Сахит ҚЫНТАЕВ, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының директоры: «ЕГЕР ТАБИҒАТТЫ БҮГІН ҚОРҒАМАСАҚ, ЕРТЕҢ ЗАРДАБЫН КЕЛЕР ҰРПАҚ ТАРТУЫ МҮМКІН»

Авторы: Мақпал ҚҰРБАНҚЫЗЫ

26.05.2026

Түлкібас ауданы орналасқан өңір – табиғаты тұмса қалпын сақтаған, сирек кездесетін  жан-жануарлар мен өсімдіктерге бай ерекше аймақтардың бірі. Бұл өңірдің табиғи байлығын қорғап, ғылыми тұрғыда зерттеп, келер ұрпаққа аман жеткізуде Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы ерекше орын алады. Осы бағытта ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маманның бірі – қорық директоры Қынтаев Сахит Жақсымбетұлы. Табиғатпен біте қайнасып, өмірінің 28 жылын осы салаға арнаған ол үшін қорық жұмысы – жай қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен өмірлік ұстаным. Біз онымен қорықтың тарихы, бүгінгі тынысы, табиғатты қорғау ісіндегі өзекті мәселелер мен болашақ жоспарлар туралы кең көлемде әңгіме өрбіткен едік. Сондай-ақ, ол кісінің табиғатқа деген көзқарасы, патриотизм туралы пайымы және жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру жөніндегі ойлары да сұхбатымыздың негізгі арқауына айналды.

«Тұмса табиғаттың байлығын тамашалауға туристер көп келеді..»

– Сахит мырза, қорықтың тарихы мен бүгінгі тынысы туралы айтып өтсеңіз.

Ақсу-Жабағылы қорығы – Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық. Ол ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Тарихы сонау 1926 жылдан басталады. Содан бері қорық табиғатты қорғау, ғылыми зерттеу және экологиялық ағарту бағытында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Бүгінде Ақсу-Жабағылы қорығы – Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы ең көне қорықтардың бірі. Мұнда көптеген сирек және жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер мекендейді.

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының негізгі мақсаты – табиғатты бастапқы қалпында сақтау және қорғау. Қорық аумағындағы сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды, өзен-көлдерді, тау жоталарын және орман-тоғайларды қорғап, олардың табиғи тепе-теңдігін бұзбай келешек ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз.

Жалпы, бұл тұста қорық қызметкерлерінің еңбегі өте үлкен. Олар табиғатты қорғау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және экологиялық білім беруді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Қорық мамандары болашақ ұрпаққа табиғатты бұзылмаған күйінде жеткізу жолында тынбай еңбек етіп келеді десем артық айтпаймын.

Бізде қорық аумағын қорғау мақсатында күнделікті рейдтік шаралар ұйымдастырылып отырады. Әсіресе браконьерлікпен күрес жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі заңсыз аң аулау мен табиғатқа зиян келтіру көбіне түнгі уақытта орын алады. Осыған байланысты қорық инспекторлары түнгі рейдтерді жиі жүргізіп, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне тұрақты мониторинг жасап отырады.

Қорықтың ішінде емес, бірақ сыртқы қорғау аймақтарында браконьерлерді ұстап алған жағдайлар бірнеше рет орын алды. Олар аң аулауға кірмек болған сәтте дер кезінде тоқтатылып, алдын алу шаралары жүргізілді. Барлығының мылтықтарын тиісті орындарға тапсырдық. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар ара-тұра кездесіп тұратыны бар.

Заңсыз аң аулаушылармен күресу мақсатында алдыңғы жылдары қорықтың техникаларын жаңарттық. Өйткені браконьерлер аң аулауда түрлі технологияларды пайдаланады. Мысалы, қараңғыда жануарды дене жылуы арқылы көретін тепловизор деп аталатын құрылғыны көп қолданады. Бұл жасырынған аңды тез табуға, алыстан қозғалысты байқауға жақсы көмектеседі. Сондай дүниелерге тосқауыл болуға біз үшін техниканың маңызы өте зор. Қазір біздің мамандар да түнде көретін құрылғы – тепловизорлар мен биіктен бақылауға арналған дрондарды қолданады. Сол арқылы сирек жануарларды қадағалауға және браконьерлердің заңсыз әрекеттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік бар.

