Терең өзен үнсіз ағады. Өнерді терең меңгергендер де солай екен. Оңтүстікте Каналбай Сейілбекұлы атты өнерпаз бар. Әнші, термеші, ұстаз. Бүгінде әдемі қартайған, қолына домбыраны көп алмағанымен, өнегелі әңгімесі аузынан түспеген құрметті жан. Шежіре. Әңгімесінде «меннен» гөрі «бізі» көп. Мен «мықты едім» демейді, менің ұстаздарым, ортам, қатарластарым мықты еді дейді. Оның өмірі ізденіспен егіз сияқты. Бала кезінен халқымыздың ән, күй өнерінен, атақты ақын-жыраулардың шығармаларын жаттап, айтып өскен ол мектеп бітіре сала, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгершісі болды. Ауыл-ауылды аралап өнер көрсетті. 1968 жылы 29 жасында келіншегін 4 баласымен ауылда қалдырып, Тәшкен театр институтының қазақ жастарынан құралған «музыкалық театр актері» факультетіне күндізгі бөлімге оқуға түсіп, бітірген соң Жетісай қазақ музыка театрының актері бола жүріп, осындағы мәдени-ағарту колледжінде режиссурадан сабақ берді. Кейін мәдениет саласына жұмысын ауыстырды. Бұл ресми мәліметтер. Осы уақыттарда Каналбай Сейілбекұлы қолынан домбырасын тастамай аудандық, облыстық, республикалық, одақтық байқауларға қатысып, бағын сынады. Жеңімпаз атанды. Әр байқау, атқарған жұмыстары оның адамдық болмысын өзгертті, байытты. Жақсыға жанаса жүрді, ұлылардан сабақ алды. Ол ресми атақ алған жоқ, халық өнерпазы, ағартушы өнерпаз атанды. Адами құндылықтарды түгендеумен өткен өмірлік ізденістері өз жемісін берді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз адамның өмірге адам болып келіп, әнші, әкім, сот, прокурор емес, адам боп кететінін дәлелдеп жүрген жан.
– Өміріңізде, мемлекет басқарған тұлғаларды айтпағанда, қазақ өнерінің тарихында қалған ұлт зиялыларымен де жолыңыз түйіскен екен. Бұл кісілерден қандай өнеге алдыңыз, өнерпаз, адам болып қалыптасуда бұл кездесулердің қандай әсері болды?
– Мырзашөл өңіріндегі Киров халық театрының құрылуына өлшеусіз еңбек сіңірген Ханби Апаев деген азамат бар. Менің өміріме сәуле түсірген бір жұлдыз болса, олы Ханби Апаевтың жұлдызы. Есейген шағымда Театр және өнер институтына түсуіме бағыт берген де, әнші ретінде алғаш бағалап, сенім білдіріп, үміт артқанда сол кісі болды. Сол үміт пен сенім ауылда жүрген мені арнайы алдырып, сол кездегі кеңес үкіметінің астанасы Мәскеуде «Қыз жібек» драмасында Шегенің бейнесін (қосалқы) сомдатты, Кремль сахнасында «Он алты қыз» әнін асқақтаттым. Ханби Апаев ізденістің адамы еді. Сол ізденісінің арқасында, аудандағы шағын үйірмені, «халық театры» дәрежесіне жеткізді. Егер менің бойымда ізденгіштік қасиет болса, ол осы өмірлік ұстазымнан алғаным.
Ал, аңыз адам Құрманбек Жандарбековпен тағдыр жолым сол Мәскеу сапарында түйісті. Қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушы Жұмат Шаниннің аманатына адал болған Жандарбеков оңтүстікте халық театрларының ашылуына бастамашы, жәрдемші болған адам. Киров халық театрының Мәскеуде қойылған «Қыз Жібек» операсына режиссерлік етті. Жиырма жастағы маған Шегенің ролін берді. Сол концертке Ғабит Мүсіреповты ертіп келді. Құрманбек Жандарбеков жастарға сенетін, солардың ішінде нағыз өнерпазды талмай іздеп, бірден үлкен сахнаға жетелейтін. Егер мені өзімнен кейінгі өнерпаздар ұстаз тұтатын болса, қандай да бір өздеріне өткен жақсылығымды өнеге етіп айтса, онда бұл қасиеттің қазақтың Құрманбегінен жұққаны.
Мен ол кісіден бір консерватория бере алмайтын актерлік шеберлік тәлімін ғана бойыма сіңірген жоқпын, адамгершілік құндылықтарын қоса алдым.
