Елімізде Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы қабылданғаны белгілі. 2025 жылға дейін әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді көздеп отырған ұлттық жобадан күтеріміз көп. Ұлттық жобада 4 бағыт басымдық берілген. Бірінші бағыты – қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуді,
әсіресе, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайтуды көздейді. 2025 жылы 1000 тірі туғанға шаққанда 7,2-ге дейінгі нәресте өлімі, 2025 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда ана өлімі 10,0-ға дейін жеткізуді мақсат етеді. Соңғы жылдары ана мен бала өлімін азайту үшін медицина саласым түрлі қондырғылармен жабдықталып, жоғары технологиялар енгізіле бастады. Дегенмен, қай кезеңде де мықты маман, білікті дәрігер болғанда ғана адам өмрін сақтап қалу мүмкін екендігі айтпаса да түсінікті.
Ана мен бала…Құрсақтағы сәбиін құшағына алғанға дейін жүкті әйелдің жай- күйін бақылайтын акушер-гинеколог дәрігерлердің еңбегі зор.
Жалпы, адам баласы болмысынан бір нәрсеге бейім, икемді келеді. Тілі енді шыққан баланың өзі өскенде кім болатынын былдырлап айта бастайды, таңдауды сол кезде-ақ жасайды. Табиғат жаратылысының кереметтігі де осында болса керек. Жүрек қалауымен сүйікті ісіңмен шұғылданғанға не жетсін! Ал, ол ісіңнің игілігін жұртшылық көріп, көптің кәдесіне жаратсаң одан асқан бақыт та болмас.
Біздің кейіпкеріміз Жанар Зұлқайнарқызы осындай маман. Шымкент қаласындағы №3 перинаталдық орталықта акушер-гинеколог. Ол күнделікті жұмысында қандай қиындықпен бетпе бет кездессе де, оны бір кісідей еңсеріп келе жатқан жан. Қиындық дейтініміздің де өзіндік себебі бар, өмірге сәби әкелу үшін анасы қаншалықты қиналса, акушер-гинеколог та соншалықты ауыртпалықты бастан кешеді. Бір емес, екі адамның өміріне жауапты болу –мықтылылардың ғана қолынан келсе керек. Жанар Зұлқайнарқызы – өз адам өмірі үшін арпалысқан сәттің талай мәрте куәсі болған кездің әрбір секундың бес саусағындай біліп, көзінің алдынан өткізіп келеді.
Жалпы, елімізде перинаталдық орталықтар І, ІІ, ІІІ деңгейге бөліне отырып, көмек көрсетеді. Аталған орталық соның ІІІ деңгейінде, яғни үшінші мегаполистегі жағдайы ауыр жүкті әйелдерді босандырады. Енді ІІІ деңгей қалай сараланды, осыған тоқталайық. Жүкті әйелдер арасында маңызды гипертензия, бала жолдасының орналасуындағы ақаулар, көпұрықты жүктілік, ұрықтың туа біткен ақаулары, бұдан бөлек 4 рет кесарь тілігімен босанған келіншектер осында босанады. Дәрігердің айтуынша, босану дәрежесін учаскелік дәрігерлер анықтап, перинаталдық орталықтың консультация бөліміне жолдайды. Дәрігерлер жүктіліктің 36 аптасында олардың босану дәрежесін толық анықтайды. Жүкті әйелдің денсаулығындағы кінараттар оның жүктілік картасында көрсетіледі. Егер аяғы ауыр келіншек мазасызданса, жедел жәрдем фельдшері сол картада жазылған нұсқаулық бойынша тиісті босандыру орындарына жеткізеді. Кейде аталған орталыққа ІY деңгейдегі, яғни жүрек аурулары, қатерлі ісік аурулары бар жүкті әйелдер де босанып жатады. Негізі бұл дәрежедегі әйелдер Нұрсұлтан, Алматы қалаларындағы перинаталдық орталықтарда босануы тиіс. Кейбір жүкті әйелдер басқа қалаларға баруды қиынсынып, осында босануды жөн санайды. Ал, мұндай әйелдерді босандыру пернинаталдық орталық қызметкерлеріне екі есе жауапкершілік жүктейді. Бір сөзбен айтқанда, аяқтан тік тұрғызады.