Жалпы алғанда, қорықтағы жұмыстар ешқашан тоқтаған емес, тоқтамайды да. Мысалы, былтыр инспекторлар тұратын алты үйге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп тұрғын үйлердің жағдайын біршама жақсартып қойдық. Бұл жұмыстар олардың қызметтік міндеттерін сапалы атқаруына қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынды. Міне, қорықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

– Қорық аумағында сирек кездесетін қандай жануарлар мен өсімдіктер сақталған?

– Қорық өте сирек кездесетін, жер бетінде жоғалып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерге бай. Соңғы мәліметтер бойынша мұнда құстың 299, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қосмекенділердің 3, жәндіктердің 2124 түрі бар. Қызыл кітапқа сүтқоректілердің 9 түрі – қар барысы, Түркістан сілеусіні, арқар, Тянь-Шань қоңыр аюы, үнді жайрасы, тас сусары, т.б. енсе, құстардың 8 түрі – бүркіт, сақалтай, ителгі, көкқұс, үкі, т.б. енген.

Қазір біздің санақ бойынша 9 бас қар барысы бар. Соңғы елу жылдай уақыт бойы қар барысы мүлде көрінбей кеткен еді. Ең соңғы рет ол шамамен елу жыл бұрын байқалған. Ал соңғы жылдары бізде қар барыстары қайтадан көріне бастады. Арқар, Тянь-шань қоңыр аюы да қазір көбеюде.

Өсімдіктердің 1737 түрі өседі, оның ішінде мүктің 63, балдырдың 64, саңырауқұлақтардың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрлері кездеседі. Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Сиверс алмасы, Недзвецкий алмасы, зеравшан аршасы, Талас қайыңы т.б. Қызыл кітапқа енген.

Біздегі осы тұмса табиғаттың байлығын тамашалауға жан-жақтан туристер көп келіп жатады. Оның ішінде өз еліміздің азаматтары ғана емес, шетелден де арнайы ат басын бұратындар аз емес. Бізге көбіне Еуропа, Азия елдерінен, АҚШ-тан келіп жатады. Былтыр қорыққа жалпы саны 2534 турист табан тіреді. Оның ішінде 700-ге жуығы шетелдік турист болса, қалғаны – өз еліміздің азаматтары. Дегенмен, біз туристерді есепсіз топырлатып қабылдай алмаймыз. Бізге жылына тек 2536 турист қана келе алады. Одан артық турист қабылдауға рұқсат жоқ, себебі қорық аумағына келушілер саны арнайы бекітілген норматив пен заң талаптарына сәйкес реттеледі.

Табиғатты қорғау – өмірлік ұстаным

– Өзіңіз бұл салаға қашан келдіңіз, қалай келдіңіз және неге осы саланы таңдадыңыз?

– Мен бұл салаға ең алғаш 1998 жылы егерь болып келдім. Одан кейін Бадам орман шаруашылығы мекемесіне жетекші маман болып кірдім. Онда үш жыл істеп, 2003 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы орман және аңшылық шаруашылығы жөніндегі аумақтық инспекциясына ауыстым. 2007 жылы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түлкібастағы филиалының директоры, 2017 жылы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры болып тағайындалдым. 2021 жылдың қаңтар айында осы Ақсу-Жабағылы табиғи қорығына директор болып ауыстым. Міне, бүгінде менің бұл салада жүргеніме аттай 28 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында табиғатты қорғау, орман мен жануарлар дүниесін сақтау бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Туризмді дамытуға да атсалыстық. Мамандардың тәжірибесін арттыру бойынша да жұмыстар шет қалған емес. Мамандар демекші, бізде мықты, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар жеткілікті. Басшылыққа ең керегі де осы нәрсе, яғни білікті кадрлар. Мамандар тәжірибелі әрі кәсіби болса, жұмыс та нәтижелі болады. Біздегі қызмет етіп жүрген жандардың әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтар деп айта аламын, осы салада олар да аянып жатқан жоқ. Осындай мамандар барда әлі талай жоспарларды жүзеге асырамыз деген ойдамын.

Ал енді «Неге осы саланы таңдадыңыз?» деген сауалыңызға жауап берейін. Мен өзім бала кезімнен табиғат аясында көп жүрдім. Өзіміз Түлкібас ауданына қарасты Балықшы деген ауылда тұрдық. Ауылдың маңының бәрі тоғай да, ортасынан бір өзен, екі шетінен тағы екі өзен ағады. Сол тоғайға, өзенге көп баратынбыз. Тоғайға барып, бүлдірген терсек, өзеннен балық аулаймыз. Таңертең шығып кеткеннен кешке бір-ақ келеміз. Шелекпен бүлдірген теріп, оны үйге әкеліп, тосап қайнататынбыз.

Сәл есейген соң тоғайға достарымызбен палатка апарып, қонып қайтатын болдық. Солай табиғатқа деген сүйіспеншілігіміз уақыт өткен сайын арта берді. Табиғат аясында көп жүрдік. Кейін мектеп бітірген соң саятшылыққа, аңшылыққа қызыға бастадық. Негізі менің нағашы жұртымда аңшылар көп болған. Нағашы атамыздың Әбдірайым деген әкесі ертеде соғыс кезінде сырттан аң атып әкеліп, ауыл халқын асыраған деседі. Сол қанмен келген қасиет пе, әйтеуір, мектеп бітіре салысымен қолыма мылтық ұстадым. Сөйтіп мезгілі келгенде үйрек атып, қырғауыл аулайтынбыз. Әрине, тығылып аң аулау деген жоқ, кәдімгідей рұқсатпен, арнайы жолдама алып, өзі рұқсат берілген мезгілде заңды түрде аңға шығатынбыз. Бірақ уақыт өте келе бұл қызығушылық жоғалады екен. Қазір мүлде жоқ десем де болады, аңға да шықпаймын. Себебі осы салаға қадам басқалы тіршілікке деген ойым да, көзқарасым да өзгерді. Қазір кішкентай жыбырлаған жәндікке де жаным ашып тұрады. Маңайымда ұсақ аңдар жақындай қалса үркітпеймін. Қазір өмірімнің бәрі табиғатпын байланысты болып кетті. Кейде достарым да маған: «Сен осы аңдармен сөйлесетін сияқтысың, тілін түсінесің-ау», – деп әзілдеп жатады.

Қарап тұрсаңыз, табиғатты жақсы көрмеу мүмкін емес. Мынау қорықтың өзі – өте керемет жер. Мұнда аңдардың адамға үйренгендігі соншалықты, жақындасаңыз үркімейді, қашпайды. Таушкілер 2-3 метр жүрде секіріп жүре береді. Аюлар да кездесіп жатады. Оны көрген туристеріміз кейде таңғалады. Аң да адам таниды, оларда да сезім бар. Оларға тек тыныштық болса болды.

– Бұл салада қызмет ету үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Табиғатты қорғай алу үшін ең бірінші адам табиғатты сүю білуі, сезіну білуі керек. Табиғат деген – тіршілік қой. Табиғатты жақсы көрмейтін, оның қыр-сырына қызықпайтын адам бұл салада жұмыс істей алмайды. Мен ұлыма қанша рет айттым, кәдімгідей үгіттедім. «Балам, осы салаға келсейші, табиғатты қорғау деген – ең керемет жұмыс қой», – деп түсіндірдім. Бірақ ұлым үзілді-кесілді бас тартты. Себебі неде дейсіз ғой?! «Әке, сіз үй бетін көрмейсіз ғой. Мен олай жұмыс істей алмаймын», – деп бірден үзіп тастады.

Несін жасырамыз, бұл салада үй бетін көрмей жұмыс істейтініміз рас. Өйткені жұмыстың өзі сондай. Кезінде инспекцияда істеген кезімде де апталап, айлап кетіп, үйге айына бір-екі рет қана қонатынбыз. Өзбекстанның шекарасына дейін барып, құм-құмды аралап қайтатынбыз. Табиғатты жақсы көрмеген адам былай жүре алмайды. Бізде де күнім өтсе болды деп жұмысқа әйтеуір барып-келіп жүргендер болды. Бірақ түптеп келгенде табиғатты шын сүйетін адамдар ғана осы салада тұрақтап қала алады.

Мен біздегі қызметкерлерге былай деп түсіндіремін. «Табиғат бір қалыпты тұратын мүсін емес, жан-жануарларды, өсімдіктерді өндіріп шығаратын зауыт емес, бұл – күнделікті қайнап жатқан тіршілік» деймін. Адам соны сезіне білуі қажет, сонымен бірге өмір сүруі керек. Сол кезде жұмысың өнімді әрі нәтижелі болады, әрі жұмысқа деген құштарлығың да азаймайды. Өзің қызыққаннан кейін тірліктің бәрі оңынан келе беретіін болады.

Мен де өз жұмысымды өте жақсы көретін адаммын. Өзіме ұнайды. Ұнаған соң шығар, осы салаға 28 жылымды арнадым, Алла қуат берсе әлі де арнай беремін. Осы салада кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық бір із қалдырсам деген мақсат-мұратым да жоқ емес. Табиғатқа аңсарым ауады да тұрады. Биыл көрген құсты келесі жылы да көргім келеді, биыл өскен шөптің келесі жылы да өсіп шыққанын жаным қалап тұрады. Биыл осы уақытта жауған жаңбыр келесі жылы да жауса екен деймін. Себебі биыл жаңбырлы болса келесі жауын-шашын аз түсуі мүмкін. Мұның барлығы – табиғаттың кереметі. Түсінген адамға, соның бәрі қызық нәрсе. Біз осының барлығын бақылаймыз, инспекторларымыз арнайы күнделік арнап, осындай дүниелерді жазып жүреді. Өзім де осы бір табиғат құбылыстарын үнемі бақылап, қадағалап жүремін.

Жаңа қорықшыға қандай қасиеттер керек деп қалдыңыз ғой. Ең бірінші орында қорықшының бойында табиғатқа деген махаббат және адамгершілік тұру керек. Әрине, жауапкершілік, еңбекқорлық, ұқыптылық, білімділік, белсенділік, шыдамдылық секілді қасиеттерді де шетке ысырып қоя алмаймыз. Бұл жұмысқа мұның барлығы қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген адам ғана нағыз қорықшы бола алады.

– Демек, табиғатты қорғау ісі сіз үшін жай мамандық емес, өмірлік ұстаным болып тұр ғой. 

– Иә, мен үшін бұл – өмірлік ұстаным. Себебі табиғатты қорғау – болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыруға бағытталған маңызды іс. Кез келген адам, жалпы адамзат қауымы табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, оны аялап, қорғай білуі керек. Табиғат – адамзаттың ортақ байлығы, оны сақтау әрбір азаматтың міндеті деп ойлаймын. Егер біз бүгін табиғатты қорғамасақ, ертең оның зардабын келер ұрпақ тартуы мүмкін. Сол себепті өз жұмысымды тек қызмет емес, табиғатқа деген қамқорлық пен азаматтық парыз деп қабылдаймын.

Қазір мен қосымша балық шаруашылығын қолға алып жатырмын. Заңды түрде арнайы рұқсат алып, бес гектар жерге шағын көл қазып, балық жібердім. Онда сазан мен тұқы балық өсірудеміз. Бұл менің жеке айналысып жүрген шаруам болғандықтан, оның қыр-сырына тоқтала бермей-ақ қояйын. Дегенмен, осы іс арқылы балық шаруашылығының дамуына аз да болса өз үлесімді қоссам деймін.

«Табиғатқа жаны ашымайтын адамдардың әлі де кездесетіні өкінішті...»

– Елімізде қорық саны аз, қорықтарды көбейту керек деген ақпарат оқып қалдым. Расында да солай ма?

Жоқ, мен оған толықтай келісе бермеймін. Барлық жерді қорық аймағына айналдыра беру ауыл шаруашылығының дамуына белгілі бір деңгейде қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың арасында тепе-теңдік болуы керек деп ойлаймын. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ туралы заңның талаптары да қатаңдау келеді. Егер барлық жерді қоршап, халықтың кіруіне, мал жаюына немесе шаруашылықпен айналысуына шектеу қоя берсек, онда қарапайым халықтың жағдайы қалай болады деген сұрақ туындайды.

