Сталинге хат жазған қазақ қызы

Авторы:

16.01.2026

Сталинге ультиматум қойып хат жазған қазақ қызын білесіз бе? Оны Болгарияда өлтірген кім? Заманында бай, бақуатты әулет Маман байдан тараған ұрпақтың атақ-даңқы аспандап тұрған еді. "Қазақ" газетінің тоқтап қалмауы үшін қаржылай қолдау көрсеткен, қазақтағы тұңғыш романға бәйге жариялаған, Мамания мектебінің негізін салған бұл әулет туралы көптеп жаза беруге болар.

Халида Маманова Талдықорған облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Ауқатты, текті әулеттен шыққан Халида 10 жасында әкесімен бірге қуғын-сүргінге ұшырап, Пермь қаласына жер аударылады. Қапал қаласы құрылысында ерен еңбегі үшін Ресей империясы әкесі Есенқұл Мамановқа граф деген титулды берген болатын. Қазан төңкерісінен соң, қазақ даласындағы бай-бағландардың, текті тұқымның қуғын-сүргінге ұшырағаны бәрімізге белгілі. Бір ғана Маман әулетінен он бес адам ату жазасына кесілді. Сол әулеттен шыққан, сол әулетке қатысы бар 36 отбасын жер аударып жіберді. Біздің кейіпкеріміз медицина ғылымының докторы Халида Маманова осы әулеттің тұқымы еді. 

Халида Есенқұлқызы ата жолымен білім қуғысы келеді. Әуелі қысқа курстарда, одан кейін техникумға, сосын медицина институтына оқуға түседі. Бірақ "байдың қызы" Халиданың тегін білген соң оны оқудан және комсомол қатарынан шығарады. Алайда, түрлі сынақтардан өтіп, оқуын қайта жалғауға мүмкіндік алған Халида 1941 жылдың 31 желтоқсанында Молотов атындағы Қазақ медицина институтын тәмамдап, емдеуші-дәрігер мамандығын алды. Содан соң Ғылым академиясында физиология институтының аспиранты болып, тағы да оқуда қалды.

1942 жылдың ақпанында әскер қатарына шақырылды. Медицина институтының түлегіне лейтенант шені берілуі тиіс болатын. Бірақ Халидаға ондай лауазым бұйырмады. Тіпті оған медбике болуға да рұқсат етілмеді. Міне, осы уақытта Халида Маманова Сталинге хат жазады. Хаттың мазмұны "Халық жауы болсам, айыпкерлер ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз" дегенге саятын. Осылайша Халида айыпкерлер батальоны – штрафбатқа кетеді.

Соғыстан оралған соң да Халида Маманова штрафбаттағы азабы туралы ешкімге ақтарылып сырын ашпапты. Одан соң Халиданы авиабатальонға ауыстырды. Әскери қызмет №821 батальонда жалғасып, Халида амбулаторияның бастығы болып тағайындалды. Батальон Сталинградтың түбіндегі кескілескен айқасқа басынан аяғына дейін қатысты. Одан соң 4-Украина, 3-Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауын азат етіп, 1 және 2-Украина майдандарының құрамында Польша, Чехославакия, Германия, Австрияны азат етті. Халида Берлинге дейін тірі жетеді.

1943 жылы Халида Есенқұлқызына медициналық қызметтің аға лейтенанты деген шек берілді. Одан бөлек, "Сталинградты қорғағаны үшін", "1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медальдарымен және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. 1945 жылы майданда жарақат алып, елге қайтарылды. 1946 жылдың ақпанынан бастап Қазақ медициналық академиясында патологиялық физиология кафедрасына ассистент қызметімен жұмысқа тұрып, 1950 жылдың қыркүйегінде кандидаттық диссертациясының тәжірибелік кезеңін аяқтады. Бірақ тағы да ата-бабасының бай болғандығы Халиданың жолын кесті. Оған ғылыми жұмысын қорғауға мұрша бермеді.

Халида еңбегін Мәскеуде қорғап, медицина ғылымының кандидаты деген атақ алды. Кейіннен бүкіл кеңестер елінде «дәрігерлер ісі» басталғанда, Халида Есенқұлқызы да осы алақұйынның назарына ілікті. Жетекшілері Халидаға тауға кете тұруды, кейін бәрі орныққасын, сақтандыру дәрігері болып оралуға кеңес берді. Содан соң Халиданы Қарағанды қаласындағы медицина институтына жіберді. Ал 1959 жылы Ақтөбе қаласында жаңадан медицина институты ашылып, ректоры болып тағайындалған курстасы кафедра меңгерушісі ретінде шақырды. Халида сол қызметте жиырма жыл тапжылмай жұмыс істеді. Дәл сонда отырып, докторлық диссертациясын қорғады. 1969 жылы жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешімі бойынша, медицина ғылымының докторы атанды. Қатерлі ісік туралы ғылыми еңбектері Парижде өткен халықаралық конгресте оқылды.

Докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғап, елге оралған соң Халида Есенқұлқызы студенттер арасында халық аспаптары ансамблін құру туралы бастама көтерді. Сол-ақ екен, обкомнан шақыртып, дереу дәрігерді «ұлтшыл» деп айыптап, «социалистік ағарту және білім беруге қауіп туғызушы» ретінде бағалады. Халиданың Мексика мен Орталық Америкаға жасамақ болған сапарының жолын кесті. Тек социалистік Болгарияға баруға ғана рұқсат етті.

Ақтөбе дәрігерлерінің делегациясының құрамында Болгарияға аттанған Халида Маманованың бірнеше күн демалыстан соң суға кеткен денесі табылған. Судмедэксперттер оның кешқұрым суға кеткенін айтады. Ал туыстары, таныстары оның дәл сол мезгілде суға түскенді ұнатпайтынын тілге тиек етеді. Марқұмның денесінен көгерген үлкен дақ байқалған. Оны дәрігерлер суға кеткенде бірдеңеге ұрып алуы мүмкін деп болжам жасаған. Бәлкім, әлдекім ұрған да болар? Марқұмның денесін тек екі апта өткен соң ғана туыстарына берген.

Қазақстан Республикасының 1993 жылы 14 сәуірде шыққан "Репрессия құрбандарын жаппай ақтау туралы" заңына сәйкес, Халида Есенқұлқызы Маманова репрессиядан зардап шегуші деп танылып, ақталды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік-Батыс ауданының бір көшесіне Халида Есенқұлқызы Маманованың аты берілген.

Е.АСЫЛБЕКОВ