Бәкіржан Айдарбек – ұлттық қолөнердің хас шебері. Бүгінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында ұстаздық қызмет етеді. Ол қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғырту бағытында табиғи материалдармен жұмыс істеуді оқушыларға үйретудің бірегей әдістемесін әзірлеген. Ұлттық тәрбие мен қолданбалы өнерді білім беру процесіне кіріктіру бағытындағы еңбектері өңірлік және республикалық деңгейде мойындалған.
Ұлттық мұраны дәріптеп жүрген Бәкіржан ағайдың шығармашылыққа қызығушылығы бала кезінен басталған, қолынан шыққан әрбір бұйым тек көркемдік туынды ғана емес, сондай-ақ тарих пен дәстүрдің, мәдени мұраның бір бөлшегі. Уақыт өте келе ол күнделікті қолданылатын заттарды, халқымыздың өткенін және салт-дәстүрін өзіне тән ою-өрнектер арқылы бейнелейтін ерекше бұйымдарды жасаумен айналысады. Шебердің қолынан шыққан ожаулар ұлттық дәстүрдің көрінісі, әрқайсысы ұлттық таным мен шеберлікке құрылған. Соның ішінде тарихи мәні зор туындылардың бірі - «Тайқазан» ожауы. Бұл бұйым тек көркемдік мәнімен ғана емес, тарихи мазмұны мен рухани құндылықтарымен де бағалы. Киелі тұт ағашынан жасалған «ғасыр ожауы» бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Құнды бұйымдар» мұражайында сақтаулы.
Осы бірегей туындылардың сырына үңілу үшін Бәкіржан ағайды әңгімеге тартып, оның шеберлігі мен шығармашылық жолы туралы сырлы сұхбат құрдық.
- Бәкіржан ағай, сіздің шеберлікке және ожау жасауға келу жолыңыз қалай басталды?
- Мен мүсінші болуды бала кезімнен армандадым. Қастеев училищесіне үш жыл қатарынан түсе алмай, әскерге аттандым. Бір жарым жыл борышымды өтеп қайттым. Ауылға келген соң анам «Мать-героиня» медалін кеудесіне тағып алып, мені училище директорының алдына бір-ақ апарды. «Балам осы оқудан басқа оқуға түспеймін дейді, үш жыл болды келіп-кетіп жүргеніне, художник болам деп жүр», - деп түсіндірді. Ақыр соңында орынға талас күшті болса да, бутафор факультетіне түстім. Бос қарап отыра алмайтын мінезім бар, содан мақтаға барып мақта теріп, жүзімдікте жүзім теріп, барлық жұмыстарға қатысып, белсенділігімізбен көзге түстік. Төрт жыл оқыған оқуымды сәтті тәмамдадым. Кураторымыз өте ұқыпты және жауапкершілігі жоғары адам болды, бізге қабілетімізге қарай тапсырмалар беріп отырды. Сол кезде Мәдениет институтында Әл-Фарабидің мүсініне дейін жасап, тағы басқа да шығармашылық тапсырмаларды орындап жүрдім. Училищені бітірер кезде мені және тағы бір жігітті Ленинградтағы Репин атындағы көркемсурет институтына жіберетін болды. Қуанышымда шек болмады, ауылға құстай жетіп, осы жетістігімді анама айттым. Бірақ анам алысқа жіберуден қорқып, жазда амалын тауып мені үйлендіріп жіберді. Ал отбасылы адамдарды ол жаққа жібермейді екен. Осылайша Ленинградтағы оқу мен үшін қол жетпес арманға айналып қалды.
Содан ганчта ою-өрнек ою бойынша еңбегімді сәтті қорғап, дипломымды алып елге қайттым. Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінің тумасымын. Әкем дәнекерлеуші. Мен совхозда плакаттарға сурет салып, мерекелік шаралардың барлық безендіру жұмыстарын атқарып, композициялық жұмыстар орындап көзге көріндім.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кабинеттерге тұңғыш президентіміздің портретін арнайы тапсырыспен салдым. Кейін ауыл мектебіне жаңа директор келіп, ауылдағы суреттерімді көріп, өзі арнайы шақырып, мектепке жұмысқа алды. Сөйтіп, сызу мен бейнелеу өнерінен сабақ бере бастадым. Алғашында қатты қобалжыдым. Педагогикалық білімім жоқ, сахна безендірушісі мамандығын алғанмын, театрда жұмыс істеуім керек еді, енді мектепте балалармен қалай жұмыс істеймін? Мүсінші болам деп жүрген мен қалай мұғалім болып кеттім деген оймен қатты арпалыстым. Бірде радиодан бір журналистің жазушыдан: «Аға, бір жылда бір том жазасыз, не деген таусылмайтын сөздер бұл?» – деп сұрағанда, жазушының: «күніне бір парақ жазсам, жылына 365 бет болады, бір том болмай не болды», – деп жауап бергені есімде еді.
Сонда түсінгенім, шығармашылыққа адам күніне бір-ақ сағат бөлсе де жеткілікті екен. Бірақ сонда да мен немен айналысамын деген сұрақ мазамды алды. Карикатура салайын десем - «Ара» журналында ондай дүниелер толып жатыр. Пейзаж, мүсін, қолөнер бұйымдары - бәрі мұражайларда самсып тұр. Сурет салайын десем де, аса бір қызықты дүние болып көрінбеді, натюрморт саламын ба, не саламын - құдды жасайтын дүниенің бәрі мен үшін ада болғандай сезілді. Өз арманымды жүзеге асыратын жаңа бір шығармашылық жол іздедім, сол ой күндіз-түні маза бермеді.
Содан бір күні жұбайымның әжесінің үйіне бардық. Жасы тоқсаннан асқан, көзі көрмейді, Жұмакүл деген әжеміз еді, жарықтық. Мен үндемей келіп амандастым, ол қолымды сипалап тұрып: «Бәкіржан, сенбісің?» деп мені танып қойды. Көзі көрмейтін адамдардың сезу мүшелері ерекше болады екен-ау деп қатты таң қалдым. Әжеміз: «Балам, саған бір тапсырмам бар еді», - деді. Ол кезде дүкен сөрелері бос, тоқырау жылдары. «Мен темір қасықты пайдалана алмай қалдым, маған ағаш қасық жасап берші», - деп өтінді. Негізі, бұрын өзіміз қолданған украиндық ағаш қасықтарын еске түсіріп жасап берсем, жарты сағатта ойып жасар едім. Бірақ олай жасамай, «жарайды» деп уәде бердім де қойдым. Келесі жолы қайын жұртқа барғанда әжем қасығын сұрап қалмасы бар ма? Жаным қалмады, мен уәдемді ұмытып кеткенмін, «қасыққа лайықты ағаш іздеп жүрмін, апа» деп сылтау айттым. «Ой, айналайын» деп ол кісі сеніп қалды. Арада кішкене уақыт өтіп, тағы барғанымызда: «Қасық не болды?», - деді. «Ағашы кеппей жатыр» дедім тағы сылтауым таусылмай.
Енді жолыма қарап, қасығын күтіп отырған әжеге қалай-да қасық жасау керек екенін түсіндім. Содан тұт ағашын тауып, оны ойып алдым. Бас жағын дөңгелек етіп алдым да, сабын түп-түзу етіп жасай салуыма болар еді. Бірақ қолөнерге деген қызығушылығым оянып, сабын екі шашты өргендей өріп, оюлап жасадым. Мақсатым әжеме берген уәдені абыроймен орындау. Осылайша алғаш жасаған бұйымымды әжеме апарып бердім. Ол риза болып, арқамнан қағып қалды. Біраз уақыттан соң әлгі қасықты қызынан өзіме қайтарып жіберіпті. Бұнысы несі дедім де, еңбек пәнінен сабақ беріп жүрген кезім ғой, сыныбыма апарып қоя салдым. Содан бірде мектепте аудандық білім бөлімі көрме ұйымдастыратын болды. Әдетте адамдар ол көрмеге темір қалақ, көсеу сияқты тұрмыстық еңбек заттарын апаратын. Мен не апарарымды білмей, сол ағаш қасығымды апардым. Көрме далада өтті, әр мектеп үстел жайып қойған. Мен жалғыз қасығым заттардың арасында көзге түспей қала ма деп, оны тұт ағашына салбыратып жіппен байлап қойдым. Сол қасық комиссияның көзіне түсіп, қызығушылығын тудырды. «Міне, нағыз қазақтың қолөнер туындысы!» – деп бағалап, сол көрмеден грамота алып қайттым.
Ауданнан орын алып келген мені ертесіне бәрі құттықтап, бұл маған үлкен мотивация болды. Келесі көрмеге тағы жаңа түрін жасап апардым, тағы жүлде алдым. Осылайша мен қасық, шөміш, ожау жасауды біржола қолға алдым. Осы уақытқа дейін шие, жаңғақ, шабдалы, қарағаш, кәрі тұт, жас тұт ағаштарынан ою-өрнектеп 17 ожау жасадым. Соның бірі Швейцарияда, 90-жылдары сол жақта елшілікте істейтін бір кісіге сыйға тартқан едім. Жалпы бір бұйымды жасауға екі-үш ай уақыт кетеді. Ожауларыма балаға ат қойғандай ат қоямын: қол ожау, асық ожау, қазақ ою-өрнектері, шоқпар ожау, иноплонетян, тұмарша, қыран бүркіт, барыс 2030, торсық, кәрі жілік.
Кейде ойлаймын, әжемнің әлгі қасықты маған қайтарып беруінің өзі де осы қолөнерді қолға алуыма себеп болған шығар. Әжеміз әулие адам еді. Ғасыр жасап, өзінің жұма күні өмірден өтетінін алдын ала айтқан. Айтқаны айдай келді - тура жұма күні дүниеден өтті.
- Тайқазанның ожауын жасау ойы сізге қалай келді?
- 1999 жылдары Түркістанның 1500 жылдығына дайындық басталған кезі болатын. Қолымда 17 ожауым бар. Б.Сапарбаевтың облыс әкімі болып тұрған кезі. Түркістанның тойына орай жасалатын дүниелер көрмеге қойылады деген әңгіме тарап, біз де соны күтіп, қараша, желтоқсан айларын үмітпен өткіздік. Мен осы қолымдағы ожауларымды көрмеге қоямын деп жайбарақат жүргенмін. Кейіннен ойландым, ожауды жасай берсең жасай бересің, ал қазан мен ожау егіз ұғым емес пе? Түркістанда тайқазан бар, ал соған лайықты, өзінің сыңары болатын ожау неге жоқ? Бар болса болған шығар, бірақ дәл сол қазанның көлеміне, рухына сай келетін ожау болды ма екен деген ой келді.
Содан дәу ағаш іздей бастадым. Мектепте істеп жүрген кезім, аулада екі адам құшақтаса зорға жететін түп-түзу кәрі шынар өсіп тұрған. Шынар еменнен кейінгі ең мықты, сапалы ағаштардың бірі емес пе. Кәсіподақ басшысына барып: «Бір тал ексең, он тал ек» деген, мен бұл ағаштың орнына он тал егіп өсіріп берейін, маған мына шынардың қажетті жерінен үш метр беріңіз, бір тарихи туынды жасайын», - дедім. Ол кісі: «Жарайды, ертең жиналыста айтайын, бермей несі бар», - деді.
Бірақ бір себептермен мен сол жиналысқа қатыса алмай қалдым. Ертесіне асығып басшыға жүгіріп барып, «Кеше жиналысқа қатыса алмадым, ағашты беретін болдыңыздар ма?» деп сұрасам, ол кісі: «Айналайын, аулақ жүр, бұл ағашқа байланысты кеше дау шығып кетті, біреулер зейнетке шығар алдында тыныш кетейік деді, біреулер өзімізге отынға керек деп қарсы болды, әзірге беретін түрі жоқ», - деді. Мұны естіп үндемей қоя салдым, бір білетінім, мен дауласып, тартысып жүріп алғанмен одан жақсы бұйым шықпайтыны анық. Бірақ тарихи ожау жасау туралы ойым күннен-күнге пісіп, көз алдымнан кетпей қойды. Оның ішіне сақ дәуірінен бастап батырларымызды, хандарымызды, билерімізді, ақын-жазушыларымызды, ғұламаларымызды оюлап түсірсем деп қиялдадым.
Содан 2000 жылдың қаңтар, ақпан айлары өтті, наурыз айы келді. Наурыздың 8-10 күндері жаңбыр құйып, артынан қалың қар жауып, ағаштар бұтағын көтере алмай иіліп қалған екен. Таңертең мектепке бара жатқанымда көрші аулалардың арасындағы өткелмен келе жатып, бір ағаштың қатты иіліп тұрғанын көрдім. Қарасам, тұт ағашының бір бұтағы дәл кесуге лайық болып тұр екен. «Бұл бекер емес», - деп ертесіне сол үйдің иесіне барып, «мына иілген бөлігін маған беріңіз» дедім. Ол кісі: «ала беріңіз, кесетін адам таппай жүр едік», - деді. Қуанышым қойныма сыймай, жаныма бір жігітті ертіп алып, керекті жерінен бір жарым метрдей кесіп үйге әкелдік. 11 наурызда сабағымды асығыс өткізіп келдім де қиялымдағы бұйымды жасауға кірістім, сол күннен бастап шаппа-шотымды тастамай, алты ай бойы дамылсыз еңбектеніп, көптен бері ойымда жүрген тайқазан ожауын дүниеге әкелдім.
Тойдың нақты күні әлі белгісіз, үлгеремін бе, үлгермеймін бе деп алаңдап, кімді көрсем де Түркістан тойы қашан болады екен деп сұрай беремін. Бір қызығы, тайқазанның нақты түсін арнайы барып көрмегенмін. Кітаптарға қарасам, бір жерінде қоңыр, бір жерінде көкшіл түстер түрленіп тұрады. Кітапта тайқазанды Әмір Темірдің тапсырмасымен Қарнақ елді мекенінде Сәруар әд-дин Әбд-әл-Әзиз баласының жеті түрлі металдың қоспасынан құйғаны жазылған.
Сонда мен де жеті түрлі түсті бояуды алып, еріткіш қосып араластырдым. Қарасам, төгіп тастайтындай бір сұрықсыз түс шықты. Бірақ «жеті түстің қасиеті бар» деп, ожауды сол қоспамен түгел бояп шықтым да, ақ шүберекпен сүрттім. Сонда бір жері қоңыр, бір жері көкшіл, бір жері сары болып, ағаштың өз фактурасына қарай боялып шыға келді. Кепкен соң ешкінің тоң майын қайнатып, ожаудың сыртын екі қайтара сыладым. Ол май ағаштың ішіне сіңіп, тоңып қалады екен. Содан кейін су құйған едім, бір тамшысы сіңбей, суы ожаудан түгел ағып кетті.
Ожаудың ұзындығы - 1,15 метр, салмағы - 3,5 келі, сыйымдылығы - 7 литр. Ожаудың ішінде Пайғамбарымыздың өсиет сөздері, ернеуінде Абайдың өлеңі төте жазумен жазылған. Екі ғасырдың тоғысын білдіретін тиындар байланыстырылған. Әшекейлер, білезік бөлшектері, Қаратау шахтасынан алынған алтын-күміс рудасының қоспасынан жасалған сәндік элементтер бар. Көз тимесін деген ниетпен көздер салынды. Әмір Темір шырағындағы ою-өрнек, қошқар мүйіз, көне «жыланбас» білезігі, сүйектен жасалған тұмаршалар, үш бидің белгісі, Ясауи кесенесінің үлгісі, «Түркістан» деген жазулар, Әмір Темірге сыйға тартылған шырағданнан алынған элементтер – бәрі ожаудың бойына енгізілді. Сондай-ақ Ө.Жәнібековтің «Жолайырықта» кітабындағы шимай өрнектерді де қамтыдым. Осылайша тайқазанның ожауын дайындап, тойдың қарсаңында Өлкетану мұражайына өткізіп үлгердім.
- Барыс 2030 ожауы - аты да қызық, заты да ерекше көз тартады екен, ожаудың пайда болу тарихымен таныстыра кетсеңіз.
- Барыс 2030 ожауының тарихына келсек, негізі шабдалы ағашы табиғатында үш жыл жемісін береді, ал содан кейін көбінесе отынға айналады. Міне, есік алдындағы шабдалы ағаштың серейген бұтақтарын отынға қойып, бір бұтағын алып қалдым да, қалқыма ожау жасауға кірістім.
Негізі ожаудың бетінде қымыз құйылатын-құйылмайтын белгі көрінуі керек, егер беті қалқып тұрса - қымыз құйылмайды, ал егер басы ауыр болып батып кетсе - «құйып бер» деген белгі. Сондықтан бас жағын және сабының ортасын оюлап жұқарттым, ал сабының ұшын домалақ етіп қалдырдым. Бірақ әлі де ауыр болып тұрды. Сол себепті сабының ұшындағы орта жағын ойып, ішкі қуыс жасап, оған 50 тиынның елтаңбасын сыртына қаратып салып, қорғасынмен томпайтып, желімдеп бітірдім.
Әлі де қажетті ауырлық болмаған соң, ішкі қуысқа қосымша ойып, сабына қанықтыратын белгі ретінде қанат бейнесін салдым, сол сәтте өз-өзінен барыстың бейнесі көрінгендей болды. Осыдан кейін ожауға қанатты барыстың «Барыс 2030» деген атын лайықты көрдім. Одан кейін қанаттың екінші жағы бос қалды. Осы бөлікке ожау өзіндік тірі дыбыспен шылдырласын деп көз моншақ қостым. Бұл моншақ ойынға емес, бұйымның ерекшелігін көрсету үшін қойылған. Бір бетін моншақпен қаптап, екінші бетіне өз аты-жөнімді, мекен-жайымды және шабдалы ағашынан жасалған деген жазуды қалдырдым. Ожау Ордабасы ауданының 35 жылдығына орай жасалды, қазір одан бері 25 жыл өтті. Кім білсін, мыңжылдықтар өткенде ұрпағымыз зерттеу жүргізіп, осы ожаудың ішін ашып, мен қалдырған мәліметке қол жеткізбесіне кім кепіл?
- Ағай, өз жолыңызды жалғар шәкірттеріңіз бар ма? Қолөнерге қызығатын жастар көп пе?
- Бар, шүкір. Қолөнер бір адамның ғана ісі болып қалмауы керек. Сабақ барысында да, түрлі шеберлік сағаттарында да балаларға ағашпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп келемін. Кейбір шәкірттерім қазірдің өзінде ою ойып, шағын бұйымдар жасай бастады. Маған ең маңыздысы олардың дайын дүниені емес, оймен, ниетпен, сабырмен жасалатын еңбектің қадірін түсінгені. Егер бір шәкіртім ұлттық қолөнерді өмірлік жолы етіп таңдаса, мен үшін сол ең үлкен олжа.
Сондай-ақ өзімнің інім Бақытжан да Қастеев училищесінің түлегі, қолөнермен айналысады, астау жасайды, көрмелерге қатысып жүр. Қазір мектепте қолөнер үйірмесін жүргізіп, шәкірт тәрбиелеуде. Бұдан бөлек, қызығушылық танытып, ата-анасы ертіп әкелетін балалар да аз емес. Әрине, бәрі бірдей шебер болып кетпейді, бірақ сол жүз баланың біреуіне болса да осы қасиет қонса, еңбегіміздің зая кетпегені. Балаларым да өнерден алыс емес, қолынан іс келеді. Екі үлкенім медицина саласында еңбек етеді, кенжем қаржы факультетін бітірді. Ал үлкен немерем сурет салуға ерекше құмар, қолынан қаламы мен қағазын тастамайды. Өнерге деген ықылас ұрпақтан-ұрпаққа осылай жалғасса деймін.
- Уақыт бөліп, мазмұнды сұхбат бергеніңізге рахмет!
P/S: Бәкіржан Айдарбектің бұйымдары қарапайым қолданбалы заттан ұлттық тарих пен рухани құндылықтың біртұтас көрінісіне айналған шедеврлер. Әсіресе Тайқазан ожауы шебердің қолынан шыққан туынды ғана емес, ұлттың өткені мен болашағын байланыстыратын символ. Мұндай шығармалар қазақ қолөнерінің терең сырын көрсетіп, әрбір ұрпаққа ұлттық дәстүр мен мәдениеттің мәнін сездіреді. Шебердің еңбегі арқылы өнер тек көзге көрінетін әсемдік емес, халық рухының айнасы екенін түсінесіз.
Несібелі Ғайбұллақызы