Жолдаудан: агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісі маңызды!

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісінің де ел дамуындағы маңызы айрықша. Бұл жөнінде мемлекет басшысы «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек» деп атап өтті. Бұл дегініміз — алдағы уақытта елімізде ірі компаниялар пайда болады деген сөз. Ал одан қоғамның ұтары көп. Өйткені аталған саланың дамуы ауылдың гүлденуіне, шалғайдағы елді мекендерде жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халықтың табысының артуына, бағаның тұрақтануына әкеледі. Мемлекет басшысының Жолдауында оңтүстіктегі диқандардың мәселесін шешетін бастама айтылды. Осы уақытқа дейін еліміздің күнгейінде ағын су тапшы болып, шаруалардың еккен егіні шықпай, қурап қалған жағдайларды көзіміз көрді. Тіпті, бұл түйткіл мемлекетаралық мәселеге айналған сәттер де болды. Сондықтан да мемлекет басшысы қоғамның көтеріп отырған түйткілін тап басып, қала берді ағын судың алдағы уақытта өзекті мәселеге айналарын жіті түсініп, Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылатынын мәлімдеді. Бұл саладағы мәселенің шешілуіне үлкен септігін тигізеді деген ойдамын. Жалпы мемлекет басшысының Жолдауында қоғам күткен көптеген мәселе қаралды. Жылдар бойы тозып, тозығы жеткен жылу электр станцияларының мәселесі, логистиканы дамыту, елімізді Еуразиядағы ең үлкен транзит хабы ретінде дамыту, жол саласының түйткілдерін тарқату, ІТ саланы жетілдіру, креативті индустрияны ілгерілету, халықтың қаржылық сауатын арттыру, білім саласына айрықша көңіл бөлу – барша-баршасы көптің көкейінде кілкіп тұрған өзекті сауалдарға берілген нақты жауап болды. Осы тұста айта кетерлігі, қуатты елді, гүлденген қоғамды, мықты экономиканы халықтың бірлігі мен ынтымағынсыз құру мүмкін емес. Сондықтан да Отанымыздың тәуелсіздігі тұғырлы, келешегі кемел, бүгіні берекелі болуы үшін жұмыла жұмыс істеп, біріге болашаққа қадам басуымыз керек! Елдің ертеңі әрбіріміздің қолымызда!

 

Қызмет ақпарат

1948 символ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика