Қазақстанның әр өңірінде өз өмірімен, еңбегімен және өнерімен елге үлгі болып жүрген жандар бар. Солардың бірі – Қошқарбай Сәдуақасов. Ол Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы және «Ел құрметі» медалінің иегері. Қария 72-ге келсе де, өнерден қол үзбеген жан, әлі күнге дейін қазақтың дәстүрлі әндерін құйқылжыта шырқайды. Біздің кейіпкеріміз 1954 жылы Жартытөбе ауыл округіне қарасты Аққолтық ауылында дүниеге келген. Әкесі Сәдуақас алғашқы колхоз ұйымдастырушылардың бірі. Ұзақ жылдар «Жартытөбе» совхозында қаракөл өсіру, өнімін игеру жолында еңбек еткен. Анасы Қантай Нәдірбекқызымен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Өнерпаз қариямен әңгіме-дүкеніміз балалық шаққа саяхатпен басталды.
– Менің балалық шағым Аққолтық ауылында өтті. Шөп ордық, арбамен шөп тасыдық, әкеме көмектестім. Қай жерде жүрмйеін жаным қырға шығып ән айтуды қалайтында тұратын. Сондықтан да болса керек, қайда жұмсаса да қиналмайтынмын. Қырға шықтым болды өзімді Ермек Серкебаев, ағайынды Мүсілім, Рашид Абдуллиндер сияқты сезініп, солардың дауысына еліктеп, ән айтамын. Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысынан кейін әлі елдің тұрмысы оңала қоймаған шаққа тұспа-тұс келді. Азық-түлік пен тұтыну затының тапшылығы, ауыр еңбек... Бәрақ адамдар бір-біріне мейірбан еді. Қол ұшын созуға дайын тұратын. Сол есімде қап қойыпты. Балалар біріміздің киімімізді біріміз киіп, бір нанды бөліп жеп, бір көрпені бірге жамылып жататынбыз.
– Далада ән айтудың жөні бөлек. Сахнаға қашан шықтыңыз?
–Мектепте алғаш рет «Почтальон» әнін орындағаным есімде. Терге малшынып, аяқ-қолым дірілдеп, қатты толқыдым. Бұл жолы алдымда дала емес, көрермен отырды. Солардың мысы басты ғой деп ойлаймын. Мен әнді даладан, қамыстан, таулардан, желден, бораннан үйрендім десем де болады. Шынында, Созақтың сайын даласы ән атқызбай қоймайды, қазақта әу демеген жан жоқ шығар, сірә?! Сол мектептен бастап, әскерде де, одан кейінгі жылдарда да ән жансерігіме айналды.
Қайсыбір жылдары біздің Созақ өңіріне шетелдік делегация келіп, өндіріс басында кездесу ұйымдастырылды. Сол жерде көпшілік мені ән айтуға шақырды. Сонда қонақтардың бірі таңданып: «Шынымен жанды дауыста ән салып тұр ма?» – деп сұраған екен. Сол сәттен бастап мен үшін ән айту өмірімнің мәніне айналды. Түрлі өнер байқауларына қатысуды мақсат еттім. Қонақ, жиындарда тыңдарман, әнсүйер қауым қолқаласа, пәлсініп қалмаймын. Ел сұраса, жүрегім толқып, әнге деген махаббатым мен құлшынысым одан әрі арта түседі. Музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз де айта беремін әнді. Өйткені мен үшін ән – сезім мен ойды жеткізудің, жан тыныштығын табудың жолы. Әр орындағанда тыңдарманмен байланыс жасап, олардың көңіл-күйіне әсер етуді ешуақытта ұмытпаймын.
– Қандай әндер айтасыз?
– Негізінен халық әндерін, жергілікті сазгерлердің шығармаларын орындаймын. Сонымен қатар, теледидардан, радиодан көңіліме жаққан әнді жаттап, орындауға тырысамын.
– Неге өнер жолын таңдамадыңыз?
-1962 жылы әкем қайтыс болып, барлық шаруа анамыздың мойнына артылды. Үлкен сахнаға шығуды армандайтын жаста анамызға көмектесіп, бауырларымызға жағдай жасадық, әкеміздің таяғын алып, қойбақтық. Мектеп бітірген соң оқуға баруға мүмкіндігіміз де болмады. Одан үш жыл теңіз флотында қызмет атқардым. Әскерден оралған соң Созақ ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, механизатор мамандығын алып шықтым. Оқып жүріп сол жерден болашақ жарымды таптым. Құрманкүл сол училищеде есепшілік бөлімде жұмыс істейді екен. Екеуміздің дәм-тұзымыз жарасып, 1977 жылы желтоқсан айында шаңырақ көтердік. Осы кездері анам қатты ауырып жүрген еді. «Көзімнің тірісінде келін әкел» деп қайта-қайта айта берген соң, бір жағы анамның өтінішін орындайын деп шештім. Осылай қалып қойдық.
