Бала құқы бәрінен жоғары тұруы тиіс

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау  күні

                         

Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек, Азаматтық, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстері, «Баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеуді қолдау туралы», «Балалар отбасылық типті ауылдар мен жасөспірімдер үйлері туралы», «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалар қараусыз қалған және панасыз қалудың алдын алу туралы», «Балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Әлеуметтік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңдары және т.б. жатады. 
Көрсетілген заңнамалық құжаттарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру барлық мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметінің басым саласы болып анықталған. Осылайша тегіне, нәсіліне, қай ұлтқа жататындығында, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне қатысты өзге мән-жайларға қарамастан барлық бала тең құқыққа ие. Некеден және некесіз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды. Осы мақсатта бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздері қалыптастырылып, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті органдар мен ұйымдар құрылды. Баланың құқығын қорғаудың тиімді тетігін құру үшін көптеген елдер балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнайы органдарды – бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттарын (балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмендерді) құрды. Швеция, Франция, Италия, Ресей, Балтық елдері және т.б. елдерде осындай мекемелер табысты жұмыс істеуде. Елімізде 2016 жылғы 10 ақпанда Президент Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Институттың негізгі міндеттері – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен ынтымақтастықта олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру.

Жас ұрпақты қорғаудың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандарды қылмыстық-құқықтық қорғау. Балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық қатаң түрде тоқтатылуы тиіс, бұған жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін жауаптылық шараларын күшейту дәлел болып отыр. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді, оның 122-бабына сәйкес 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, ал дәл сол іс-әрекеттерді ата-анасы, педагог, тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге адамның жасауы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекеттер белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Кәмелетке толмағанға қатысты зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, оның ішінде еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы (ҚР ҚК 120,121-баптары), дәл сол іс-әрекеттер жас балаға қатысты жасалса, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыстық кодекстің 93-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының тізбесіне химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу кіреді. Сонымен қатар Қылмыстық кодексте жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін жәбірленушімен татуласуға байланысты істі тоқтатуға, шартты түрде соттауға заңнамалық түрде тыйым салынған. 

Соңғы он жылда балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыс атқарылды және жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне байланысты туғанға дейін де, туғаннан кейін де қашанда арнайы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж.

                                                                        «Қызмет»-ақпарат

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика