Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Демек, адам емдеу, дәрігер болу тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу –ол да бір өнер. “Дәрігер — арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек” деген де сөз бар. Осы сөздің астарына үңілсек, ештеңеден қорықпай, батыл шешім қабылдайтын, өз ісіне байыппен, сеніммен қарай білетін, науқастарға мейіріммен қарап, тәнін ғана емес жанын емдей білетін абзал жандар ғана нағыз шипагер дер едік. Дәрігерлер нағыз қайнаған еңбектің ортасында жүреді. Уақытпен санаспайтын, жұмыс уақытым 8 сағат деп «кергуге» мүмкіндік бермейтін мамандықтың бәрі осы адам емдеу ісі. Бүгінде елімізде ЕҢБЕК АДАМЫНА деген оң көзқарас қалыптастыру бастамасын Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың өзі көтеріп, сайлауды алды бағдарламасындағы басым бағыттарының бірі ретінде көрсетті. Жаңа жылдан бері біз де «Еңбек адамы» атты жаға бет ашып, оқырмандарымызды нағыз еңбек адамдарымен таныстыруды бастаған едік.
Шымкент қаласының медицина саласында 50 жылдан астам уақыт қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Нариман Әмреевті, еліміздің медицина саласына қалтқысыз қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленген, өз ісінің майталманы десек болады. Кейіпкеріміздің еңбегі туралы алғаш «Қазпошта» АҚ-ы Шымкент филиалындағы әріптестеріміз айтты. Өмір жолы, мамандығына деген адалдығы көпке, соның ішіндегі бүгінгі медицина саласында жүрген дәрігерлерге үлгі болсын, мақала жазсаңыздар деп өтініш жасады.
Нариман Үйсінбайұлы 1950 жылы Мақтарал ауданының Үлгілі селосында дүниеге келген. 1973 жылы Ақтөбе медициналық институтына түсіп, «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. 5 курста Гүлшара есімді курстасымен отау құрып, екеуі институт жолдамасымен Шымкент қаласына келген. Орталық ауруханада интернатурадан өтіп, еңбек жолын терапевт дәрігер болып бастаған. Дәрігер боламын деген адам ең алдымен адамды жақсы көруі керек, ал, медицина саласының қыр-сырын меңгеру үшін үнемі ізденісте жүру керек. Өйткені өмір де, ауа да, азық-түлік те бәрі өзгеріп жатыр. Мұның бәрінің адам денсаулығына, аурудың түрлеріне белгілі бір дейгейде әсер етеді. Оған жаңа технологиялар, жаңа препараттарды қосыңыз. Өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар, ол дәрігердің науқас келгенде жылы сөйлеп, жылы қабақпен қарсы алуы. Бұл үшін үлкен жүрек керек.
–Былайғы адамдар иістенген, дәмі бұзылған нәрсе көрсе тіксініп, содан ұшынып жатады. Ал, дәрігер – соның бәрін қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Жарақаттан жиіркенбей, керісінше оған тереңірек үңіліп, емдеуге күш салғанда оң нәтиже шығады,-дейді Нариман дәрігер.
–Шымкенттегі «Денсаулық» шипажайында дәрігер қызметінде жүрген кезім. Бірде жасы сексеннен асқан әже мазасы болмай жатқанын айтып, қабылдау бөліміне келді. Созылмалы қолқадемікпесі бар екен, онсызда жасы келген қарт адамды жүрегіндегі ақау әлсіретіп тастапты. Қабылдау бөлмесінде тексеріп жатқан едік, кенеттен қатты нашарлап кетті. Білгенімізше көмегімізді көрсетіп жатырмыз, оң нәтиже берер емес. Оны жедел жәрдеммен экстремумға жеткізуге болады, бірақ уақыт жоғалтпау керек. 3-4 дәрігер бірдей әрекет етіп, науқастың бетін бері қараттық. Сол кісі одан кейін де келіп тағы ем алып жүрді. Туралап келген ажал болмаса, барлық аурудың емі бар. Тек дұрыс диагноз қойып, дұрыс емдей білу керек.