Кейін Жетісай музыкалық драма театрының ашылу кезеңінде кино және драма актері, режиссер, әнші Қасымхан Шанин, дарынды әнші Мұхтар Өтебаевпен қызметтес болдым. Мен батыстың терме-әндерін орындайтын өнерпазбын. Өзі шебер әнші Қасымхан Шанин шырқаған әндеріме риза болып «Менің Ғарифоллам» деп көтермелейтін. Мен ол кісіден әнді образға салып орындауды, актерлік шеберлікті үйрендім. Өнердің рухтас адамдарды бауырға айналдыратын қасиеті бар. Біз ағаалы-інідей сыйластық. Атақты жыршы-актер Мұхтар Өтебаевпен араластығымыз қызық басталды. Мен Тәшкендегі оуымды бітіріп келгенде ол кісі театрға Алматыдан арнайы шақыртылып келген екен. Ұжымдағылар «Бізде Каналбай деген әнші бар, ән салғанда бейнебір Ғарифолла тіріліп келгендей әсерде боласың» деп айтып жүреді екен. «Тіпті қоймайсыңдар, таныстырыңдаршы сол Каналбайларыңмен», – дейді ғой. Кейін елге аты шыққан әнші-актер ағамыз мені жанынан қалдырмай ертіп жүрді, інісіндей көрді. Осылай өнерімнің өрісі кеңейді. Мен Мұхтар Өтебаевтан өнерге де, өзіңе де адал болуды үйрендім.
– Ғарифолла Құрманбековты өмірде көрдіңіз бе, кездесудің сәті түсті ме?
– Мен өзі мектеп көрмеген құмды ауылда мал бағып жүріп, ән айтып, даусы ашылған адаммын. Әкем ата кәсіппен айналысқан адам. Көкірек көз ашық еді, жарықтықтың. Зейнет жасына жақындағанда, балам, өнерің бар, елге жақында деп, батасын берді. Ауыл шаруашылығы саласына байланысты мамандық таңдасам, ауылда жұмыссыз қалмаспын деген оймен кәсіптік техникалық орта оқу орнына түстім. Бойымдағы өнерді жасырғым келген. Болмайды екен. Көркемөнерпаздар үйірмесіне жазылып, өнерімді шыңдап жүрмін. Училище директоры Шекербек Мырзалиев деген өнерге жақын, өзі де ән салатын адам екен. Менің қабілетімде байқап Шымкенттегі өнер байқауына ертіп барды. Дауысыма қарай «Ақ кербез» әнін таңдап берді. Сол жолы бірінші орынға ие болып, республикалық өнер сайысына жолдама алдым. Ағайымның қуанышында шек жоқ. Байқау опера және балет театрында өтті. Жүлдемен де, басқамен де жұмысым жоқ, бар ойым «Ақ кербезді» өз дәрежесінде орындау, ұстазымның үмітін ақтау. Сахнаға шығып, әнді бастадым. Ғажап сезім, әннің әр сөзі көз алдымда бейнеге айналып жатыр. Құмды дала, көктемде жасыл кілемге оранатын төбешіктер, ауылдың ғажап суреттері, қызғалдақты қырлар, гүл терген ару көз алдымнан осындай дүниелер өтіп жатты. Әнді аяқтап, басымды идім, залдағылар дүркірете қол соқты. Өзімде терге малшындым. Сахна сыртына шыққаным сол алдымнан шыққан жігіт «Ғарекеңнің алдында «Ақ кербезді» орындаған сенде жүрек бар екен» деді. Сондай білдім, Ғарифолла Құрманбековтың қазылар алқасында отырғанын. Кейін ойлаймын, білмегенімде жақсы болған екен, білгенде қобалжыр ма едім деп. Байқау бітіп, қазылар алқасы сахнаға шықты. Менің бірінші орын алғанымды хабарлаған Ғарифолла Құрманғалиев орындауыма әнге ішкі тереңдік, драматизм керек. Ақ кербез әнінің тереңіне бойлап, ішкі сезім иірімдерін ашты деп баға берді. Арқамнан қағып, 1 дәрежелі диплом және домбыра табыстады. Мен қазақтың ән айтса дауысы алты қырды тербеткен әншісін көзімен көріп қана қоймай, жылы лебізін естіп, батасын алып, қолынан сыйлыққа домбыра алған адаммын. Менің өмірімдегі өнерге қатысты әр оқиға, жолыққан әр адам маған өзі өнерімнің, арымның алдында адал болу жауапкершілігін жүктеді.
– Өнерге келу жолдарыңыз салыстырмалы түрде ашық, даңғыл болған сияқты, өмірге қалай келдіңіз? Ата-анаңыз туралы біле отырайық.
