Шымкент қалалық сотында «Сот төрелігін жүзеге асырудың және соттардың қызметін ұйымдастыру бойынша 2025 жылдың қорытындылары» туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға Шымкент қалалық сотының алқа төрағалары, үйлестіруші-судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, үйлестіруші-судьялары, ҚР Сот әкімшілігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы қатысты.
Жиынның басты мақсаты – қала соттарының қызметі, қылмыстық және азаматтық істер бойынша шешімдер, сондай-ақ сот әкімшілігінің атқарған жұмыстары туралы ашық әрі жан-жақты ақпарат беру болды.
Баспасөз мәслихатын қылмыстық істер жөніндегі алқаның төрағасы Б.Дүйсебеков ашып, соттарға түскен қылмыстық істердің статистикасына тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы 3 350 тұлғаға қатысты 2 856 қылмыстық іс қаралған, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен сәл жоғары. Ал 115 іс осы жылға қалдық ретінде өткен. Бұдан бөлек, Б.Дүйсебеков алқамен 32 үкімнің жойылғанын, ал 91 үкімнің өзгертілгенін атап өтті. Анығын айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қатысты 56 тұлғаға қатысты 25 іс үкім шығарумен аяқталған. Аталған үкімдер бойынша 34 адам бас бостандығынан айырылып, 11 тұлғаға айыппұл салынған, 9 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған, ал 2 тұлға шартты түрде жазасын өтейді. Айыппұлдың жалпы сомасы 189 млн. теңгені құрап, оның 180 млн. теңгесі мемлекет пайдасына төленген. Сондай-ақ, күзетпен ұстау шарасын санкциялау жөніндегі 1 377 өтініштің 758-і қанағаттандырылған. Бұл мәліметтер соттардың қылмыстық істерді қарау барысында қабылдаған шешімдері мен іс жүргізу нәтижелерін айқындауға бағытталды.
Келесі сөз кезегі азаматтық істер жөніндегі алқаның төрағасы Л.Тәкішеваға берілді. Ол 2025 жылы аудандық соттарға 60 233 іс пен арыз түскенін атап, бұл көрсеткіштің 2024 жылмен салыстырғанда 24,6%-ға өскенін жеткізді. Жалпы 24 097 іс бойынша шешім шығарылып, іс жүргізу аяқталған. Л.Тәкішева негізгі даулардың басым бөлігі шарттардан және отбасылық қатынастардан туындайтынын, апелляциялық сатыда қаралған 1 677 шешімнің 243-інің күші жойылған немесе өзгертілгенін айтты. Кассациялық сатыда тек 10 шешім күшінен айрылған және 6 шешім өзгертілген. Сонымен қатар, соттар дауларды бейбіт жолмен шешу тетііктерін белсенді қолдануда, нәтижесінде 3 692 іс татуласу рәсімдері мен медиация арқылы аяқталған. Бұл баяндаманың мақсаты – азаматтық істер бойынша соттардың тиімділігін көрсету және дау-дамайды бейбіт жолмен шешу тәжірибесін насихаттау болды.
Бұдан әрі Әкімшілік істер жөніндегі алқаның төрағасы Г.Қыдырбаева бірінші сатыдағы сотқа түскен талаптар мен олардың шешімдерін баяндады. 2025 жылы сотқа 1 645 талап келіп түскен, өткен жылдан қалдық 158 іс қосылғанда жалпы саны 1 803 болған. Аяқталған істердің саны 1 584-ке жетіп, олардың 497-сі шешіммен, 148-і тараптардың татуласуымен аяқталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 23,6%-ға артқан. Г.Қыдырбаева атап өткендей, татуласу рәсімі бойынша аяқталған істер саны – 35, ал медиация арқылы шешілген істер – 113 болды. Бұл көрсеткіштерді ескере отырып, баяндаманың негізгі мақсаты – әкімшілік істердегі сот тәжірибесін көрсету және бейбіт жолмен шешудің тиімділігін айқындауға арналды.
Содан соң, департаменттің басшысы Б.Мейірханов сот әкімшілігінің қызметіне тоқталды. Ол сот жүйесін ұйымдастыру, материалдық-техникалық және ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар, сот қызметінің барлық кезеңдері цифрландырылған, сотқа қатысушылар «Сот кабинеті» арқылы құжаттарды жолдай алады, істерді онлайн қарау, аудио және бейнетіркеу жүргізу мүмкіндігі бар. 2025 жылы жеке қабылдауға 204 азамат жүгінген. Б.Мейірханов сондай-ақ жастарды сот жүйесіне тарту, кәсіби өсу мен лауазымдық өсу мүмкіндіктерін ашу жұмыстарының маңыздылығын айтты. Осы бағытта 17 мемлекеттік қызметкер меритократия қағидаты бойынша жоғары лауазымдарға тағайындалған.
Баспасөз мәслихатының соңында алқа төрағалары мен департамент басшысы журналистердің сұрақтарына толық жауап беріп, сот жүйесіндегі өзгерістер мен қаралып жатқан істер туралы нақты ақпарат ұсынды. Бұл ашық формат бұқаралық ақпарат өкілдеріне Шымкент қаласының сот жүйесін бағалауға және оның ашықтығын бақылауға мүмкіндік берді.