Мұны неге айтып отырмын, қазір есітіп отырамыз, қан қысымынан зардап шегетіндер көп, сосын жүрегі тоқтап қалатын аурулар көбейді. Осы жағдай мені қатты ойландырады. Адамдарға алғашқы көмек жасауды үйретпейміз, сондықтан да жүрегі нашарлаған адамға жанындағылар не істерін білмей, уақыт өткізіп ала ма деп те ойлаймын. Жәй адамдар мейлі, дәрігерлердің өзі қауқарсыздық танытады. Негізі адамның ағзасы да аурумен күресуге қауқарлы, мұндайда оған қосымша сауатты жәрдем беру керек. Нашатыр спиртін иіскетіп, реанимациялық тірілту әрекетттерін жасау керек. Жүрек тұсына массаж жасап, аузынан ауа беру арқылы да адамға өмір сыйлауға болады. Қазір мұны істеп жатқан дәрігер көрмейсің, бәрі тек хаттама негізінде ғана қимыл-етеді. Дәрігер науқаспен бірге өліп-тірілмеген соң, несі дәрігер?!, -дейді абзал жан.
Иә, «ауырған адамды емес, оның ауруын емде» дейтін қағиданы ұстанатын кейіпкеріміз кейде қазіргі жас мамандардың кейбір әрекетіне көңілі толмайды.
–Біліктілік жетіспейді. Білмегенін сұрауға намыстанады. Жас дәрігерлерде «менмендік» жоғары. Бізде ондай емес еді. Тағы қайталап айтамын. Тәжірибелі маман көрсек, оның өзімізден жасы үлкен бе, кіші ме, оған қарамай, соңынан қалмай, үйренуге тырысатынбыз,-дейді ардагер дәрігер.
Өмірде шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Адам жанының ажалдан арашашысысаналатын ақ халатты абзал жандардың біріНариман Үйсінбайұлы Әмреев қаншама дерт дендеген жандардың жабырқаған көңіліне жұбаныш сыйлап, қайтсем де ауруынан айықтырамын деген қайсарлығының арқасында құрметке бөленіп келеді. Шымкент медициналық колледжінде сабақ берген студенттері ұстаздарының қандай істі бастаса да соңына дейін жеткізетін табандылығын, білгенін, тәжірибесін шынайы көңілмен бөлісетін қасиеттерін үлгі тұтатындықтарын айтады.
Нариман Үйсінұлының тағы бір ерекшелігі ол мамандығымен өнерде қатар алып жүрді. Жұмыс барысында көптеген елдерде болған зейнеткер дәрігердің есінде Куба еліне сапары ерекше қалып қойыпты. Бостандық еліне Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет және ғылым делегациясының құрамында бардым. Бір айлық сапарымызда «Достық» ансамблі концерт қойды, делегация құрамындағы ғалымдар қазақ халқының мәдениеті және тарихымен таныстырды, дейді ол. Бір кездері облыстық медициналық сақтандыру қорын басқарған дәрігердің аталған саланың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы да сараптап айтары көп. 1995 жылы осы саланы зерттеу, тәжірибе алмасу үшін Жапония астанасы — Токиоға барған. Сол кезде Жапонияда медициналық сақтандыру полисі арқылы азаматтарға аса тиімді әрі сапалы медициналық қызметтер көрсетілетін. Ал, біз екі рет осы медициналық сақтандыру қоры арқылы сапалы медициналық қызмет көрсетуге талаптандық. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмай тұр, дейді медицина саласының ардагері.
Ол Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының біліктілігі жоғары дәрігер-ұйымдастырушысы, «ҚР үздік дәрігері» белгісінің иегері, үлгілі отбасының отағасы. Жұбайы Гүлшара апай екеуі өсірген үш ұлының қызығын көріп, немере сүйіп отыр. Жарасымды отбасында тәрбиеленген ұлдары да бүгінде жауапты қызметтерде.
Бір кезде дертіне шипа сыйлаған Нариман ағаға әлі күнге дейін алғыс айтатындар көп. Сырқаты мазалап, ауруы асқынған ағайын –туыс, дос-жарандары әлі де үнемі дәрігерлік кеңес алып тұрады. Бұл да еңбек адамының әлі де елге берерінің көп екенін, мықты маманды елден зейнет жасы ажырата алмайтынын білдірсе керек. Дәрігер зейнетте жүрсе де ДӘРІГЕР. Өйткені ол Гипократқа АНТ берген.
Өмір ғажап! Жасың қаншаға келмесін, мейлі жас бол, кәрі бол, әр атқан таң, жаңа күнқайталанбас әсерлер сыйлайды. Қуана білу керек, өмір жолыңда кездескен қиындықтарды елемей өтсең, жеңесің. Егер қиыншылықтар сенің өміріңе бақылау жасаса, сен солай етуіне жол беріп қойсаң, бұл жақсылықтарға әкелмейді. Егер адам қиындықтарды елемей, алға ұмтыла берсе, міндетті түрде өмірінде биік белестерді бағындырады. Адамды алға сүйрейтін еңбек, еңбек тағы да еңбек! Нариман Әмреевтің өмірлік ұстанымы осы.
Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.
Leave a Reply