– 1941 жылы біздің мына Шәуілдірдің Көксарай деген жерінен Мырзашөлді игеру үшін көшірген екен. Мен өзі сол Киров ауданына барған соң дүниеге келгенмін. Шешем сол жылы тары түйіп жатқан уақытта дүниеге келгенсің деп отыратын. Әкем өте момын, біреудің көңілін қалдырмайтын, артық сөз айтпайтын, арабша оқыған зиялы адам еді. Түнімен намазын оқып, кітабын аударып отыратын, жарықтық. Көп ақыл айтпайтын,жақсы көргенін көрсетпейтін. Шешеміз әй, мынау 13 баладан қалған Каналбай ғой, кішкене мейіріміңді көрсетіп, құшақтап қойсай десе, арқамнан қағып-қағып қоятын. Сонда да құшақтамайтын. 12 баланы жоғалтқан оңай емес, көз тиеді, сөз тиеді дей мекен. Енді анам тарихтан көп айтатын сөзге ұста кісі еді. Көп мәліметті анамнан алдым. Әкесі би болған адам, насихатты көп айтатын парасатты адам болды.
– Есіміңіздің Каналбай болуы да Мырзашөлді игерумен байланысты болып отыр ғой...
– Иә. Ол кезде ауып бардық деп баласының атын Ауғанбай, Каналбай деп қоятын. Біздің ауылда екі Каналбай болды.
– Домбыраны қанша жасыңызда ұстадыңыз қолыңызға?
– 5-6 жаста болу керек. Менің әкемнің әкесі – атам ақын болған екен. Сал жасап, Сырдарияның арғы бетіндегі елге барып айтысып жүреді. Ол кезде айтыс көп болады екен. Әкем де өлең айтқан, айтысқан. Әкемнің інісі Досыбай көмекейі түскен ақын болған. Өзі трактор айдаған, кешке үйге келгенде ауыл жиналып, таң атқанша өлең айтқызады екен. 1941 жылы соғысқа аттанады сол ағамыз, жол-жөнекей ән салып барады. Пойыз тоқтағанда түсіп ән айтқанда, жұрттың бәрі жиналып тыңдап, көңілдері босап жылап шығарып салады екен. Соғыс уақыты, қамкөңіл адамдар ғой. Даусы 8 шақырымға жететін дейді көргендер. Соғыстан ауылға хат жазып тұрады. Бірақ сақталмаған. Әкем бір ғана хатын әнге қосып айтқан екен. Сол ғана сақталды. Кейін Ағамның хаты, Әскерден хат деп өзім де айтып жүрдім. Ілгеріректе оны танитын адамның бәрі естігенде жылайтын.
– Термені қай кезден бастап айттыңыз?
– Бұрын ән айтатынбыз. Кейін терме шықты, терме жаттадық. Ол кезде тойға қағаз шақыру хат беретін. Мен өзі қағазды тастамайтын адаммын. Кейін бір қарасам үйде екі мыңдай шақыру хат жиналып қапты. Тойға енді бізді ән айтсын, терме айтсын деп шақырады ғой. Ол кезде билейтін әндер жоқ еді. Тойға барғанда қадірлі бір екі кісіге сөз беріп өлеңге кезек береді. Тағы екі адамнан кейін тағы өлең. Өлең болғанда насихат, терме. Қазір насихаттың қадірі қалмады. Осы облыстық телеарнада «Ғибратнама» деген бағдарлама болды. Осының бәрін тыңдайтын құлақ болушы еді. Ғибратнама – ол жатқан насихат, тәрбие, небір шежіре адамдардың сөзі. Қазір бәрі өзгерді ғой, сол хабардың не үшін керек болмай қалғанын түсінбеймін. Тәрбие неге керек болмай қалды, насихат сөз неге керек болмай қалды? Түсінбеймін. Кейін Бөрібай ақын екеуміз барып телеарнаның басшысына «мынау халыққа керек дүние еді, неге жаптыңыздар» деп айттық. Болмады. Өкінішті. Уалихан Қожақ деген журналист бар еді. Сол терме, насихат сөздердің насихатшысы еді. Қазір терме, насихат сөздің насихатшысы жоқ.
– Кімнің термесін көп айттыңыз?
– Майлықожаның. Ақындар көп қой, насихат айтқан.
– Танымал бола тұра, мықты тұлғалармен аралас-құралас жүрсеңізде мансап қумаған екенсіз...
