ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕКТІҢ СЫРЫ

Авторы:

10.03.2026

 

Жүзге кел деген ең көп айтылатын тілектердің бірі. Бірақ сол жүзге екінің бірі келе бермейді. Бүгін біз жүз жасаған жүректің сырын ақтарғалы отырмыз. Ол біздің, біз сияқты мыңдаған ұстаздың ұстазы Қапира Сәдуақасқызы. Ол жасаған бір ғасырдың жарты ғасыры Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтында өткен.    

Өмірдерек  өрімдері

Сәдуақасова Қапира Сәдуақасқызы 1926 жылдың 10 маусымында Павлодар облысы, Ермак ауылында (қазіргі Ақсу) дүниеге келген. 1935 жылы Алматы қаласындағы үлгілі №35 мектепте 6-сыныпқа дейін оқып, 7-сыныптан бастап Шымкент қаласындағы №7 орта мектепте оқиды. Орта білімді тамамдаған соң 1945 жылдың тамызында Алматы қаласындағы әйелдер педагогикалық институтына түсіп, 1949 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.

 

          1949-1998 жылдар аралығында Шымкенттегі мұғалімдер институтында (бүгінгі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде) оқытушы, аға оқытушы, кафедра доценті, «Әлем тарихы» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ұлағатты ұстаз зейнеткерлік жасының ұлғаюына қарамастан 1998-2022 жж. Шымкенттегі беделді жекеменшік ЖОО бірі саналатын Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті болып қызмет істеді.

          Жалпы кеңестік дәуірдің білімі мен тәрбиесін көрген, білім беру саласында еңбек еткен ұстаз 1967 жылы «Развитие женского образования в Казахстане» («Қазақстандағы әйелдер білім беру ісінің дамуы») атты кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты. Ғылыми жетекшісі белгілі қоғам қайраткері, ғалым педагог
Т. Тәжібаев болған. Сол жылы В.И.Лениннің 100 жылдығына орай мақтау қағазы мен «Жоғары білікті педагог кадрларды дайындағаны үшін», «Қазақстанның 40 жылдығы», «Қазақстанның 50 жылдығы» медальдері мен «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Бұл еңбегі де елеусіз қалмады. Өмірлік тәжірибесі мен білімін тәуелсіздік жылдарында мұғалім даярлауда өте шебер, жауапкершілікпен пайдаланды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Құрметті профессоры». Кәсіпке деген адалдық, ғылымға деген құштарлықпен өрілген өмірдеректе бірде бір мемлекеттік награданың аты аталған жоқ. Неге? Бұл туралы сөз соңында айтамыз.

Өмірдеректі  өмір тарихымен тірілтсек...

Апай жастық шағым ел басына түскен «нәубет» жылдармен сәйкес келіп, жастайымнан жетімдіктің қиындықтарын көп тарттым дейді. Ашаршылықтың құрбаны болған ата-анасы туралы есінде ештеме қалмапты. Олар туралы алғаш елден оңтүстікке қонақ ретінде келген туысым Шаймерден ақсақалдан есіттім. Сол бір ауыр жылдары қазақы бауырмалдығы жоғары азаматтар қаншама жетімдерді паналатып, оқытып қатарға қосты ғой. Солардың бірі өзіммін.  Тұл жетім қалғанымды естіген анамның  жақыны Әшім Сәрсенбаев есімді нағашы ағам мені, Көкен және Ахмет Омаровтарды анасымен алдымен Алматыға жеткізеді. Осында  Қайыргелдиндер отбасын паналап, 1935 жылы 9 жасында балалар үйіне келеді. Ол өзі «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен ауыр жылдар еді кейін есімдері аталған туыстарымды жоғалтып алдым. Есіме түсіретін ещкім жоқ, бір отбасыдан қалған жалғыз тұяқпын. 1941 жылы соғыс басталды да біз тәрбиеленіп жатқан балалар үйі соғыста жараланғандарды емдейтін госпитальға айналып, бізді оңтүстікке әкелді. Апайымыздың оңтүстіктегі өмірі осылай басталып, орта және жоғары білім алып, қоғамдық өмірге араласады. Ол салауатты өмір салтының насихатшысы да бола білген. Жеңіл атлетикамен айналысып, Мәскеу қаласында өткен Студенттер спартакиадасына қатысады. Ол да өзінше бір тарих.  

