Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі

Авторы:

16.01.2026

Қазақтың ұлттық киімдерінің бірі саналатын кимешек туралы не білеміз? Олардың кескіні әр өңірде әртүрлі болып келетінінен хабардарсыз ба? Кимешекті келіншек босанғанда жөргек, кейде тіпті адам қайтыс болғанда кебін ретінде пайдаланғаны туралы ше?

Иә, ана мәртебесін асқақтатып, әйел затына деген құрметті айшықтайтын бұл бас киім ғасырлар бойы қазақ қоғамында ерекше мәнге ие болып келді. Кимешек – тек бас киім емес, киелі мұра. Кимешек киген ана қай жерде де төрден орын алады. Ол әйел затының абыройын айқындайды. Бүгінде ұмыт бола бастаған осы құндылықты жаңаша жандандырып, заманауи өмірге бейімдеп жүрген жандардың да еңбегі зор. Солардың бірі – ұлттық киімді, оның ішінде кимешекті насихаттауды өмірлік мұратына айналдырған шымкенттік қолөнер шебері Ақмарал Жұматайбекқызы.

Ол титімдейінен ине-жіпке жақын болып өскендіктен, төрт жасында-ақ атасының қол тігін машинасына отырып, ине сабақтап, түзу тігістер тігуді үйренген. Сондықтан шығар, 15 жасында-ақ кәсіби түрде тігін тігуді игеріп алды. Бұған әжелері Мейіргүл мен Жаңылсын, сондай-ақ нағашы атасының тігіншілік өнері үлкен ықпал етті.

Отбасылық өмір мен тұрмыс та оның өмір жолына жаңа жауапкершілік жүктеді. Төлеби ауданына қарасты Төңкеріс ауылындағы көпбалалы отбасының келіні атанған Ақмарал үшін тігіншілік тек кәсіп емес, тіршілік көзіне айналды. Ел үшін ауыр тоқырау жылдарына тап келген жас ана отбасын асырау үшін үй жағдайында тігін тігумен айналыса бастайды. Төртінші қызын дүниеге әкелген соң бала тәрбиесіне байланысты кәсібін уақытша тоқтатқанымен, 2007-2008 жылдары жеке кәсіпкер ретінде ательеде жұмысын қайта жандандырады. Дәл осы кезеңде оған күнделікті киім тіккізуге келген хиджаб киетін қыз-келіншектердің бірінің: «Күнделікті өмірде кимешек көптеп табылмайды. Ұлттық киіміміз нарықта неліктен кеңінен сұранысқа ие емес? Егер сіздер тіксеңіздер, біз неге алмасқа?» – деген сұрағы оның өмірінде жаңа бағыттың басталуына себеп болды. Асылында, бұл сауал Ақмаралды  терең ойландырып тастады.

 «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы даналардың сөзіне үңілген Ақмарал көп ойланбастан кимешек тігу ісін қолға алады. Алдымен өзі оқыған №25 мектептің кітапханасынан «Қазақтың ұлттық киімдері» кітабын тауып, кимешектің тарихын, пішімі мен тігілу тәсілдерін зерттейді. Кітаптағы суреттерді телефонына түсіріп алып, тәжірибе арқылы ұлттық бас киімді қайта өмірге әкеледі. Көп ұзамай ұлының мектебінде өткен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған отбасылық байқауда кимешек киіп қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленеді. Бұл жеңіс оның көпшілік арасында ұлттық киімге сұраныстың артуына деген сенімін нығайтып, жігерін одан әрі жани түсті.

Зерттеу барысында ол кимешектің тамыр-тарихына біршама қанық болып, ұлттық бас киімнің тәрбиелік мәніне де ерекше назар аударды.

– Қазақ дәстүрінде әйел дүниеге бала әкелген соң ғана кимешек киген екен. Себебі бала емізу кезінде кимешек төсті жауып тұрады. Оның үстіне әйел баласын жалаңбас отырып емізсе шайтан түртіп, баланы аузына қайызғақ түсіп кетеді деп ырымдаған көрінеді. Ал кішкентай қыздар мен ұзатылатын бойжеткендер тақия, бөрік секілді бас киімдермен жүрген. Яғни қазақ әйелдері ешқашан жалаңбас болмаған.

Жас келіншектер кимешектерін түрлі өрнекпен әшекейлеп, сән-салтанатпен киген. Кимешектің үй шаруасына арналған қарапайым түрлері және қонаққа, жиын-тойға киетін сәнді нұсқалары болған. Сол себепті әйелдер кимешекті жағдайға қарай бөлек пайдаланған. Ертеде кимешектер алтын зерлі жіптермен кестеленіп, аса қымбат бағаланған. Халық оны кейде алты құлынды биеге теңеген.

