Бүгінгі кеште шырайлы Шымкент қаласы Шығыс әуендерінің құшағында тербелді. Қазақстан мен Тәжікстан Республикалары арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толуына орай елімізде өтіп жатқан Тәжікстан мәдениеті күндерінің аясында Шымкенттегі «Түркістан» сарайында тәжік мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздарының концерті өтті. Мәдени шараны Тәжікстан Республикасы мәдениет министрі Зульфия Давлотзадо, ауыл шаруашылығы министрі Құрбан Хакимзадо және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те тамашалады. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары сонау Рудаки мен Фердаусиден басталып, кешегі Садриддин Айниге дейін үздіксіз жалғасып жатқан мың жылдық бай әдебиет пен мәдениеттен сусындап, ізгілігі қайталанбас руханият пен көркемдігі тамсандырар саф өнер туындыларынан ләззат алды. Концертте керней мен сырнайдың, дутар мен танбурдың, рубаб пен дойраның сүйемелдеуіндегі тәжік халқының шашмаком деп аталатын дәстүрлі әндері шырқалып, ұлттық би ансамблі мың бұралып би билеп, бар өнерін ортаға салды. Сонымен қатар тәжікстандық өнерпаздар концертте классикалық музыка туындылары мен заманауи эстрадалық әндерді де тамылжыта шырқады. Концерттің соңында өнерпаздарға Шымкент қаласы әкімдігінің ықылас гүлі тапсырылды. Айтулы іс-шара діні бір, мәдениеті мен дәстүрлері ұқсас, ортақ тарихы бар қос халықтың арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта түсуге оң ықпал ететіні сөзсіз. Айта кетейік, тәжік мәдениеті күндері Шымкент қаласында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Айтулы іс-шараның аясында Шымқаладағы «Көрме» орталығында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және ұлттық өнер көрмесі, ал, Қажымұқан атындағы орталық стадионда ауыл шаруашылығы және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі де өтті.
Қызмет ақпарат
1523 символ
Leave a Reply