Кітап оқуды қазір басқа да құндылықтар сияқты насихаттауға көштік. Кітапқа ықылассыз қауым қай кезден көрініс бере бастады? Есіме академик Рахманқұл Бердібайдың сөздері түсіп отыр.
Үйіне барсам, Зада апа екеуі ас үйлерінде отыр екен. Алдында өзінің «Ел боламыз десек...» деген жақында шыққан кітабы тұр екен. Амандықтан соң: «Сіз кітапты қалай оқисыз?» деп сұрады. Жайдан-жай артық сөз айтпайтын ғалымның бір нәрсеге ренжулі екенін түсіндім.
– Кітаптың авторын, атын, аннотациясын, алғысөзінен бастап соңғы нүктесіне дейін оқимын, – дедім. Тағы да дегендей жүзіме салмақпен қарады. – Егер дәрісте талданатын көркем шығармалар болса, ондағы өз мақсатыма орай үзінділерді жазып аламын. Ал ғылыми әдебиет болса, авторы мен шыққан баспасын, жылын көрсетіп, қажетті үзінділерді бетін көрсетіп жазып отырамын, – дедім.
– «Кітапты қарап шықтым» дегенді қалай түсінесің? – деді. Кейінгі жылдары студенттердің арасында, жас оқытушылардың аузынан естіліп қалып жүрген сөз ғой. Бір түрлі сескенгендей түр көрсеттім. Бірақ ұстаз жауап күтіп отыр.
– Кітаптың сыртын, авторын, аннотациясын, мазмұнын оқып, неше беттен тұратынын көру болар, соны «қарап шықтым» дейтін шығар, – дедім күмілжіңкіреп.
– Ой, сен, тіпті, қиындатып жібердің ғой, қарап шыққан адам тек сыртын көретін болар, – деп апа сөзге араласты. Ғалым: «Апаң дұрыс айтып отыр», – деп күрсінді. Ел басқарып отырған бірнеше азаматқа үлкен үмітпен кітабын ұсынып, олардан кітаптан ел қызметіне пайдалы кеңес алғанын естігісі келген екен. Арада біраз уақыт өткізіп, кітап туралы сұраса: «Иә, қарап жатырмын, қарап шықтым», – депті. Кітап оқымайтын мансапқа ұмтылған толқын жетіліп, ел басқаруға жарап қалғанына қатты ренжіп отыр екен.
Шақыртып жатыр деген соң, сабақтан шығып үйіне барғанмын. Апа самаурынын қайнатып күтіп отыр екен. Ғалым төрдегі орнында отыр. Алдында жұлма-жұлмасы шыққан «Байқалдан Балқанға дейін» деген кітабы жатыр екен. Ол кітапты байқамаған түр көрсеттім. Бірақ еш нәрсені қалт жібермейтін қырағы көзі кітапты көргенімді біліп отыр.
– «Мына кітап қай соғыстан келген?» деп сұрамайсың ба? – деді. Сол кітапты мен бүлдіргендей қатты ыңғайсыздандым.
Ә.Нұршайықов «Абай» романын соғыстан аман алып келеді ғой. Алдында өлім шашқан ауыр соғыс, соның арасында тар окопта отырған қазақ жауынгерлері сол романды оқыған. Бір әрпіне, бір бетіне дақ түсірмеген екен. Авторына сыйлағанда, заңғар жазушы қатты толқыған. Жазғанын халқы сүйіп оқығанына риза болған. Ғалым «Менің кітабымның халі мынандай...» дегендей кітапқа бір түрлі мұңды көз тастады. Ол кезде университетімізде «Түрік халықтары әдебиеті» пәні оқытылатын. Сол пәнге ғалымның кітабын оқулық ретінде пайдаланылатын. Ғалымның жақын туысының баласы кітапты сұрап алған. Ал, қайтарғандағы халі анау... Біраз үнсіз қалдық.
– Сонда кітаптың құны бір емтиханнан өту болғаны ма? Оны оқып, кәделеріне жаратса, өкініш жоқ қой. Әрқайсысы сол емтиханға кіргенде сұрақтарына орай беттерін жұлып алып отырған. Мүмкін, біреуі мына жақтан жыртып беріп тұрған. Сонда ол білім бе? Емтиханнан өткен соң, ол пәннен жарты жыл оқығандарында алғандары кітапшасына түсетін бір баға ма? Кітаптың иесіне, оның авторына кітапты мынадай жағдайда қайтарып отырғандардан не күтуге болады? Кітапты қалай оқиды? Ықылассыз, құрметсіз, тұшынбай оқыған соң санасына сәуле түсе ме?
Кітабын емес, өз жүрегін тілгілегендей күңіренген абыздың бетіне қарай алмадым. Дүние емес, кітап жинаған, бар ойын кітапқа түсіріп, ертеңге аманаттап отырған ғалымды жастардың асыл мұраға деген жауапсыздығы ашындырғанына куә болып едім.
Сіз кітапты қалай оқисыз? Балаларыңызға кітап оқуды үйретесіз бе?