Өзім кәсіби этнограф-зерттеуші болмасам да, жүрген жерімде, Көкшетау, Қызылорда, Семей секілді еліміздің кез келген өңіріндегі мұражайларға бас сұғып, кимешектің түп-тұқиянымен тереңірек танысуға тырысамын. Бір байқағаным, кимешектердің кескіні әр өңірде әртүрлі болып келеді екен, – дейді ол.

Сонымен қатар, қолөнерші кимешектің күндігі туралы да біршама қызықты ақпарат айтты. Күндік – кимешек үстінен сәндеп оралатын бөлігі.  

– Күннен қорғаныш болып табылатындықтан оның атауын күндік деп атаған. Ертеректе басқа орайтын күндіктің ұзындығы 2 метрден 40 метрге дейін жеткен. Ол кезде матаның ені кішкентай, шамамен 50-80 см болған. Сол мәлмәл матаны басқа күндік ретінде қолданған. Мұның мәнісі, күндік көптеген кәдеге жараған. Мысалы, жол-жөнекей келіншек босанғанда, жөргек ретінде ораған. Кейде жазатайым жарақат алған жағдайда жарақатты таңу мақсатында пайдаланған. Кейбір жерлерде ас қоятын дастарханның орнын да алмастыра алған.

Көш кезінде кенеттен кісі қаза тапқанда мәйітті орайтын кебін мақсатында да қолдануға мәжбүр болған. Ақырет киімі саналатын кебінді ер азаматтар сәлде етіп ораса, аналарымыз күндік етіп тартқан деседі.

Жалпы, қазақ даналығында кимешектің киелілігін айқындайтын тағылымды деректер көптеп кездеседі. Соның бірі – ел аузында сақталған мынадай оқиға. Бірде кедей отбасына түскен жас келіннің үйіне қадірлі қонақ келеді. Үйіндегі көне көрпешенің жыртық-жамауын жасыруды ойлаған келін амалсыздан бетіне күндікті төсейді. Алайда келген қонақ киелі деп танылған күндікке отырмай, оның астындағы көнетоз көрпешеге жайғасқан екен. Бұл әрекет кимешек пен күндіктің қазақ қоғамында аса қастерлі, қасиетті бұйым саналғанын аңғартады. Осы бір мысалдың өзі кимешектің әйел затына ғана емес, тұтас ұлт танымындағы айрықша орнын айқын көрсетеді, – дейді ол.

Ақмарал Жұматайбекқызы қолөнер шебері шығармашылығын шыңдау мақсатында 2019 жылдың қаңтар айында Instagram парақшасын ашып, өз кәсібін кеңінен таныта бастайды. Бұған дейін өз қолынан шыққан ұлттық киім – кимешектерді Шымкенттегі «Самал» базарында саудалаған болатын. Кейін Facebook пен TikTok әлеуметтік желілері арқылы да танымалдығы артып, тапсырыстар көбейді. Ол кимешектің кестелі, шашақты, әшекей тастармен безендірілген түрлерін тігеді. Сонымен қатар, жас келіндерге арналған желектің сан алуан нұсқасын ұсынып, бүгінде оның да өз тұтынушысын қалыптастырып үлгерді. Қазіргі таңда оның кимешектеріне Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар қалаларынан сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, Ресей, Польша, АҚШ, Корея елдеріне де Қазпошта арқылы жөнелтіледі.

«Мақсатым – кимешек тігіп, оны келер ұрпаққа аманат ету. Сол арқылы қазақ әйелінің асыл болмысын сақтай алсам деген арманым бар», – деп түсіндірген Ақмарал Жұматайбекқызы Шымкент, Жезқазған, Ұлытау өңірлерінде ұлттық киімдер, оның ішінде ерекше киелі мәнге ие кимешектердің дефилесін де өткізді. Сол арқылы қазақ әйелінің абыройын айшықтайтын, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптейтін өнерді насихаттады. Тіпті, ұлттық өнерге қосқан елеулі үлесі еленіп, ол профессор атағына да ие болды. Кимешек арқылы кәсіп жасап қана қоймай, ұмыт бола бастаған қазақы болмысты қайта жаңғыртып жүрген осындай жанашыр жандар барда ұлттық мұрамыздың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.

Әлия ӘУЕСБЕКОВА