– Өнер қудым. Мен үшін ата-анамның жағдайы бәрінен қымбат болды. Оларды қарттық меңдеген соң, ауданнның орталығын да тастап, әке-шешемнің жанына «Большевик» совхозына барып тұрдым. Мәдениет бөлімінде істедім. Кейін аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа кіріп, сол жерден зейнетке шықтым.
– Отбасы құндылықтарына адал болыпсыз. Оған мысал, ұл-қызыңыз төрінен түсірмей, алақандарына салып аялап отыр екен. Әзілдеріңіз де жарасады. Осындай орта қалыптастыру не істеу керек?
– Бір отанда тұрған адамдар бірінші бір-бірін құрметтеу керек. Сыйластық та осы отбасыдан басталады. Артық сөз айту деген көп нәрсені бүлдіреді. Адам болеан соі реніш болады әрине, бірақ соның тігісін сөйлесу, түсігісу арқылы жатқызса жөн болады. Менің жарым өте мәдениетті, салиқалы қыз еді, кейін сондай келіншек, әже болды. Мен сырттың адамымын. Бірақ ешуақытта артық әңгіме айтқан емес. Концертте жүреміз, айлап кетіп қаламыз, сонда да маған пәлен деген емес. Жылықабақпен қарсы алып, бала-шағаның, менің жағдайымды жасап отыратын. Сыртта жүрген соң балаға көп қарай алмадым, тәрбиенің бәрін берген Тұрған деген аналары. Ұл-қыздарым мәдениетті, өрескел мінезін көрсеткен емес, бұзық сөз айтпайды, орталарына сыйлы, кәсіптеріне адал. Бибіхан, Нұрхан пединститутты бітірді, одан кейінгі Күлімхан ЖенПИ-дің түлегі, сондағы Ұлар ансамблінің мүшесі болып, Түркия, Монғолия, Ресейде әнімен аралап қайтқан. Үралхан деген қызым қой десем, қоймай, ол да әнші болды. Шымкенттегі опера балет театрының әншісі. Нұрмахан, Мұхтар, Нұрғали, Ерғали, Рысқали атты ұлдарым бар. Олар да да өмірде орнын тапқан.
– Құрмет, сыйластық туралы айтып жатырсыз, адам құрметті, сыйлы болу үшін не істеу керек?
– Біреуге құрметті болу үшін, өзіңді сыйлауың керек. Өзіңді сыйласаң, жұртқа да соны үйретесің, көрсетесің, өзіңе соны талап етесің, содан кейін қадірлі боласың. Ғайбат айтпай, насихат, тәрбиелі сөз айтсаң құрметті боласың.
– Сексен жасты орталап отыр екенсіз, өмірдің мәні не екен?
– Балаға жақсы тәрбие берсең, айналаңа насихат айта алсаң, насихат айтуға лайық болсаң, өсірген ұл-қызың өзіңді құрметтеп тұрса, немерелерің, келінің «ата» деп тұрса, бұл өмірде одан артық мән де, мағына да жоқ шығар.
– Терме айту өміріңізге қалай әсер етті?
– Мынаған қараңыз, өзің терме мен насихат айтып, өзің жаман болсаң, сонда не болды? Адам сөзі мен жүріс-тұрыс, әрекеті сай келу керек. Біздің өміріміз жақсы сөз терумен өтті. Оқимыз, осыны халық білсе ғой, осылай жүрге ғой дегендерін әуенге саламыз. Әр сөздің әуені болады. Термені бір сарынмен айтсаң тыңдаушыны жалықтырасың. Біздің мақсатымыз, жақсы сөзді, насихатты халыққа жеткізу ғой.
– Шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндігіңіз болды ма?
– Шәкірттер бар. Мен 1958 жылдан бастап терме айттым. Жанымда жастар көп жүрді. Үйренді. Бірақ сол үйренгендердің ішінде сыйлағаннан менсінбей кеткендер көп.
– Облыста, қалада термешілер байқауы жылда өтеді. Көрінбейсіз?
– Ойларынан шығып кеткен болуымыз керек, ендігі. Біз ұмытпаймыз, жастар ұмытып кетеді ғой.
– Терме тыңдайтындар азайып кетті деп жатады...
– Азайса да бар. Термені сана-сезімі биік, оң-солын ажырата алатын, ақыл-ойы кең адамдар рахаттанып тыңдап, рахметін айтып жатады. Біреулер терме айтып жатсаң, өзінше күбірлеп сөйлеп жатады, оның өзінің әлемі бар. Жақсы сөз тыңдағысы келетін адамдар барлық уақытта табылады.
– Өнегелі әңгімеңізге рақмет. Аман болыңыз.