Өткен ғасырдың жиырмасыншы-елуінші жылдарының аралығы – қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңі екені белгілі. Кеңестік-тоталитарлық биліктің қазақ халқына ұйымдастырған геноцидінің салдарынан ұлтымыз жойылып кетуге шақ қалды. Кулактар мен байларды тап ретінде жою саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған байлар мен орта шаруаларды тәркілеу, оларды күштеп жер аудару халықтың атамекенін тастап ауа көшуіне әкеп соқтырды. Оның соңы жаппай ашаршылыққа ұласты. Оған қоса дін қызметкерлері, қазақтың өнерлі, білімді, оқыған азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен саяси қайраткерлері «халық жауы» атанып, жаппай қуғын-сүргінге ұшырады, жер аударылып, ату жазасына кесілді. Осының бәрі ұлттық генофондымызға орасан зор зиянын тигізді, санымызды кемітіп, санамызды тұмандандырып, рухымызды жасытты. Мұның өзі ұлт ретіндегі тарихи дамуымыздың сабақтастығын үзіп, тарих сахнасынан түсіріп тастай жаздады. Міне, сол қасіретті кезеңді толықтай зерттеп білу, қуғындалған, құрбан болған азаматтарды түгел анықтап, оларды толықтай ақтау және сол кезеңде орын алған нәубеттерге тарихи, құқықтық және саяси баға беру – бүгінгі отандық тарих ғылымының, тіпті, тұтас қазақ халқының алдында тұрған зор міндет. Иә, бұл қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс Сталин өмірден өткеннен кейін өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарындағы жылымық кезеңінде басталып, сексенінші жылдардың екінші жартысындағы қайта құру кезінде там-тұмдап жүрді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағытта өте ауқымды жұмыс жүрген болатын. Алайда, ұлттық деңгейде танылған саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары ақталғанымен, олардың күрес жолы және артында қалдырған мұрасы толық зерттеліп біткен жоқ. Оған қоса сол кезеңде қуғындалған, құрбан болған мыңдаған қарапайым адамдардың есімдері белгісіз күйінде қалып, олардың құжаттары архивтерде ғана сақтаулы тұрған болатын. Міне, осындай азаматтардың ешқайсысы тарихқа белгісіз болып қалмауы тиіс. Оларға қатысты істерді жан-жақты зерттеп, толық ақтау – тарихи әділеттіліктің орнауы. Міне, сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылы құрылған мемлекеттік комиссияның қызметі ұлт тарихын тану тұрғысынан ерекше маңызға ие. Әскери тұтқындар мәселесі саяси қуғын-сүргінге қатысты әртүрлі бағыттар бойынша жүргізілген зерттеулердің тасасында қалып, көп айтылмайтын, көп қозғала бермейтін тақырыптардың бірі. Себебі, бұл тақырып өзге елдермен де байланысты болғандықтан оны зерттеу біршама күрделі, әрі өзіндік қиындықтары бар. Оның үстіне «Түркістан легионына» байланысты қоғамда екіұшты көзқарастар кездеседі. «Олар өз Отанына қарсы соғысты» деген пікірлер айтылып қалады. Дегенмен, тұтқынға түсіп, кейіннен азат етілген жауынгерлерге сол кезде кеңестік билік күдікпен қарағанымен, олардың басым көпшілігі сатқындық жасамаған. Әскери дайындығының жоқтығынан, қоршауда қалып немесе жарақатының салдарынан тұтқынға түскендер көп. Тіпті, майдан даласында адасып кетіп, жау тылына өтіп кеткендер де кездеседі. Мәжбүрліктен тұтқынға түскеніне қарамастан ол адамдар соғыстан кейін тергеуге алынып, көпшілігі сотталған. Бұл адамдар да сол қасіретті жылдардың құрбандары, олар да тоталитарлық биліктің қуғын-сүргініне ұшыраған. Сондықтан бұл азаматтарды да толықтай ақтау керек. Біз әскери тұтқындарға қатысты архивтік құжаттарымен танысып, зерделеп, қорытынды жасадық. Арасында әлі күнге ресми түрде құқықтық тұрғыда ақталмаған адамдардың бар екенін анықтадық. Бұл құжаттардың бәрін ғылыми айналымға енгізіп, оларды толық ақтау жөнінде ұсыныс әзірлейміз. Мемлекеттік комиссия жұмысының материалдары арнайы сериямен кітап болып жарияланып жатыр. Осы күнге дейін 33 том материалдар жарыққа шықты. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Біз биыл Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірден шыққан әскери тұтқындарға арнап, сол серияның бір томын кітап етіп жарыққа шығарамыз. Бұл біздің тағдыры тәлкекке түсіп, Отанын қорғау үшін соғысқа аттанып, ол жақта амалсыздан тұтқынға түскен, жау қолында азап шеккені аздай елге оралған соң күдікке ілініп, сотталған аталарымыздың рухының алдындағы перзенттік парызды өтеуіміз болмақ.
Сейдехан ӘЛІБЕК, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply