-Өрт сөндіру қызметі, қандай көмегіміз қажет?»
101 телефонын қиын жағдайда ғана тереміз, сонда қобалжыған көңілімізді телефонның ар жағындағы жағымды дауыстың сабасына түсіре қоятыны бар. Қиын жағдайға тап болған жандардың үмітіне айналатын жауапты маман иелерін диспетчер деп атайды.
Даусы сабырлы естілгенімен, олардың әрбір секунды санаулы, хабарламаны қабылдай сала мекенжайы мен болған жағдайды бұлжытпай жеткізіп, күштер мен құралдарды тиісті орынға жөнелтіп, одан әрі де өрт сөндірушілерге қолдау көрсетеді. Жақын жолды, керек су көзін айтып отыратын, басқада қажетті қызметтерді қоса жіберетін, орын алған өртті ауыздықтағанша бірге болып, адам өмірі мен оның материалдық құндылықтарын құтқаруда тікелей үлес қосатын та осы диспетчер қыздар. Өрт сөндіру қызметі саласында олардың орны ерекше. Тәжірибелісі бар, жас мамандары бар бұл бөлімнің қыздары бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін әйелге тән қайсарлық пен нәзіктік қасиеттерге ие екендігін өздерінің қиында, жауапты қызметінде де, отбасында да күнде дәлелдеп жүр.
Бүгін біз жас мамандардың бірі Дина Арысбайқызы Бөтембай туралы айтамыз. Динаның жұмысқа келгеніне 6 жыл болды. Осы аз уақыт ішінде ол ұжым арасында өзінің белсенділігімен көзге түсті. Салмақты, сабырлы мінезімен үлкендерден үйренуден еш уақытта жалыққан емес.
Дина Арысбайқызы 2012 жылы жалпы орта мектепті аяқтаған соң М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Оқу орнын 2016 жылы «инженер-жобалаушы» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Ал 2017 жылы өрт сөндіру қызметіне қызметке орналасады. Ең алғашқы қызметтік жолын Ордабасы ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі қызметіненбастайды. Одан әрі жұмысын Шымкент қаласындағы №7 өрт сөндіру бөліміне ауыстырады. Жұмысқа деген жауапкершілігі, тиянақтылығымен көзге түскен ол 2020 жылы күштер мен құралдарды жедел-басқару орталығының диспетчері лауазымына тағайындалады. Яғни жауапкершілігі жоғары, қандай төтенше жағдай болмасын бірінші хабар келіп түсетін орталықта қызмет етеді. Бұл дегеніміз Дина Арысбайқызының болашақта көп үміт артар жастардың бірі екендігін аңғартады.
Біз өз кезегімізде жас маманға еліміздің игілігі жолында қызмет етуде тек сәттіліктер тілейміз!
А. Саипов
Қызмет бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі азаматтық қорғау подполковнигі
Leave a Reply