Биылғы Жолдауда айқындалған мақсат-міндеттердің маңызды бір тобы – экономиканың нақты секторын дамытуға бағдарланған. Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, ондағы салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын сараланған түрде ұсыну, экономиканың нақты секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру туралы сөз қозғады. Ал бұл міндеттердің орындалуы қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға қалай әсер етпек? Халық бұл жұмыстың нақты нәтижесін қалай сезіне алады? Біріншіден, бүгінде Шымкентте 5 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұр. Ондағы кәсіпорындарда 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Индустриалды аймақтардың дамуының нәтижесінде биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері 850 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары. Бүгінде қаладағы 5 өндірістік аймақ та толып қалған, онда жаңа кәсіпорындар ашатын жер жоқ. Сол себепті Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әкімдік тарапынан жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жеке индустриалды аймақтарының инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілуде. Онда 111 жоба жүзеге асып, тағы да 10 мың жұмыс орны ашылады. Яғни, нақты секторды дамыту халықты жұмыспен қамту мәселесін жүйелі түрде шешеді. Екіншіден, Жолдау жүктеген міндеттерді орындау аясында Шымкенттің экономикасына алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тартылатынын жоғарыда айтып өттік. Инвестиция – игіліктің бастауы. Соның айғағы ретінде Шымкентте тек құрылыс саласына тартылған инвестициялардың нәтижесінде жыл сайын 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп жатқанын айтуға болады. Жалпы, Шымкент қаласының республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізген. Соңғы 5 жылдың ішінде 1,8 триллион теңге айналымға енді. Биылғы 9 айда Шымкентке 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 600 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Үшіншіден, нақты сектордың дамуы ұлттық экономиканың экспорттық әлеуетін арттырады. Шымкенттегі 60 белсенді экспортер-кәсіпорын өткен жылы 15 шет мемлекетке 573 миллион АҚШ долларының өнімін экспорттаған. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау арқылы экспорт география 25 елге дейін, ал өнім көлемі 1,5 есе артады. Мұндай экономикалық өсім халықтың табысының артуы мен әл-ауқаттының жақсаруына әсер ететіні сөзсіз.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply