Адамзаттың ұршық иіргеніне қанша ғасыр?

Авторы:

29.01.2026

Ертеде адамдар жіпті тек қолөнер бұйымы деп қарамаған. Жіп – өмірдің өзі, ал оны иіретін ұршық – тағдырды қозғалысқа келтіретін киелі құрал саналған. Сондықтан ұршық жай ғана тұрмыстық зат емес, халықтың дүниетанымында терең мағынаға ие болған.

Ұршық – адамзат тарихындағы ең көне құралдардың бірі. Ең алғашқы ұршықтар XIV ғасырда Үндістанда пайда болды деседі. Содан кейін бүкіл әлемге тараған. Бастапқыда құрылғыны қолмен қозғалтып, жуылған және тазартылған қойдың жүнін тазартып иіріп отырған. Уақыт өте келе аяқпен айналдырылатын түрі пайда болған. Бұл әдіс шығатын жіптің сапасын едәуір жақсарта түскен.

Сондай-ақ бұл қазақ даласында да кеңінен пайдаланылған. Қазақстан аумағында ұршықты шаруашылықта пайдалану сонау неолит заманынан басталған. Қола дәуіріндегі ескерткішерде басы қыштан құйылған ұршықтар қалдықтары көптеп табылған. Алайда ұршық тек тұрмыстық құрал емес, аңыздар мен ертегілерде ерекше рөл атқарған. Мысалы, «Малифисента» фильмінде қарғысқа ұшыраған ұршықтың ұшы аврора ханшайымды мәңгілік ұйқыға жіберді. Сондай-ақ қазақ аңыздары мен ертегілерінде де ұршық тікелей атала бермегенімен, жіп иіру, тағдырды ширату, өмір жібін үзу немесе жалғау секілді бейнелер жиі кездеседі. Бұл – ұршықтың символдық рөлінің белгісі. Ертегілерде дана, сабырлы, көпті көрген аналар көбіне үнсіз еңбек үстінде, жіп иіріп отыратын кейіпте суреттеледі. Бұл кездейсоқ емес. Ұршық иіру – тек қол еңбегі емес, ой жинау, өмірге зер салу сәті.

Ұршықтың айналуы уақыттың өтуіне ұқсайды. Ол тоқтамай айналған сайын жіп ұзара береді. Ертеде әйелдер ұршық иіріп отырып «Жіп үзілмесін, өмір жалғаса берсін» деп ырымдаған. Бұл –  жіптің үзілмеуі өмірдің, ұрпақтың, берекенің жалғасуын білдірген сенім. Кейбір көне нанымдарда жаңа туған сәбидің өмірі жіппен бейнеленген. Анасы ұршық иіріп отырса, баланың жолы түзу болады деп сенген. Сондықтан ұршықты үйдің төріне тастамаған, аяқ астына тастау жаман ырым саналған.

Ұршық – әйел тағдырының нышаны. «Қыз балаға ұршық үйрету – оны өмірге бейімдеу» деген сөз болған. Ұршық ұстай білген қыз шыдамды, ұқыпты, еңбекқор деп бағаланған. Сондықтан ұршық кейде қыздың тағдыры, ана болуға дайындығы деген ұғымдармен астасқан. Ертеде кей өңірлерде келін болып түскен қызға енесі ұршық сыйлаған. Бұл «Өмір жібін өз қолыңмен иір, шаңырақтың берекесін сақта» деген астарлы тілек еді.

Ұршықтың қарапайымдылығы оның ұлылығын жасырып тұрғандай. Ол үнсіз айналады, көзге түспейді, бірақ соның арқасында киім тоқылады, үй жылынады, отбасы тіршілік етеді.

Қазіргі уақытта ұршық музей қорында сақталып, дәстүрлі тұрмыс пен қолөнер мәдениетінің куәсі ретінде таныстырылады. Бұл жәдігер арқылы қазақ қоғамындағы әйел еңбегі, тұрмыстық тәжірибе және дүниетаным сабақтастығы көрініс табады. Ұршық – өткен дәуірдің күнделікті өмірін бүгінгі ұрпаққа жеткізетін мәдени мұра.

Д.КЕРІМБЕКОВА

Ұлы Дала Елі орталығы