Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің делегаттары Өзбекстандағы қазақ диаспорасының үштен бір бөлігі қоныстанған Қарақалпақстан Республикасына табан тіреді. Республика халқының 25 пайызын этникалық қазақтар құрайтын аймақта 157 қазақ тілінде білім беретін орта мектеп бар. Осы мектеп түлектерінің мамандануын ұйымдастыру мәселесі бойынша іс сапарда жүрген ОҚМПУ өкілдері Қарақалпақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ахмет Нарымбетовтың қабылдауында болып, қазақ тілді мектептерге қажетті педагогикалық мамандар даярлау мәселелерін қарастырды. Өзбекстан Республикасындағы қазақ этномәдени орталығының төрағасы Серікбай Назарұлының қолдауымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде жоғары білім алуға және грант бойынша дайындық курста оқуға ниет білдірген қандас бауырларды оқуға қабылдау мүмкіндіктері ашылды. Қарақалпақстан Республикасындағы қазақ этномәдени орталығының төрағасы Асқар Үмбетов аймақтағы қазақ қауымдастығының белсенділерінің басын қосып, ОҚМПУ өкілдерімен кездесу ұйымдастыруға ұйытқы болды. Жұмыс сапары барысында шымкенттік делегаттар Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Ырысты Әбдірахманқызымен жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты арттыру мүмкіндіктерін қарастырды. Айта кету керек, Қарақалпақстанда қазақ жыраулық мектебінің қуатты ордасы бұрыннан қалыптасқан.Тарихта «Бесқала жыраулық мектебі» деген атаумен қалған өңірдегі қазақтардың өзіне тән салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті, әдебиеті жайлы бірегей мұрасы бар. Осы мектептің жарқын үлгісі саналған жыраушылардың талай буыны қазақ халық ауыз әдебиетінің алтын қорына айналған. Бесқаланың жыршы-жырауларының жыр айту стилі, репертуарлары, жыр саздары мен терме мақамдары ұлттық руханияттың ажырамас бөлігі санатында. ОҚМПУ мәдени бірегейлігі бар аймақпен байланысты арттыра отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғауға, білім, мәдениет және руханият ықпалдастығын жандандыруға қадам басты.
Қызмет ақпарат
1859 символ
Leave a Reply