«Жол азабын жүрген білер» демекші, республика көлемінде соңғы жылдары жиі көтерілетін мәселенің бірі – жолдың жағдайы. Ел экономикасының негізі саналатын көлік логистикасын дамытуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда да атап өтті. «Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек» дей отырып Мемлекет басшысы бұл бағытта атқарылатын бірнеше шаруаның ұшын шығарды. «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», – деді Президент. Сондай-ақ, автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады», – деп атап өтті Жолдауында Президент. Ел арасында көптен бері дау тудырып жүрген «Қазақстан теміржолы» компаниясын да түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте бұл салалар арқылы Қазақстанның алыс, жақын шетелдермен байланысын одан әрі нығайтуға қол жеткіземіз деді. Көлік, жол, теміржол сынды бағыттардағы түйткілдер осы кезге дейін қордаланып келіп, бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Осыны бағамдаған Президент Жолдауда жаңадан құрылған министрлігіне нақты тапсырмалар берді. Ендігі міндет көлік инфрақұрылымын жақсартуға бар күш-жігерді бағыттай білу керек.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply