті шыққан тұрмыстық қалдықтарын бекітілген кесте бойынша көпқабатты тұрғын үй аумақтарындағы 31 арнайы қоқыс тастайтын нүктелері мен шағын аудандардағы көшелер бойынан жинап алып кетіп отырды.
Қала аумағында орналасқан мекеме қызметкерлері және қала тұрғындары күшімен жыл басынан бері 13 рет сенбіліктер ұйымдастырылып, 29,7 шақырым көше бойлары, 6,1 шақырым аяқжолдар, 6,0 шақырымға жуық ирригациялық жүйелері тазаланды.
Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа 2022 жылдың наурыз айынан бастап 8 адам тартылып, қаланың негізгі көшелерінің бойларындағы, көпқабатты тұрғын үйлердің орамдары мен сәулеттік нысан аумақтарындағы күнделікті шашылған қоқыстарды тазалау, жабайы өскен шөптерді шабу жұмыстарымен айналысуда және көше бойларындағы 12 шақырым жиектастар сырланды. 6 жұмысшы көшеде иесіз бос жүрген малдарды айдап әкеліп қамаумен айналысуда.
«DOS STRОY LTD» ЖШС-гі өз тарапынан ретсіз тасталған қоқыстарды тастаған азаматтарды анықтау мақсатында бейне бақылау камерасын орнатқан. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қоқысты кез-келген жерге тастау тиылып келеді. Жұмыс нәтижесін беруде. Енді бір екі жылда бақылау камерасының қызметі керек болмай қалатын шығар.
Мақсатымыз тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру
–Шардара қаласында ауыз су мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқанынан хабардармыз. Осы мәселеге де аз-кем тоқтала кетсеңіз.
–Қала тұрғындары орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз су құбырымен қамтылуы 98 % құрайды. Қалада тұрақты су берілуде.
Қала тұрғындарын таза сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 2006 жылдары қаладан 45 шақырым қашықтықта құм ішінде орналасқан «Тама-Тастанбек» жер асты су қоры анықталған, жерасты су қорының көлемі аудан тұрғындарын таза сапалы ауыз сумен қамтуға жеткілікті, сапасы лабараториялық сынақ нәтижесі бойынша жарамды болып танылған. 2022 жылы жоғарыда аталған су қоры көзінен қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жоба әзірлеуге аудандық бюджеттен 30,0 млн теңге бөлініп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан техникалық экономикалық негіздемесі алынып, жобалық сметалық құжатнамасы дайындалуда. Жобаның әзірленуіне орай, қаржы бөлдіру үшін республикалық бюджетке ұсыныс беру күтілуде.
Шардара қаласындағы Абай, Қызылжар, Майқала, Ақбала кәріз су жүйелерін жүргізу бойынша «Агроспецмонтаж» өндірістік кооперативі мекемесі жүргізуде. Нысан өтпелі пайдалануға 2023 жылда тапсырылды.
–Қаланы абаттандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
–Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 2022 жылға аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Шардара қаласындағы Жібек жолы көшесіне халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ыңғайлы жүріп тұруына орай жасыл аймақ қоршауы ішіне аяқ жол салынып, бойына түңгі жарықтандыру шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктер орнатылды.
Қашаубаев көшесіне аяқжол салу жұмыстарыатқарылуда. Ақбала шағынауданының ортасынан көп жылдардан бері ағатын ағын сулар жыра болып, сол маңайдағы жерлер тұздандырылған. Осыған орай жыраны абаттандыру мақсатында Оңдасынов көшесінен Сапарбаев көшесіне дейін суағар орнату жұмыстары жүріп жатыр. Төле би көшесіндегі желілік саябақты көпірге дейін жалғастырып, қала тұрғындарына демалыс аймақ жасау мақсатында скверді абаттандырылуда. «Тәуелсіздік» саябағы көп жылдардан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен тозып кетуіне байланысты, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысандарды қабылдау алу жұмыстары атқарылуда. Жалпы қаланың ішкі жолдарын жөндеу, кәріз жүйелерін жүргізу қат-ақабат атқарылып жатыр.
–Жасыратыны жоқ, Шардара қаласын жарықтандыру мәселесі бойынша да тұрғындар тарапынан ұсыныс-тілектер көп түсіп жатады. Бұл мәселенің шешімін табуға нендей шаралар жүргізіп жатырсыздар?
–Шардара қаласында 54 көше түнгі жарық шамдарымен жарықтандырылған.
2022 жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға, жалпы ұзындығы 3,0 шақырым болатын Мұнай ауылы, Абдазимов, Көбеев, Мамедова көшелеріне түнгі жарық шамдарды орнату жоспарланып, бүгінгі күнге 3 көшеде түнде жарық бар.
–Өткен жылдың жағымды жаңалықтарының бірі–Шардара қаласына табиғи газ кіргізілді. Қазір қанша станса іске қосылып, қанша тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді?
-Иә, «Шардара» №18 автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылып, қаланың №14 Бекет, Мұнай база, Өтеғұл шағынаудары тұрғындарына газ берілген болатын. Бұл шағын аудандардағы жалпы халық саны 4200 адам.
Қаланың Абай, Қызылжар, Мелдеби, Қанай Датқа, Наурыз және Нұр Отан №4 және №3 ,Ақбала шағынаудандары тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін 2022 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр.
Төменгі тоғай, Майқала шағынауданыныңтұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі де жақын күндерде шешімін табады.Біздің мақсатымыз тұрғындарға жайлы орта, қалыптастыру. Қаламыздың тазалығы, келбеті келген қонақтарымызға да жайлылық сыйлайды ғой деп ойлаймыз.
-Әңгімеңізге рақмет. Жаз айларында қайта жүздесін сіз айтып отырған жайлы қаланың әдемі тұрмысына куі боламыз деп ойлаймын.
Сұқбаттасқан: Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.
Leave a Reply