Биыл тұрғын үй бағасы былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 20,8 пайызға артқан.
Жалпы, жыл басынан тоқтаусыз өсіп жатыр. Еліміздегі тұрғын үй бағасының өсу себебі неде? Баға қашан тұрақтанады? Ауылдан қалаға жұмыс істеп келген жастарға нені білуі қажет? деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселені Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаевтан сұрап білдік.
Статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бойынша жаңа салынған тұрғын үйлер нарығындағы баспана жылдық мәнде Ақтөбе қаласында – 32,5 пайызға, Нұр-Сұлтанда – 27,6 пайызға, Өскеменде 26,1 пайызға қымбаттады.
Қазақстанда тұрғын үй мәселесі күрделі жағдайда. Өкініштісі, тұрғын үй бағасы өсе береді. Оның бірінші себебі, елде тұрғын үйлер өте аз. Мәселен, бүгінгі күнде елімізде адам басына 20-21 шаршы метр үй болса, еуропа елдерінде әр адам үйі 45-50 шаршы метрге жетеді. Көріп отырғандарыңыздай сұраныс көп. Екіншіден, урбанизация кеңінен өсіп жатыр. Ауылдан, кіші қалалардан үлкен қалаға көшу процесі артқан. Үшінші, зейнетақы қорынан 3 трлн теңгеге жуық қаржы тұрғын үйге салынды. Бұл да сұранысты айтарлықтай көбейтті, — деді Сапарбай Жұбаев.
Сарапшының айтуынша, ел жастары ауыл-аймақтарға барып жұмыс істеп, ауылдың жұмыс күшін дамыту керек.
Мұндай кезде не істеу қажет? Жастар ауыл мен кіші қалаларға барып, жұмыс істегені жөн. Сол жердегі жергілікті билік оларға 10 сотық жер беріп, өз үйлерін салуға мүмкіндік жасауы қажет. Өкініштісі, жергілікті мекеме мен орталықтағы жемқорлық оған жол бермей отыр. Мысалы, жастарға арналған «Дипломмен ауылға» атты бағдарлама бар. Сонымен бірге оларға теріскейге, яғни еліміздің солтүстік өңірлеріне барып тұрақтанғаны да дұрыс. Егер жастарымыз қалаға келгісі келсе осылай ақша жинау қажет. Басқа жол жоқ, — дейді экономист.
Leave a Reply