Қазірдің өзінде оңтүстік өңірде екі қорық пен екі ұлттық табиғи парк бар. Бұдан бөлек дендробақтар да жұмыс істеп тұр. Меніңше, бұл аз көрсеткіш емес. Ең бастысы, сол бар табиғи аумақтарды күтіп, қорғау жұмыстарын сапалы жүргізу қажет. Кейде «аңдар көбейіп кетті, қорық аумағын кеңейту керек» деген пікірлер де айтылып жатады. Бірақ мәселенің екінші жағын да ескеру керек. Халықтың малы бар, күнкөрісі бар, жайылым мәселесі бар. Сондықтан табиғатты қорғаймыз деп, адам өміріне де шектен тыс қолайсыздық туғызуға болмайды.

Табиғат пен адам бір-біріне қарсы емес, керісінше, үйлесімде өмір сүруі керек. Егер осы қорықтар мен табиғи аймақтарға дұрыс қарап, заңсыз аңшылық пен табиғатқа зиян келтіретін әрекеттердің алдын алсақ, оңтүстіктің табиғатын сол күйінде сақтап қалуға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын.

– Осы салада көңіліңіз толмайтын мәселе бар ма? Нені жақсарту керек деп ойлайсыз?

– Табиғат саласына қатысты мәселелердің бірқатары бүгінде оң шешімін тауып келеді деп айтуға болады. Мысалы, біздің аймақта ауаны немесе суды ластау мәселесі аса күрделі деңгейде емес. Ондай экологиялық қауіптер көбіне ірі өндіріс орындары мен зауыттар орналасқан өңірлерде кездеседі. Ал қорық аумағы мен оның төңірегінде табиғатқа айтарлықтай зиян келтіретін факторлар әзірге байқалмайды.

Дегенмен, алаңдататын бір мәселе бар. Соңғы уақытта осы аймақта шахта ашылуы мүмкін деген әңгімелер айтылып жүр. Егер ондай жоба жүзеге асатын болса, оның қорық табиғатына кері әсері тиюі ықтимал. Себебі шахта қазылады делінген аумаққа жақын жерде Ақсу каньоны орналасқан. Бұл жер – біздің өңірдегі жануарлар үшін өте маңызды табиғи мекен. Қыстың күндері аңдардың көбі сол каньонға барып паналайды. Өйткені каньон іші жылырақ келеді, әрі онда азық қоры жеткілікті. Жануарлар сол жерде қыстап шығып, табиғи тіршілігін жалғастырады.

Егер сол аумақта өндірістік жұмыстар басталып, техника көбейіп, қазба жұмыстары жүргізілсе, аң-құстардың тыныштығы бұзылып, табиғи тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай мәселелерде экономикалық мүддемен қатар, табиғаттың да жағдайын ескеріп, өте мұқият шешім қабылдау қажет деп ойлаймын.

– Табиғатқа жанашыр жастарды қалай тәрбиелейміз? Қарапайым айналаға қоқыс тастамау деген дүниені қашан үйренеміз?

– Табиғатқа деген қамқорлық ең алдымен балабақша мен мектептен басталуы керек. Бұрын біз оқушы кезде табиғат аясына серуенге жиі шығатынбыз. Оны «поход» деп атайтын. Сол кезде ағаш отырғызу, қоқыс тастамау, қоршаған ортаны қорғау туралы көп айтылатын. Мұғалімдер экологиялық тәрбиеге ерекше мән беретін. Қазір де сондай жұмыстарды көбірек қолға алса жақсы болар еді.

Жасыратыны жоқ, әлі де көлікпен кетіп бара жатып қоқысын терезеден лақтырып кететін адамдар кездеседі. Мұндай әрекетке бейжай қарауға болмайды. Табиғатты ластаған адам жауапкершілікті сезінуі керек, қажет болса қатаң айыппұл да салынуы тиіс. Кейбір адамдар тек заң мен тәртіп арқылы ғана түсінеді. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда халықтың табиғатқа деген көзқарасы біршама түзеліп келеді. Жастарға экологиялық тәрбие беру жағы да жақсы жолға қойылып келе жатқан секілді. Меніңше, жас буын табиғатты қорғаудың маңызын түсініп өсіп жатыр. Бірақ әлі де болса табиғатқа жанашырлықпен қарамайтын адамдар бар. Уақыт өте келе ол түсінік те өзгереді деген ойдамыз.

