МЕНІҢ ОТАН ҚОРҒАУШЫ БЕЙНЕМ

Авторы:

07.05.2026

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Шымкент қаласындағы жасөспірімдер кітапханасында «Менің Отан қорғаушы бейнем» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, елін сүйетін, жерін қорғайтын нағыз азамат бейнесін таныту болды.

Кеш барысында көрермендер тек мерекелік көңіл-күйді ғана сезініп қоймай, шынайы ерлік пен батылдықтың үлгісіне куә болды. Арнайы шақырылған қонақ – ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында ерлік танытқан батыр азамат, Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне жасалған террористік шабуыл кезінде асқан батылдық пен қайсарлық көрсеткен ержүрек жауынгер, капитан Сырым Адырбайұлы. Ол кеш барысында өз өмір жолы мен қызметі жайлы әсерлі әңгіме өрбітті. Қатысушылар батырдың аузынан шыққан әр сөзден жігер алып, ел қорғаудың тек қару ұстаумен шектелмейтінін, отан қорғаушы адалдықтың, жауапкершіліктің, қайсарлықтың символы екені ұғынды.

Іс-шараға арнайы қатысқан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Нұрлыбек Срайылұлы жастар тәрбиесіндегі отбасы мен білім ордасының рөліне тоқталып, бүгінгі таңда Отанға қызмет ету әр салада көрініс табатынын атап өтті. Оның пікірінше, нағыз патриот – өз ісіне адал, қоғамға пайдалы тұлға. Кеш барысында жастар мен сарбаздар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, мазмұнды пікір алмасу орын алды. Сол арқылы жастар өмірлік маңызды құндылықтарды саралап, өзіндік көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік алды.

Мұндай кездесу – жас ұрпақтың санасына елдік пен ерліктің мәнін  сіңіретін, рухани тәрбие беретін маңызды алаң. «Отан қорғаушы» деген ұғым тек әскери форма емес, ол жүректегі адалдық пен елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі екені осы кеште тағы бір мәрте  дәлелденді.

Райхан АБДИКЕРИМОВА

Шымкент қалалық жасөспірімдер

кітапханасының кітапханашысы