Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өтіп жатқан оқу-әдістемелік апталық бүгін «Мектеп пен жоғары оқу орындарының интеграциясы жаңа білім беру жүйесінің даму факторы» тақырыбында форуммен жалғасын тапты.
Форум жұмысына университеттің басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Дәулетбекқызы Сүгірбаева қатысып, білім беру саласындағы ұйымдардың өзара ықпалдастығы жұмыс тиімділігін арттыруға, ғылым мен білімді жаңа белеске шығаруға жәрдемші болатынын атап өтті.
Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерімен өзара тәжірибе алмасуды мақсат еткен апталықта педагог ғалымдар, университет оқытушылары мен профессорлары, мектеп ұстаздары, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық қызметкерлері, инклюзивті білім беру мамандары білім беру жүйесін одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырып, жоғары және орта білімнің интеграциялық факторларын, білім беру бағдарламаларының тиімділік талаптарын, білім мен тәрбиені ұштастыру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Форум аясында ОҚМПУ ағылшын тілі кафедрасының оқытушысы Р.Барикуловтың «Түлектер дағдыларының сәйкес келмеуі: мұғалімдердің жұмыс орнына (мектепке) дайындығы», филология ғылымдарының кандидаты, доцент М.Шингареваның «Кері дизайндық пішін: педагогикалық білімнің жоғары оқу орнынан – мектепке парадигмасындағы өзгерістер», Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары, педагог-сарапшы Г.Абишеваның «Пікір алмасу арқылы оқушылардың коммуникативтік мүмкіндіктерін дамыту», Шымкент қаласы №43 жалпы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Б.Макашеваның «Тіл мен әдебиет пәнін оқыту үрдісінде сыни ойлау технологиясын қолдануға негізделген мұғалімнің жұмыс жүйесі», Шымкент қаласының №130 жалпы орта мектебі, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Абдуллаеваның «Орыс тілі пәні сабақтарында оқушылардың білім деңгейін бақылау формасы ретінде заманауи бағдарламалық сервистерді қолдану мүмкіндіктері», Шымкент қаласының Қ.Спатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сүлейменованың «Қазақ тілі мен әдебиеті сбақтарында оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерін қолдану» тақырыптарындағы тәжірибелік таныстырылымдары өткізілді.
Айта кету керек, оқу-әдістемелік апталық университеттің барлық факультеттерінде өтіп, педагог мамандар түрлі білім беру бағдарламалары бойынша әдістемелік ізденіс тәжірибелерімен бөлісіп, таныстырылымдарын жүргізуде.
#ОҚМПУ #ЮКГПУ #Форум
Leave a Reply