Дені сау Ұлт
Шымкентте ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинет ашылды. Жаңадан ашылған кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқада мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді.
Асардағы балалар ауруханасында ашылған стоматалогиялық кабинетте ақ халаттылар науқастарды тегін қабылдайды. Бұл үшін жергілікті емханадан пациенттің жолдамасы қажет.
Стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар ауыз қуысына диагностикалық тексеру жүргізіліп, бір жерден ем-дом тағайындалады.
Кабинет рентген, наркоз аппараты сынды қажетті жабдықтармен қамтылған.
Шымкент қалалық клиникалық аурухана базасынан ашылған стоматалогиялық кабинет жұмыс күндері сағат 09:00-18:00 аралығында жұмыс істейді.
Байланыс телефоны: 8 (7252) 41-80-72.
Сондай-ақ аталған емдеу мекемесінің дәрігерлері оқушыларды мектеп алды тегін профилактикалық тексеруден өткізу үшін Ашық есік күнін өткізді. Ашық есік күнінде оториноларинголог, стоматолог, онкогематолог, педиатр, уролог, нефролог, кардиолог, травматолог дәрігерлер кеңес берді. Арнайы жолдама талап етілген жоқ.
Ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылды
Ал, №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы өткізілетін диагностикалық тексерулер, күрделі ота жасау мүмкіндігін арттырып отыр.
Медицина саласындағы айтулы жаңалықты қала әкімі Мұрат Әйтеновте бөлісті.
Қаламызда соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд. теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасы мен қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды. Медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін,- деді ол.
Аталған бөлмеде бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсулть алған науқастарға жоғары жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады, құны 1 млрд.теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады. Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.
Мемлекеттік пе, жоқ жекеменшік пе?
Бұл жаңалықтар халықтың денсаулығын арттыруға байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірді-екілі мысалы. Жалпы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында инвестор есебінен салынған медициналық мекемелер саны бірқыдыру. Басқарманың деректер базасында 129 медициналық субъекті болса, оның 97-сі инвестициялық жобаларға жатады. Бұл мәселе биыл Мемлекет басшысының күні кеше халыққа арнаған Жолдауында да айтылды. Осы маңызды құжат бойынша қандай жұмыстар жүргізіп, тапсырманы жүзеге асырудың іс-қимыл жоспары қандай болмақ? Арнайы шақырылған жиында шымкенттік медицина мекемелерінің басшылары осы бағытта атқарылатын жұмыстарды кеңесті.
–Мемлекет басшысы Жолдауының үшінші бағытында денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға аса мән беріп, медициналық сақтандыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. Шымкентте жыл басынан бері 4 ірі жекеменшік медициналық ұйым пайдалануға беріліп, 50 мың халыққа қызмет көрсетуде. Одан бөлек, 5 медициналық ұйымға халықты тіркеу бойынша өңірлік перспективалық жоспар жасалды. Денсаулық сақтау саласы нормативінде бір жалпы практикалық дәрігер 1700 адамға қызмет көрсету қажет болса, біздің қалада 1600 тұрғынға көмек көрсетеді, -деді басқарма басшысының орынбасары А.Бекбауова. Жыл соңына дейін инвестициялық жоба негізінде қаладағы онкологиялық орталығында 4 ПЭТ кабинеті ашылмақшы екен. Нәтижесінде осы бөлімшелердегі құрылғының көмегімен диагноз ерте анықталып, жедел ота жасауға мүмкіндік туады екен.
Енді бір –екі қадым Шымкентте мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердің саны теңеседі. Мәселе әрине санда емес, сапада. Тұтынушының да сапалы қызметті дұрыс көретіні анық.
Мемлекеттік пе, жекеменшік пе? Таңдау құқы тұтынушыда.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ: ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЕМДЕЛУГЕ КВОТА БЕРІЛЕДІ?
Егер адам ауырып қалса және емдеу мен диагностиканы қажет етсе, осының барлығын тегін, мемлекет қаржысы есебінен бөлінетін квота бойынша алу мүмкіндігі бар. Квота — бұл мемлекеттің өзінің ауырып қалған азаматына белгілі бір емдеу түрін жүргізуге бөлетін қаржы. ҚР әр азаматы медициналық көмекті тегін, мемлекет қаржысы есебінен алуға құқылы.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-238/2020 «Мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы (әрі қарай — Бұйрық) негізінде, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан «Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге және республикалық деңгейдегі консультациялық-диагностикалық көмек алуға жолдау комиссиясын құру туралы» бұйрығына сәйкес:
— ШЖҚ «№2 қалалық ауруханасы» МКК хирургиялық және соматикалық ауру бойынша;
— ШЖҚ «Қалалық перинаталдық орталық» МКК жүкті және экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бойынша;
— ШЖҚ «Қалалық балалар клиникалық ауруханасы» МКК 0-18 жас аралығындағы балалар бойынша жоғары технологиялық медициналық қызмет комиссиясының оң шешімі берілген науқастарға жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алу үшін Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жолдама беріледі.
Бұйрыққа сәйкес, жоғары технологиялы медициналық қызмет комиссиясының қарауына төмендегі негізгі құжаттар ұсынылады:
1) Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) Стационарға, күндізгі стационарға емдеуге жатқызуға жолдама;
3) емдеуші дәрігердің, бөлімше меңгерушісінің немесе бас дәрігердің емдеу-профилактика ісі жөніндегі орынбасарының қолдарымен, сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымының мөрімен куәландырылған клиникалық диагнозды көрсете отырып, пациенттің амбулаториялық картасынан немесе стационарлық науқастың сыртқатнамасынан алынған көшірме;
4) клиникалық-диагностикалық (зертханалық, аспаптық және функционалдық) зерттеулердің нәтижелері, бейінді мамандардың (Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандар) диагностика және емдеу бойынша клиникалық хаттамаларына сәйкес консультация қорытындысы.
«Қызмет-ақпарат»
Leave a Reply