«Мектепке дайын болу оқу, жазу және санауды білу дегенді ғана білдірмейді...»

Авторы:

15.12.2025

Мектепке алғаш бару бала өміріне үлкен бір өзгеріс енгізеді. Себебі мектептің өз ережесі, тәртібі, талабы бар, ал оған бірден бейімделіп кету алты жасар балаға алғашқыда оңай болмайтыны анық. Сондықтан да бала мектеп табалдырығын аттамас бұрын психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Олай болмаған жағдайда бұл оның ары қарайғы оқу үлгеріміне, эмоционалдық жағдайына және мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл тұста ата-ана мен мұғалімнің бірлескен қолдауы аса маңызды.

Көп ата мектепке дайындық дегенді әріптер мен сандарды үйрету деп түсінеді. Шындығында олай емес. Мұны атақты балалар психологы Леонид Венгер «Мектепке дайын болу оқу, жазу және санауды білу дегенді ғана білдірмейді. Мектепке дайын болу – осының бәрін білуге дайын болу» деп түсіндіреді. Мысалы, кей балалар ерке келеді, мұғалімнің ескертулерін ауыр қабылдайды немесе партада ұзақ уақыт тапжылмай отыруға қиналады. Не болмаса құрбы-құрдастарының арасында келіспеушіліктер, конфликт жағдайлары орын алып, баланың көңілінде мектепке деген жағымсыз ой пайда болуы мүмкін. Енді бір балалар жаңа күн режиміне, мектептің талаптарына үйренісе алмай жатады. Соның нәтижесінде мектепке барудан бас тартып, қашқақтай бастайды. Мұның бәрі балаға ауыр тимес үшін міндетті түрде оны психологиялық тұрғыдан дайындау қажет.

Психологиялық дайындық балаға не береді? Әрине, ең бірінші сенімділік. Жаңа білім алуға саналы түрде дайын бала мектепке баруға қорықпайтын болады, керісінше мектеп өміріне қызығушылығы артып, оқуға деген мотивациясы жоғарылай түседі. Берілген ақпаратты оңай қабылдап, жаңа ортаға да тез үйреніседі. Нәтижесінде балада логикалық ойлау, есте сақтау, шығармашылық қабілеттері жақсы дамиды. Бұл оның болашақта үлгерімі жақсы оқушы болып қалыптасуына негіз болады. Сондықтан баланы мектеп өміріне алдын ала дайындау өте маңызды.

Мұндағы ата-ананың рөлі қандай? Баланың алғашқы ұстазы – оның ата-анасы. Оның мектепке дайындығына әсер ететін негізгі тұлға да осы ата-ана. Ата-ананың қолдауы қандай болуы керек? Ол ең алдымен позитивті көзқарас қалыптастыра алу қажет. Ата-ана мектеп туралы қалай түсіндіреді, бала да солай қабылдайды. Мысалы, егер ата-ана «сабақ оқу қиын»,  «мұғалімдер қатал, олар ұрсады», «мектепте тәртіпті болмасаң жазалайды» десе, балада қорқыныш пайда болады. Ал керісінше «мектепке барсаң білімді боласың», «көп достарың болады», «ұстаздар сен бұрын-соңды білмеген жаңа нәрселер үйретеді» деген секілді жағымды пікір айтса, балада да жақсы ой қалыптасады. Сондықтан ата-ана өзінің әр айтқан сөзіне мән беруі міндетті.

Содан соң мынадай да жағдайлар орын алып жатады. Кей ата-аналар балаға шамадан тыс қамқорлық көрсетеді де, бала өз киімін өзі киюге, тамағын ішіп, сөмкесін өзі жинауға дағдыланбайды. Бұл баланың өз бетінше әрекет ету дағдыларын дамытуға кедергі келтіреді. Мұндай балалар мектепке барғанда киімін ауыстыру, сабаққа қажетті заттарын жинау немесе асханада өзіне қызмет көрсету сияқты қарапайым әрекеттерде қиналады. Ал ол оқушының өзіне деген сенімін төмендетіп, жаңа ортаға бейімделуін қиындатады. Ата-аналар баланың жас ерекшелігіне сай қарапайым тапсырмаларды өз бетімен орындауға үйретуі тиіс. Сонда баланың жауапкершілігі де, өзіне деген сенімі де арта түседі.

Сонымен қатар, балаға достық қарым-қатынастың маңыздылығын ұғындыру керек. Сыныптастарды келеке ету, олардың заттарын алып қою, мазақтау, ұру секілді әрекеттердің дұрыс емес екендігін, бәріне бірдей дос ретінде қарау керектігін түсіндіру қажет. Бала кішкентайынан өзгелердің көзқарасын құрметтеуді, олармен ортақ шешім табуды, қандайда бір қақтығыстарда сабырлы болуды, өз эмоцияларын басқаруды үйренуі тиіс. Мұндай қасиеттер оның айналасындағылармен берік әрі салауатты қарым-қатынас құруына көмектеседі. Міне, мұның бәрі – психологиялық дайындықтың алғашқы қадамдары.

Жоғарыда баланы мектепке алдын ала дайындауда мұғалімнің де рөлі бар екенін айтқан болатынбыз. Иә, мұғалім – баланың бейімделу процесінің мектептегі жетекшісі. Оның міндеттеріне бала мектепте өзін қауіпсіз сезінуі үшін қолайлы психологиялық орта құру, оқыту әдістерін дұрыс таңдау (яғни, ойын арқылы оқыту, көрнекілік пайдалану, интерактивті тәсілдерді қолдану, т.б.), әр баланың даму деңгейі әртүрлі болғандықтан жеке ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс істеу, ата-анамен тығыз байланыста болу секілді әрекеттер кіреді. Мұғалім ата-аналарға баланың жетістіктері мен қиындықтары туралы ақпарат беріп отыруы тиіс. Бұл ата-аналар мен мұғалім арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, мұғалім баланың эмоционалды жағдайын бақылап, сабаққа деген ынтасын жоғалтпауына көңіл бөлуі керек. Егер бала қиындықтарға тап болса, онымен жеке сөйлесіп, қолдау көрсету маңызды. Сыныпта достық, сыйластық атмосферасын қалыптастыруға да ерекше мән беру қажет, ол үшін түрлі топтық жұмыстар мен ойындарды ұйымдастырған дұрыс. Оқушыларға мектеп ережелерін түсіндіретін де мұғалім. Бұл ережелерді ойын түрінде үйретсе тіпті тиімдірек болады.

Расында, мұғалім – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар баланың мектептегі жетекшісі, қолдаушысы. Мұғалім, ата-ана және мектеп әкімшілігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде бала мектеп өміріне жеңіл бейімделіп, дамып, білім алу жолында жетістіктерге жете алады. Ата-ана дұрыс тәрбие беріп, баланы қолдаса, ал мұғалім жылы қабылдап, дұрыс бағыт берсе, бала мектепке оңай бейімделіп, болашақта үлгілі оқушы бола алады. Осындай үйлесімді ынтымақтастық нәтижесінде бала өзін қауіпсіз әрі қолдау тапқандай сезінеді. Бұл оның оқу үлгеріміне, мінез-құлқына және тұлғалық дамуына оң әсерін тигізеді. Сондықтан әр балаға жеке мән беріп, оның мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сонымен, мектепке бейімделу процесі – тек білім алу ғана емес, бала тұлғасының жан-жақты дамуы үшін де маңызды кезең болып табылады. Сондықтан әрбір ата-ана мен ұстаз өз рөлін жауапкершілікпен орындап, баланың сенімді әрі бақытты бастау алуы үшін қолдау көрсетуі қажет.