Құрттың пайдасын білесіз бе?

Авторы:

16.01.2026

Денсаулықтың құпиясын шетелден іздемейік. Ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулықтың құпиясын біздің ата-бабамыз біледі. Қазақ халқы асты үш түрге бөледі. Олар – ақ (сүт тағамдары), қызыл (ет тағамдары) және көк (жеміс тағамдары). Мал және онан алынатын өнімдер – қазақтың басты байлық қоры. Соның ішінде ұлт тағамдарының негізгі көзі болып табылатын сүттің орны бір бөлек. Сүт тағамдарын халық бір сөзбен «ақ» деп атайды. Осы ақтан бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы халық аса бай тәжірибе жинақтай жүре одан жүзден астам тамақ түрлері мен дайындау әдістерін жасаған.

Қазақ халқының сүттен жасалған ұлттық тағам ретінде кеңінен қолданатын тағамының өте көне түрінің бірі – құрт. Құрт ежелгі замандарда қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін өз қасиетін жоғалтпай, жақсы сақталған ұлттық тағам ретінде пайдаланылады. Құрт – малдың сүтінен дайындалатын, ұзақ уақыт сақтауға арналған тағам. «Құрт» сөзі «құрғатылған, кептірілген сүт» деген мағынаны береді. Құрт жыл бойына, кейде 2-3 жылға дейін сақтала береді. Кұрт – күшті ас, ол әртүрлі тамаққа қосылады. Қалтаға салып жүруге де өте ыңғайлы. Бір қап шекілдеуікпен бірдей. Көшпенді халықтардың негізгі тағамдары болғандықтан, жеңіл болуы да ескерілген. Көлемі кішірейсе де, құрамындағы дәрумендер мөлшері сол күйінде қалады. Қыр баласы жолда кетіп бара жатып қарны ашса, қалтасынан құрт алып жейді. Осылайша түстеніп алады десек те болады.

Кейбір адам құртты «аштықтан құтқаратын дәрі» деп те атайды. Бұл сіздерге белгісіз өнімнен жасалған консервілер емес. Ал сорпаны қаласақ, бірнеше құртты суға езіп ішуге болады. Оның жүрек айнығанда көмектесетін қасиеті бар. 100 грамм сүзбенің қуаты 227 кк болса, құрттікі – 370,1. 100 грамм құртта 3 грамға жуық ақуыз, 3,2 грамм кальций мен фосфор қосындылары, белгілі мөлшерде А1, В2, Д дәрумендері бар. 100 грамм құрттан ағзаға 60-қа жуық килокалория беріледі.

Құрт – кальцийдің көзі, сүйектің қатаюына, көздің көруіне, тістің түзу және қайратты, азулы өсуіне, асқазанның ас қорыту сөлін қалыпты бөліп шығаруда өте пайдасы зор. Тоқсаннан асып, жүзге қарай бет алған қай қариядан ұзақ жасаудың сырын сұрасаңыз, міндетті түрде ағарған ішіп, құрт жейтінін айтады. Кәдімгі құрттың ұзақ өмір сүруге септігі бар-жоғын ғалымдар да зерттей келе зерделі ойларын паш еткен-ді.

Құртты көп жеген адамдарда ішкі секреция бездері дұрыс жұмыс атқарып, ішкі мүшелердің қызметі жақсарады. Әсіресе, қанайналымы жақсарып, түрлі бездердің қызметін жақсартады. Құрттың май құрамы төмен болғандықтан, бауырдың майлануы, іштің өтуі сияқты ауруларға шипалы ем болады және көптеген аурулардың алдын алуға көмектеседі. Кальций сүйек ұлпаларын қатайтады, коллагеннің қалыптасуына қатысады. Кальцийдің көп мөлшерін қолданатын адамдар (әсіресе әйелдер) өздерінде остеопороздың даму қаупін төмендетеді. Жасы ұлғайған кісілерде зат алмасу баяулай бастайды, сондықтан құрттың құрамында кездесетін қарттарға қажет, зат алмасуды және бауырдың қызметін жақсартатын холин және метионин деген заттар бар және құртта В тобының дәрумендері болғандықтан, қарттарда жиі кездесетін атеросклероз ауруының алдын алады. Құртты көктем, жаз айларында жеген өте пайдалы, себебі көктемде авитаминоз, яғни, дәрумендердің жетіспеушілігі байқалады. Ал құрт оларды үйлесімді түрде толтырады. Жаз айында ыстық шай ішкен кезде, адам термен бірге тұзды да жоғалтады. Сол жоғалған тұздың орнын толтыруға құрттың көмегі зор.

Ыстық құрт өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған. Жас босанған келіншектер 40 күнге дейін ана сүті құнарлы болсын деп құрткөжені ішкен. Ал іркіттен бөлініп алынған сарысудың да адам пайдасына қосары мол. Мысалы, малдың ыстығы көтерілсе сарысуды шүберекке малып алып ауырған жануарды орап тастаса, ыстығы бірден түседі. Шашты сабынмен жумас бұрын сарысуға батырып, одан соң 10 минуттай ұстай тұрған соң сусабынмен жуса, көлемін ұлғайтады және шаштың түбі бекіп, жылтырай түседі. Ал үш мезгіл бетті сарысумен шайса әжімденуден арылып, адам жасарады. Құймақ жасарды (блины) сүтке араластыра, құймаққа ерекше дәм береді. Сондықтан сарысуды ысырап қылуға болмайды.

Құрт осы күні көптеген ұлттардың сүйікті тағамына айналып үлгерді. Бір рет дәмін татқан соң қазақстандықтарға тапсырыс беріп жататын шетелдіктердің оқиғаларын жиі естуге болады. Құрттың пайдасы мен тағамдық құндылығы туралы көп айтуға болады және оны бәрі біледі. Алайда, қазіргі кезде құрттың ұлттық мәртебесі жоқ. Құртты сүйіп жейтін қазақ халқы қазіргі кезде оны сирек жасайды және де үлкен масштабты өндірістер жолға қойылмаған, технологиясы жасалмаған. Сүт тағамдарын жасайтын фирмалардың өнімдерінен де құртты кездестіре бермейміз.

Құрт көп жағдайда көшедегі дөңгершектерде немесе базарларда сатылады, оны үй жағдайда жасап, шағын көлемдерін сатады. Ондай құртты бірі алса, бірі алмайды. Сондықтан, осы уақытта құрттың дәмі жоғалып бара жатыр деген қорытындыға келуге болады. Тістің бұзылуына әкелетін, құрамында қант пен консерванттары көп кәмпитті кальцийге бай құртпен алмастыру қажет. «Чупа-чупс» пен түрлі-түсті соратын мәмпасиға қатты құрт түрі – таптырмас алмастырылғыш.

Құрт пен ірімшік – көшпенділер ойлап тапқан тағам. Бұл қазақ халқының жекеменшік ұлттық тағам түрі, бұны қазақтың дәстүрі мен тұрмыс-салты дәлелдейді. Құрт сөзінің аудармасы да жоқ. Қазіргі мақсатымыз – құртты ұлттық брендке айналдыру, оның жасау технологиясын жоғалтпау, технологиясын жетілдіріп, түрлі құрт түрлерін жасау, өндірісін жолға қойып, бұл тағам түрін әр қазақтың күндік тағам рационына қосу. Сонда денсаулығы мықты, күшті батыр жігіттері және әдемі қыздары бар ұлт боламыз.

Қымбат АХМЕТОВА