Негізі табиғаттағы барлық нәрсе шектеулі. Мысалы, су бізге таусылмайтындай көрінеді. Бірақ уақыт келгенде өзен-көлдер тартылып, құрғақшылық болуы мүмкін. Табиғаттың да өз заңы бар. Сондықтан әр адам қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, жүрген жерін таза ұстауға міндетті. Біз де үнемі жүрген жерімізде «Бұл – біздің жеріміз, біздің еліміз. Табиғатты таза сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп айтып жүреміз. Алайда соған қарамастан, табиғатқа жаны ашымайтын адамдардың әлі де кездесетіні өкінішті.

«Патриотизм – еліңнің әрбір тіршілігін сүю...»

– Болашақта қорықты дамытуға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Ең басты мақсатым – білімді, білікті мамандарды тәрбиелеу. Себебі қорықтың болашағы да, табиғатты сақтау ісі де тікелей мамандардың деңгейіне байланысты. Дәл осы салада жанын салып жұмыс істейтін мамандар көп болса, біз қорықты да, жалпы табиғатты да дұрыс сақтай аламыз.

Қорықтың қазіргі жағдайы жаман емес, керісінше, тұрақты дамып келеді. Өз көзіммен көремін, келемін деген адамдар үшін қорық әрдайым ашық. Табиғатты танып-білуге қызығушылық танытқан әрбір жанға мүмкіндік беруге тырысамыз.

Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек. Тағы да қайталап айтамын, табиғатты қорғау тек бір мекеменің ғана жұмысы емес, бұл – бүкіл қоғамның, адамзаттың ортақ ісі. Егер әрбір адам табиғатқа жанашырлықпен, қамқорлықпен қараса, онда қорықтың да, қоршаған ортаның да болашағы үшін еш уайымдамауға болады деп ойлаймын.

– Сіз үшін патриотизм деген не? Патриот деп кімді айтамыз?

– Патриотизм деген – өз еліңді, өз тіліңді жақсы көрумен қатар, өз еліңнің табиғатын сүю. Патриотизм – еліңнің әрбір тіршілігін сүю, жеріңдегі әрбір тау-тасқа, ағашқа, аң-құсқа жаның ашып тұру. Мұқағали Мақатевтың «Отан» деген өлеңі бар емес пе? Сонда былай дейді:  

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан! Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...

Қараңызшы, қандай сөздер! Жыбырлаған жәндіктің өзін жанына жақын тартып отыр. Міне, менің түсінігімдегі патриотизм осы. Қазақша бір ауыз білмейтін адамдар бар. Солар «Мен патриотпын» деп айқайлап жүр. Меніңше, бұл елдің көзіне түсу үшін ғана жасалатын әрекеттер секілді. Шынайы патриоттар өзі туралы, өзінің іс-әрекеті туралы айқайлап айтпайды, оларға жұртқа көрініп қалу да маңызды емес. Нағыз патриоттар әрекетімен ғана көрсетеді.

Негізі патриотизм деген – терең ұғым. Оны бір жақты қарауға болмайды. Кейде кішкентай әрекеттердің өзі отансүйгіштіктің бастауы болуы мүмкін. Мысалы, отбасыңда бала-шағаңа оң тәрбие берсең, оған ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретіп отырсаң, соның өзі – патриотизм. Өйткені ол үйден шыққан бала ертеңгі күні қоғамға араласады. Ата-анасының адал тәрбиесінің арқасында адамдарға пайдасы тиіп жатса, елдің дамуына аз да болса үлес қосып жатса, ол патриотизм емей немене?

Өз аулыңның адамдарын жақсы көру де – патриотизм. Ауыл адамдарымен дұрыс қарым-қатынаста болып, көршіңмен сәлемің түзу болса сенің елге зияның тимейді, керісінше олар үшін бір жақсы дүние жасағың келіп тұрады. Оны неге патриотизм деп атамасқа? Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Сондықтан патриотизмді тек бір ұғыммен ғана өлшеуге болмайды. Ол – күнделікті өмірде көрінетін қарапайым, бірақ өте маңызды әрекеттердің жиынтығы. Елдің дамуы да осындай ұсақ көрінетін, бірақ мәні терең істерден басталады. Әр адам өз орнында адал болып, қоғамға пайдасын тигізуге тырысса, бұл бүкіл мемлекеттің нығаюына әсер етеді.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!