Көптен бері ойда жүрген жас қазақ аналарына айтсам деген өтінішім еді. Жасы қырыққа келіп қалған, орыс тілін ана тілім дейтін, ағылшын тілін толық меңгерген, шетелдік компанияда жақсы жалақымен қызмет ететін, бірақ әлі үйленбеген, әлі күнге анасының «құндағынан» ұзамаған «ересек сәбиді» кездестірдім. Анасы оны бар мүмкіндігін салып жақсы тәрбие мен жақсы білім беріп, өз парызын артығымен орындағанын мақтаныш етіп отыр. Қазақ әйелі баласын бақытты ету үшін өз ортасынан, өз ұлтынан жерініп, өзге тілде, өзге елдің мінез-құлқымен өсірген. Оны әлі де мақтаныш көреді. Ал, әлгі «құндақтағы сәби» қазақ ортасында өзін өз жасына лайық ұстай алмай, ерсі жағдайға түсті. Ол ерсілікті де анасы оның «артықшылығы» ретінде танытқысы келеді, ол отырғандарға жиіркеніш тудырғаны анық. Ойыма жоғарыдағы өлең жолдары түсті:
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге жылағанын...».
Өзінің тегінен, тірегінен айрылып қалған мүсәпір жан құлаған қайыңды елес етті, оған аяй қарадым. Оны сондай жағдайға әкелген анасына ренжідім. Адам баласы қуыршақ емес қой, ойына келген түрге айналдыра салатын. Оның түп тамыры, тегі бар, солардан келе жатқан ерекше киелі салт, қадірлі қасиеттері бар. Баланы сен туғаныңмен, ол – белгілі бір ұлттың бөлшегі, сол ұлтты жалғастырушы, белгілі атаның мұрагері. Оған қиянат жасауға анасының құқы жоқ. Анасы о баста сол әулетке келін болып келді. Әулеттің аманатын мойнына парыз етіп алды. Ал, бұл әйел сол аманатқа қиянат жасаған, өкінішке орай, оны өзі сезбейді. Бүкіл ұлтты бір нар тұлғалы азаматынан айырып отыр. Отағасы болып, қасқайып төрде отыратын жаста бүгежіктеп, қайда отырарын білмей анасына жалтақтап тұр... «Отызында орда бұзып, қырқында қамал алатын» ұлт мұрагері өз орнын ала алмай сәби болып жүр.
Бала тәрбиелеп отырған қазақ келіндері, мойындарыңда үлкен парыз бен қарыз барын ұмытуға болмайды. Өзге елдің тілін білдір, білімін де алсын, Абай айтқандай, солармен терезесі тең сөйлесіп, өз сыбағасын жегізбеу үшін ол керек. Ал, перзенттеріңді ата-баба салты мен жол жоралғысынан бездіріп, тегін ұмыттырып, мәңгүрт етулеріңе жол беруге болмайтынын айтқым келеді. Ондай перзент өзегіне құрт түскен ағашпен бірдей. Ешнәрсеге жарамсыз. Адамды сенімді ететін – оның түп санасында қанмен берілген ұлттық код, ұлттық рух. Оны жойып алса, ол мүсәпір жанға айналады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқан «Ұлды ұлша тәрбиелесең, ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады» деген сөзінің мәніне үңілуді өтінемін. Ұлт болашағының санасын бұзып, өзге елдің құлына айналдырып алмайық.