Қапира Сәдуақасқызының жоғалтып алған нағашы жұртының азаматтарымен қайта табысуының өзі бір хикая. Жетпісінші жылдардың орта тұсында кафедра меңгерушісі кезі Қайыргелдин Рахым деген жігіт Шымкент педагогикалық институтына мемлекеттік емтихан төрағасы болып келеді. Жігіттің жүзі жылы, таныс адамдай көрініп, ішінде бір бауырмалдық сезімі оянады, өзі танитын, жанына жақын біреуді еске түсіретіндей ме... Бірақ жыға танымаған соң үндемеуге бекиді. Төрағамен әріптесі Асхат Рүстемұлының бұрыннан таныстығы бар болса керек, өзара жылы сөйлесіп, жадырап амандық-саулық сұрасып жатады. Емтиханнан соң апайымыз Асхат Рүстемұлынан «анау келген кісінің жүзі біртүрлі таныс сияқты, жылыұшырап тұр, мүмкін болса, Әшім, Хайдар деген кісілерді біле ме екен, сұрашы,  – деп өтініпті. Асхат Рүстемұлы әріптесінің өтінішін төрағаға жеткізген кезде, ол кісі де таңданыспен:  «Сіз оларды қайдан білесіз?»  – деп қарсы сұрақтар қояды. Ол бұл кешегі жандарында тұрған кафедра меңгерушісінің өтініші екенін айтады. Ана кісі де жұлып алғандай «Ол кісі Қапира апа емес пе?»  – депті бірден. Сөйтіп, нағашы мен жиеннің туыстық сезімдері алдамай, бір-бірімен қуана табысады. Қапира Сәдуақасқызы Рахымның сәби шағын еске алып, Әшім ағасының оны мойнына отырғызып еркелететін сәттерін айтып, сағыныш шерін тарқатады. Осылай нағашыларымен қайта табысып, сол кездегі Жамбыл қаласындағы ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шыққан Әшім ағасымен кездеседі.

Өмір жолымда жақсы адамдарды көп жолықтырдым  дегенді үнемі айтып отыратын апайға тағдыр ата-анасының мейірімін көруге аз уақыт жазса да, өзгелердің, өзі өмір сүрген қоғамның мейірімінен кенде қалдырмаған. Айналасынан жақсылық, қамқорлық, мейірімді көп көрген адам, өзгелердің бойынан да үнемі жақсылықты көруге ұмтылады емес пе?! Қапира апай тура сондай. Ол көңілі құлаған адамды өз отбасының бір мүшесіндей аналық таза жүрекпен сүйеді, сенеді, қамқор болады. Оны шәкірт болған жандардың бәрі сезінде десем артық айтпаймын. Ол мейірімді, ол сенгіш. Сенгіштік дегеннен шығады, Қапира Сәдуақасқызы «Ежелгі дәуір тарихынан» жүргізген сабағында «Адамға сенбеу – адамды адамның қанауының ең сорақы түрі» деген сөз тіркестерін қайта-қайта салмақ сала айтатын. Кім біледі  «мүмкін сол сөздерді айтып тұрғанда, көз алдынан өз өмірі сырғып та өтетін де шығар-ау?».  Ол сене де, жақсы көре де біледі.

Иә, тарихшы болу қиын. Өйткені тарих ғылымының өзі қиын. Онда басқа ғылымдардағыдай ешқандай ғылыми тәжірибе жасай алмайсың. Тарихи тәжірибені өз өмірің мен шынайы деректер негізінде жазылған тарихи еңбектерден ғана таба аласың. Қапира Сәдуақасқызының естеліктері де тарихи оқиғалар, деректермен өріледі. Бидайға орақ түскенде, қайбір жылдары деген сөз жоқ.

«Отбасымның сақтадың сән-бірлігін...»

