Қаңтар айында айтулы бір күн бар. 12 қаңтар. Халқы Димаш деп еркелеткен Қонаевтың туған күні. Осы күні көптеген қазақстандық ел басқарған, жүректерінде ерекше орын алған тұлғаға деген құрметін көрсетеді, естеліктерін бөліседі. Тұрған жерлерінде ескерткіші бар болса, гүл шоқтарын қояды. Бұл жиында жас та, қария да, бала да жүреді. Жылда солай. Жалпы әлем тарихында қазақтан басқа билеушілерін ел болып еркелетіп, айдарлап ат қойған халық бар ма, жоқ па, бұл зерттелетін тақырып екен. Белгілісі, қазақ ширек ғасыр Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты Димаш деп атады, әлі солай атайды. Бүгінгінің баласы Димаш атамыз дейді. Осы мақаланы дайындау барысында ойымызда осы есім қалай пайда болды екен деген сауал көлденеңдеді. Ізденіп көрдік.
Ұлылардан қалған өнеге
Белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлының ұлы Бердалы Оспан өзінің «Қазақтың Қонаевы» атты еңбегінде «Дiнмұхамед Ахметұлының Димаш деп аталу тарихын белгiлi ел басшыларының бiрi Нұртас Оңдасынов былай деп еске алады: «Халық комиссарлары кеңесiнiң төрағасы қызметiнде жүргенiмде Шығыс Қазақстан облысына iссапармен барып, елдi аралап, облыс ауыл шаруашылық жайымен көбiрек таныстым. Соңғы күнiмдi атақты қызыл түстi металл комбинатына арнадым. Қасыма комбинаттың бас инженерi жас қазақ жiгiтiн қосты. Ол ұзын бойлы келген, салиқалы да, сабырлы, өндiрiс техникасын жақсы бiлетiн, бiлгiр металлург екен. Мен бiлмейтiн көп жайлармен кеңiнен таныстырып, мағлұмат бердi. Бiлiмдар, iскер мiнезiне қайран қалдым. Астанаға келген соң басшылықпен келiсiп, аппаратқа шақырып, он жылдай орынбасарлық қызметтi қалтқысыз атқарды. Ол Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаев болатын. Пленумдарда, сессияларда немесе күнделiктi мәжiлiстерде Дiнмұхаммед деген ұзын есiмдi атаудың орнына Димаш деп ат қойып едiм, ел-жұрт осылайша қоштап, қуаттап кеттi…» деп жазыпты. Ұлылардан қалған өнеге осындай екен.
Елімізде Қонаев атындағы мектеп те, көше де аз емес. Қонаев салдырған қалалардың бірі Қапшағай бүгінде Қонаев қаласы аталады. Талдықорған облысының орталығы. Үшінші мегаполис Шымкентте Қонаев атында даңғыл бар. Сол даңғылдың Тәуке хан даңғылымен қиылысқан тұсында ескерткіші тұр. Еңселі емес, бірақ бұл ескерткіштің еңсесін халықтың ықыласы көтеріп тұр. Биыл да 12 қаңтарда ескерткіш жанына ірі мемлекет және қоғам қайраткерінің көзін көрген замандастары, ізінен ерген, қамқорлығын көрген інілері, есімін құрмет тұтатын жасы бар, жасамысы бар бір қауым ел, қала билігінің өкілдері, Қонаев мектебінің оқушылары жиналды. Гүл шоқтары қойылды, естеліктер айтылды. Ұсыныстар да болды. Соның ішінде Шымкент қаласының жаңа тынысы «Шымсити» аумағындағы осы аттас саябаққа Дінмұхамет Ахметұлының аты берілсе, «Қызғалдақ» сарайының алдына еңселі ескеткіші орнатылса деген ұсынысты жиналғандар құп алды. Егер қазына тарапынан қаражат тапшылығы болса, ел боп қаржы жинауға дайынбыз десті. Бұл да елдің Қонаевқа деген ықыласының ерекше екенін көрсетсе керек.
Қонаев пен Асқаровтың қатар тұрған ескерткішін бұдан оншақты жыл бұрын кәсіпкер Ержан Қалдыбаевтың өз қаржысына құйдырғанынан қоғамның хабары бар. Қос алыптың пікірлесіп тұрған сәтін көрсеткен мүсіннің өзі 3,5 метрді, тұғыртағымен қосқанда 7 метр. Бірақ түрлі себептермен бұл сәулет туындысы әлі күнге Шымқаланың ескерткіштер тізімін толықтыра қойған жоқ.
2027 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, академик, техника ғылымдарының докторы үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлының туғанына 115 жыл толады. Биыл айтылған ұсыныстар сол датаға дайындықтың басы болса керек.