Жоғарғы санатты акушер-гинекологтың айтуынша, перинаталдық орталықта жедел ота жасалып, көп босанушыларға, 34 аптадан жоғары босанушыларға мүмкіндік қарастырылған. Білікті дәрігерлер мен жаңа туған нәрестенің денсаулығын бақылайтын неонатолог дәрігерлер күнделікті кезекшілікке жұмылдырылған. Бүгінде аталған перзентханада жылына жүздеген сәби дүниеге келеді
Кесарь тілігі не үшін қолданылады?
Босандыру әдістері акушерлік істе жалпыға бірдей. Орталықта мүмкіндігінше өзі босануға жағдай жасайды. Ал, мамандар өзі босануға болмайды деп шешкенде, кесарь тілігі арқылы босандыру жоспарланады. Мәселен, айына 5-6 рет құрысу, сіңір тартылу аурулары мазаласа, оған невропотолог нұсқау береді, ал, көзі нашар көретін жүкті әйелдерге окулист босандыру әдісін белгілеп береді. Бұдан бөлек белгіленген акушерлік көрсеткіштер бойынша, егер бірінші рет босанып отырған жүкті әйелдің баласы салмағы 3,5 кг-дан жоғары болса, бала жамбаспен немесе көлденең келсе, сондай-ақ баланың жолдасы алдын ала ажыраса, онда кесарь тілігі арқылы босандырады. Сонымен қатар, аяғы ауыр әйелде қан қысымы, белок жоғары, ісік байқалса тез арада жансақтау бөліміне жатқызылады. Кей жағдайда қан қысымы жоғарылағаннан зәр жоқ боп кетеді. Егер қан қысымы 160 -тан төмен түспей, белок жоғары болса, ол емдеуге келмейді. Сондықтан көп күттірмей отаға жіберіледі. Өйткені, министрліктің нұсқаулығы бойынша мұндай жағдайда 24 сағаттың ішінде босандыру міндеттелген.
–Кейде ІІ немесе ІІІ дәрежеде босануы мүмкін әйелдер оңай босанып жатады. Баланың қағанақ суы кетіп, жатыр мойыны 6 см ашылса, оны басқа перзентханаға жібере алмаймыз,-дейді акшер-гинеколог. Өйткені, жедел жәрдем көлігінде босанып қалуы ықтимал. Жүкті әйелдерді перзентханаға жеткізуде жедел жәрдем фельдшерінің біліктілігіне байланысты. Әйелден қатты қан кеткенде немесе босануы жақын қалған болса ең жақын перзентханаға жеткізеді.
Жанар Зұлқайнарқызы әйелдер арасында көп кездесетін қаназдық, бүйрек жеткіліксіздігі аурулары мен артериялық гипертензия сияқты аурулар бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналғанын айтады. Аталған ауру ана мен бала үшін қауіпті. Бұл дерт дүниеге дені сау бала әкелуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан әйелдер арасында отбасын жоспарлау, келесі баланы дүниеге әкелу туралы кеңес беру дәрігердің күнделікті жұмысы, әрі мұны ол өз міндеті деп біледі. Күн сайын аурухананың барлық бөлімшелерінде емделіп жатқан әйелдерді тексеріп, кеңес беру де оң жолға қойылған. Себебі кез келген жаста әйел-аналар сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігі мен қабыну ауруына шалдығады. Сондықтан әйелдер міндетті түрде алдын алу шарасы мен аурудан сақтануды дәрігерлердің кеңесімен жүзеге асыруы керек.
Балаларда жүрек ақаулары көбейген
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, соңғы жылдары мерзімінен бұрын босану жағдайлары көбейген. Мамандар мұның бірден-бір себебі ана-анасында инфекцияның болуымен байланыстырады. Оған қоса, ковидтің «көлеңкесі» көптеген келеңсіздік тудырып жатқан көрінеді. Баланың өкпесінде, жүрегінде, бүйрегінде, бас миында туабітті ақаулар сол инфекцияның белгілері саналады. Шала туған, денсаулығында туабітті ақауы бар нәрестелер перинаталдық орталықтың балалар жансақтау бөліміне жатқызылады.
Мәселен, шарананың жүрегінде ақау бары іште жатқанда анықталғандықтан, босанар уақытта алдын ала босану залына балаларға арналған арнайы үстел қойылады. Босандыру процесіне реанотолог, неанотолог дәрігер қатысып, көмек көрсетеді. Кейде дүниеге келген сәбидің жүрегіне сол заматта операция жасау жоспарланса, оны босандыру Алматы, Нұрсұлтн қалаларындағы ғылыми орталықтарда жүзеге асырылады.
Учаскелік дәрігердің кеңесіне құлақ асқан жөн
Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда дәрігердің кеңесін жүре тыңдайтындар көбейген. Сырқатын саралап, ауруын анықтап берсе де маманның сөзіне күдікпен қарайтындар да бар. Акушер-гинеколог керітартпалықтың кесірінен ана да, бала да зардап шегетінін айтады.
–Ең әуелі жүктілікті жоспарлауға кеңес беремін. Салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, жүйке тыныштығы –мұның бәрі болашақ ананың сау баланы дүниеге әкелуіне сеп. Кейде ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен құрсақтағы балада потологиялық аурулар пайда болуы мүмкін. Оны түрлі тексерулердің нәтижесінде учаскелік дәрігер анықтай алады. Егер қандай да бар кінарат бары анықталса, дәрігер дереу ем-домды бастайды. Ал, бізде көбіне дәрігердің нұсқаулығын орындаудың орнына «Мүмкіндік олай емес шығар» дейтін үміттің жетегінде кете ме, әлде дәрігердің біліктілігіне шүбә келтіреді ме, кейбіреулер Алматы, Астана асып, қан талдауларын тапсырып жүреді. Сөйтіп жүргенде ауру асқына түседі. Күн санап өсіп жатқан шаранаға қажетті ем-дом жасалмағандықтан, не мерзімінен ерте туылады, не туғаннан кейін көп азап шегеді. Әйтпесе, 18-19 аптасында-ақ баладағы ауру белгілері біліне бастайды. Баланы сырқаттан, ананы күйзелістен құтқарар жалғыз жол–ол уақыты ем алу!
Ананың саулығы маңызды
Бала босануға мүмкіндігі жоқ әйелдерге жергілікті ауруханаларда түсіндіру жұмыстарцы жүрзіліп, түрлі семинарлар ұйымдастырылады. Дегенмен, тәуекелге бел буып, дүниеге сәби әкелгісі келетіндер дәрігердің нұсқаулығына құлақ аспайды. Кейде жоспарламаған жүктілік болуы да мүмкін. Ана өлімі осындай жағдайда орын алады. Барлығы болмаса да, олардың арасында аман-есен баласымен қауышатындар да бар.
Ал, босану қауіпті болса немесе бала дамуында қандай да бір ақау болса, гинекология бөлімінде кеңес алып, жүктілікті ерте үзуге келісім береді. Ол жүктіліктің 22 аптасына дейін жүргізіледі.
7 айда 39 егіз дүние есігін ашқан
Жыл басынан бері №3 перинаталдық орталықта 139 егіз дүниеге келген, оның біреуі үшем. Акушер-гинеколог соңғы жылдары үшемдердің көбейгенін қуанышпен жеткізді. Ол ЭКО бағдарламасының жемісі екенін де жасырмады. Алайда, егіздер мен үшемдерді көбіне операциямен босандырады. Өйткені бірі басымен келгенмен, екіншісі немесе үшіншісі жамбаспен, көлденең келіп жатады. ЭКО бағдарламасын жүзеге асырғанда жатырға 2-3 ұрық орналастырады. Кейде бірі өлі туылады, кейде барлығы аман туылады. «ЭКО бағдарламасына қоғамда оң түсінік қалыптасып келе жатқаны қуантады» дейді дәрігер. Өйткені, қолдан ұрықтандыру арқылы туған балалардң ой-өрісі, даму ерекшеліктері көш ілгері дегенді айтады мамандар. Бағдарлама арқылы эмбриондарды іріктегенде сперматозойттардың ең қабілеттелерін жинақтайды. Сондықтан туылған балалар ақылды болады деп жатады. Бұл ғылымда дәлелденбесе де, көпшіліктің пікірі осындай.
Қызық дерек: Биыл перинаталдық орталықта босанған ең жас ананың жасы 15- те. Кәмелетке толмаған келіншекті ана-анасының келісімен босандырған. Орталыққа тіркелгеннен кейін полицияға хабар берген.
Ал, ең үлкені 48 жаста. Ол 11 жылдан кейін екінші сәбиін дүниеге әкелген.
Бетті дайындаған Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.
Leave a Reply