Сұрапыл соғыстан кейін солтүстіктің қызы «оңтүстіктің келіні» атанады. Апамызды таңдаған сері осы өңір мен ел тарихында өзіндік қолтаңбасы бар, оңтүстік журналистерінің ұстазы, өткір тілімен әділдіктің сойылын ұстаған Әсет Тілеукеев деген атамыз болатын. Тік мінезді, әрқашан шындық жағында шырылдаған Әсет атамыз туралы ел арасында аңызға бергісіз естеліктер аз емес. Өзімнің, қатарластарымның абыз атаның алдын көріп, батасын алуымызға Қапира Сәдуақасқызының шәкірті болғанымыздың себебі тигенін мақтанышпен айтамын. Әсет атамыздың көпшіл, маңайына жақсыларды жинап жүретін жан болғанын қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбековтің:

«...Сағынам, жолықпасам бір ай саған,

Жаныңа кездескенше сұрай салам,

Жан Әсет, сен жинаған жолдас көп қой,

Бірақ та жалғыз жолдас құдай саған» деп жазған өлең жолдарынан (28.02.1983 жылы) білуге болады. Халқымыз «әйелі жақсы үйден кісі арылмас» деп бекер айтпаса керек. Бұл жерде Капира апайымыздың қонақжайлылығын айтпай кетпеске болмайды. Отбасында ұстазымыздың қандай жар, ана болғанын атамыздың кітабында асыл жарына арнап жазған жыр жолдарынан аңғаруға болады:

«Асыл жарым ҚАПИРАШ, бал қызығым,

Өмірімнің өркені – ырызығым,

Өзің деймін мақтанып, өзімдей көр,

Бұл кітап – саған менің базарлығым.

Сусын еттім жаныңның мөлдірлігін,

Отбасымның сақтадың сән-бірлігін.

Сапар шықсам, сағынып қарсы алатын,

Жайнап тұрған алдымда, сенсің, гүлім.

Бірге өттік асулардан, белестерден,

Жалықпадық шүйіркелесіп, кеңескеннен.

Өзіңді жолдас қылған ғұмырымда

Аллаға мың да шүкір мені ескерген!»

Атамыздан асырып кім, не айтар?.. Үлкендердің арасындағы осындай сезім, сыйластық, махаббат қай ғасырдың болмасын жастарына үлгі. Өкінішке орай, осындай сезімдер мен сыйластықтың жоқтығынан бүгінде талай отбасы бұзылып жатыр.

Қорыта айтқанда, Қапира апайдың ұзақ жасауының құпиясы кәсібіне адалдығы, отбасындағы өзі ұйытқы болған береке мен сыйластық,  адамға деген мейірімінде жатыр. Атамыз екеуі үлкендері Ләззат жастай қайтыс болғанда қамыққан, бірақ үміттерін үзбеді. Жанат сынды химикті, Салтанаттай математикті тәрбиеледі. Бұл күнде екеуі де зейнеткер әжелер. Немересі Жанболат – ардақты әжесінің жолын қуған ғалым тарихшы, білім саласында өз орны бар маман. Немерелері Ләззат, Ардақ экономист мамандығы бойынша шетелде білім алып, бүгінде еліміздің дамуына үлестерін қосып келе жатқан мемлекеттік қызметшілер. Шөберелері Арсен, Байсал Тілеукеевтер әулетінің көз қуаныштары.

Атам қазақтың ұғымында, сол қазақтың үш аяқты ошағындай бірінсіз басқасы түгел болмайтын білім, тәрбие және ғылымды үнемі қатар алып жүргендер ғана «нағыз ұстаз» ретінде танылады. Қапира Сәдуақасқызы сондай жан.  Біз сексеннің сеңгірі мен тоқсанның төбесін көрген уақытта да ұлт болашағын қалыптастыруға атсалысатын қаншама маман педагогтер әзірлеуге үлес қосқан қажырлы жанның шәкірті болғанымызды әрқашан мақтан етеміз. Қуанышыңыз құтты болсын, ғасыр-ана. Қадірлі қариялық ғұмырыңыз ұзақ болғай!

СӨЗ СОҢЫ: Біз ұстазымыздың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің, Шымкент облыстық, қалалық партия комитеттерінің, ЖОО-ның, білім беру мекемелерінің мақтау грамоталары мен алғысхаттары, бірнеше мерейжылдық төсбелгілермен марапатталғанын жоғарыда сөз еттік. «Білім беру ісінің үздігі» атағын иеленген ұстазымыздың ел тәуелсіздігіне де қосқан үлесі аз болмады. Дей тұрғанмен, Тәуелсіз Қазақстанның төл мемлекеттік марапаттары ұстазымыздың өмірдерегінен көрінбейді. Біздіңше, ғасыр жасаған ұстазымыз қандай құрметке де, марапатқа да лайық.

Қ. АНАРБАЕВ,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.