Біз үйленген соң екі айдан кейін анам қайтыс болды. Сол жылы диплом алып, аудан орталығындағы жол жөндеу мекемесіне автогрейдерист болып жұмысқа орналастым, екі жылдан соң партия қатарына қабылдандым. Содан біраз жыл аудандық партия комитеті бюросының мүшесі болдым. Қатарынан үш рет ауылдық кеңестен аудандық кеңеске депутат болып сайланып, жергілікті халықтың сенімін ақтауға атсалыстым. Еңбек жолында бірнеше мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, кеудемізге төсбелгі тақтық. Сонымен қатар, Халықтық бақылау комитетінде он жылға жуық штаттан тыс бақылаушы ретінде қоғамдық негізде қызмет атқарып, түрлі әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға белсене араластым. Арасында ағайын-туыс пен құда-жекжаттың басын қосқан отырыстарда, жиын-тойларда ән айтып, өнерге деген сүйіспеншілігімді жоғалтпай, шығармашылық жолымды үзбей жалғастыра бердім. Мекемеаралық әншілер байқауында бірнеше рет ән орындап, өнерімді көпшілікке таныттым.
– Өнер жолыңызды қуған ұл-қызыңыз бар ма?
– Жұбайым Дүйсебаева Құрманкүлмен бес ұл өсірдік. Өнерге деген ерекше қабілет ұлым Дәулетте де байқалады.
– Өмірден түйген ең үлкен тағылымыңыз қандай?
– Өмірден түйген ең басты тағылымым – үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет жасау. Ұлтымды, тілімді, дінімді шексіз сүйемін, қадірлеп, бағалаймын. Ағайын-туыстарыма жанашыр болу, көршілерге көмек қолын созу, ақсақалдарды, ардагерлерді сыйлау. Өнерді түсініп, қадірлей білу – менің өмірлік ұстанымдарымның бірі. Осындай қағидаларым менің мінезімнің, жүріс-тұрысым мен іс-әрекетімнің негізін қалыптастырады және өмірге деген көзқарасымды айқындады.
– Қоғамда неге көңіліңіз толмайды?
– Қоғамда өтірік айтуға, адалдықтан тайып, алдап кетуге, біреудің көңілін қалдыруға, сондай-ақ орынсыз реніш тудыратын жағдайларға көңілім толмайды. Мұндай мінез-құлықтағы адамдардан аулақ жүремін. Шынайылық пен адалдық – мен үшін басты қағида, сондықтан айналамдағы адамдардың сенімді әрі таза ниетте байланыс орнатуына ерекше мән беремін.
– Қазіргі жастар жайында, өзіңізден кейінгі өкшеңізді басып келе жатқан жас буын жайлы ойыңыз қандай?
– Жалпы өзімізден кейінгі өсіп келе жатқан жастарға разымын. Олар дінге адал, ізгі ниетпен қарайды, арақ-шарап ішпейді, еңбекқор, тәртіпті және жауапкершілігі мол. Көшеде кездескенде сәлем беріп, үлкендерді сыйлайды, айналасындағы адамдармен ізгі қарым-қатынас жасайды.
– Жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Жастарға айтарым – ең алдымен, үлкендерді сыйлауды үйреніңдер. Ата-ананы, ұстаздарды, ағайын-туысты қадірлеу – өмірлік басты қағидаттардың бірі. Осыны естен шығармау керек.
Қошқарбай Садуақасов бүгінде 2021 жылы құрылған «Сырлы Созақ» ардагерлер хорының белсенді мүшесі. Ардагерлерді қолдау, олардың тәжірибесін насихаттау, қоғамдағы беделін арттыру және жас ұрпаққа патриоттық тәрбиені насихаттауға бағытталған бұл хордың құрамында 22 мүше бар. Төртеуі ардагер ағалар болса, қалғаны әжелер алқасының мүшелері. Хордың репертуарында туған жер туралы әндер, халық әндері, сондай-ақ жергілікті сазгерлердің шығармалары бар. Оларды орындау арқылы біз мәдени мұраны насихаттап, тыңдармандарға ұлттық дәстүр мен әуендердің сұлулығын жеткіземіз дейді өнерпаз қариялар.
Өнер тобы 2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық ардагерлер байқауында бас жүлдені иеленді.
Әлия ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