ҚЫЗҒАЛДАҚҚА БАРДЫҢ БА, ФОТОҒА ТҮСІРІП АЛДЫҢ БА?

Авторы: Мақпал ҚҰРБАНҚЫЗЫ

17.04.2026

Көктемнің көркін келтіретін Грейг қызғалдағы биыл тағы да гүлдеді. Қызыл түске боялған алқаптар биыл да көпшіліктің назарын аударып, табиғат сүйер қауымды тағы да өз сұлулығымен баурап алады. Жыл сайын қызғалдақ алаңына адамдар жер-жерден суретке түсуге келеді. Ондағы мақсат – көктемнің жылы лебімен рухани сергіп, табиғаттан ләззат алу, бір сәтке болса да жан тыныштығын табу. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – табиғат терапиясының бір түрі.

Иә, биіктігі небәрі 10-15 сантиметр болатын бұл нәзік гүлдер сәуірдің басында қаулап шығып, бар болғаны 20 күндей ғана көздің жауын алады. Одан кейін гүл күлтелері солып, келесі көктемге дейін тыныштық кезеңіне өтеді. Бір пиязшық он жылдан астам өмір сүре алады және әр жыл сайын жаңа гүл береді. Егер оны жұлатын болса қайта гүлдемейді. Мұның соңы қызғалдақтың түбегейлі жойылуына әкеп соғады. Сондықтан да қызғалдақты Қызыл кітапқа енгізіп, жұлған адамға елімізде 13 миллионға дейін айыппұл қарастырылған. Бұл қызғалдақтар тек әсемдік үшін ғана емес, табиғи экожүйенің құрамдас бөлігі ретінде де маңызды, сондықтан оларды жұлуға қатаң тыйым салынады.

Қызғалдақ гүлінің мынадай қызық тарихы бар. 1637-1637 жылдары Голландияда қызғалдаққа деген ессіз құмарлық жүрді. Былайша айтқанда, елде «қызғалдақ дерті» жүрді. Қызғалдаққа ие болу әп-сәтте байлық пен мәртебенің белгісіне айналып шыға келді. Кейбір адамдар сирек қызғалдақ пиязшықтарын сатып алу үшін қолындағы бар мүлкін жұмсауға дейін барды. Осылайша бірден шарықтай жөнелген бұл үрдістің басылуы да тез болды. Кейін бұл «тюльпаномания» деген атаумен тарихта қалды.

Бұл қалай басталды? 1600 жылдардың ортасында Голландияда өмір қалыпты еді: ел дамып, халықтың тұрмысы жақсарып келе жатты. Ол кезде сирек сортты қызғалдақтар тек гүл өсірушілер арасында ғана бағаланатын. Алайда 1636 жылдың жазында нарықта «жарылыс» болды. Қызғалдақ саудасына алыпсатарлар араласып, жарты жылдың ішінде бағалар бірнеше есеге шарықтап кетті. Әсіресе, сирек түрлері қатты қымбаттады. Мысалы, Switzer деп аталатын элиталық сорттың бағасы 12 есеге дейін өскен. Көп ұзамай қарапайым қызғалдақтардың да бағасының өскені соншалық, ол қатардағы халық үшін де қолжетімсіз бола түсті.

Сол кезде кейбір пиязшықтардың бағасы 5000 гульденге дейін жеткен. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл ақшаға сол заманда жақсы бір үй сатып алуға болатын. Қызғалдаққа деген сұраныс шарықтау шегіне жеткені соншалықты, адамдар гүлдің бір түйнегіне үй немесе жер телімін айырбастайтын жағдайға жетті. Бұл ессіз құмарлықтың ар жағында гүлге деген қызығушылық емес, адамдардың қаржылық мақсаты жатты. Себебі қызғалдақ биржадағы басты сауда тауарына айналған еді. Әрбір сәтті жасалған сауда міндетті түрде аталып өтілетін. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмады. Баға шектен тыс өсіп кеткен соң, нарықта күрт құлдырау пайда болды. Пиязшықтар бағасы кенеттен және тез құнсызданды. Салдарынан көптеген адамдар шығынға батып, сатушылар мен сатып алушылар арасында дау көбейді. Бұл жағдай ел экономикасын толық күйретпесе де, қоғамға кәдімгідей әсерін берді. Бағаның құлдырауы жылдам болғаны соншалықты, бұл іске үкімет араласуға мәжбүр болды. Ақырында 1638 жылдан бастап мемлекет пен жергілікті билік бірлесе отырып, нарықтағы хаосты біртіндеп тоқтатты.

Міне, осылайша қызғалдақ бір кезеңде байлық пен мәртебенің символына айналды. Адамдарды өзіне тартып, еліктірмей қоймайтын бұл гүлдің сыры неде екені шынымен қызықты...

Қызғалдақ туралы тағы бір қызықты дерек бар. 1944-1945 жылдардағы Нидерландтағы ашаршылық кезінде халық қатты азық-түлік тапшылығына ұшырады. Осы қиын кезеңде адамдар тірі қалу үшін әдеттен тыс тағам көздерін пайдалануға мәжбүр болды. Солардың бірі – қызғалдақ түйнектері.

Негізі қызғалдақ түйнектері қалыпты жағдайда тағам ретінде қолданылмайды, өйткені олардың құрамында улы немесе асқазанға зиянды заттар болуы мүмкін. Дегенмен, ашаршылық кезінде адамдар оларды өздерінше өңдеуден өткізген: қабығын аршып, бірнеше рет жуып, ұзақ уақыт қайнатып, кейде ұн ретінде пайдалану үшін кептіріп, ұнтақтаған. Осылайша оларды жеуге жарамды еткен. Кей естеліктерде қызғалдақ түйнектерінің дәмі картопқа сәл ұқсас болғаны айтылады, бірақ толыққанды картоптың орнын баса алмаған. Кейбір адамдар олардан сорпа немесе ботқа тәрізді тағамдар жасаған. Алайда бұл тағам толық қауіпсіз болды деуге келмейді. Қате дайындалған немесе шамадан тыс тұтынылған жағдайда, ол асқазанның бұзылуына, улануға әкелуі мүмкін еді. Сондықтан бұл мәжбүрліктен туған амал ғана болды.

Қазіргі уақытта селекционерлер қызғалдақтың 3000-нан астам әртүрлі сортын өсіріп шығарған. Бұл гүлдер тек әсемдігімен ғана емес, түстерінің алуан түрлілігімен және ерекше пішіндерімен де көз тартады. Сонымен қатар, ол әлемдегі ең танымал сәндік гүлдердің қатарына жатады, өйткені көптеген елдерде көктемнің символы ретінде кеңінен таралған әрі ландшафттық дизайн мен гүл өсіру мәдениетінде ерекше орын алады. Әсіресе Нидерланд елінде кеңінен өсіріліп, әлемдік гүл нарығында үлкен сұранысқа ие.

Қысқа ғана ғұмырында айналаны құлпыртып, адамдарға қуаныш сыйлайтын бұл гүл бүгінде бізге табиғатты аялау, қорғау қажеттігін ұғындыратындай. Әсіресе, сирек кездесетін түрлерін сақтап қалу – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан қызғалдақты тамашалау – тек эстетикалық ләззат емес, ол табиғатпен үндесу, оның қадірін түсіну. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін осы гүлдің бойында тарих, мәдениет және өмір үшін күрестің ізі жатыр. Ал оны қорғау – табиғатқа деген құрметтің айқын көрінісі.