Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров 100 жаста. Аңызға айналған ТҰЛҒА. Қайраткер жайлы іздене кетсеңіз ғажап бір әлемге тап боласыз. Ол ізгілік, адамдық, қарапайымдылық, ұлылық, адамдықтың,қазақы оймен айтқанда КІСІЛІКТІҢ әлемі. Биік мансап, құрметке бөленер шағында тар жол тайғақ кешкізген өмірі, алып тұлғағабойындағы осы қасиеттерді қайрау үшін берілгендей. Қазақ осындай болған ғой, осындай болу керек қой!!! Асанбай Асқаровтың өмір жолына тереңдеген сайын қазақ болып туғаныңа деген мақтаныш сезімі бойыңды кернеп, рухтана түсесің. Ол жұбайы Фатимаға жазған бір хатында «Қуатты адамдар өмірінің соңына дейін осындай туа біткен қасиеттерімен қалатын болады», дейді.
…Шын мәнісінде де, біз, екеуміз үлкен өмір жолдарынан өттік. Өткен өмірлеріміз үшін біздің өкпе-наламыз болмауға керек. Менің жарқырай көрінуіме, өсіп-өркендеуіме, қалыптасуыма өз қолыңнан келген нәрсенің баршасын ірікпей жасағаның үшін мен саған ғұмырымда ризамын. Сен менің нағыз өмір серігім болдың. Сен менің нағыз өмірлік досым болдың. Сен менің досым, жан-жолдасым болуың арқылы да мен адам болуға, нағыз үлкен жүректі адам болуға тырыстым. Мұны басқа бір адамдар біле бермес те. Сенесің бе, қазірдің өзінде де сен маған өмірге қызыға қарайтын, мұңсыз-қамсыз бойжеткен боп көрінесің де тұрасың.
Тағы бір Хат осылай сыр шертеді.
Оқыған хаттардың әсері мені Асқаровтың Фатимасын көруге жетеледі де тұрды. Кейуанамен байланысуға Түркістан облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Асқаров атындағы қор атсалысып, Алматыда Асқаровтың пәтерінің есігін қақтым. Отбасының кенже қызы Жанна есік ашып қарсы алды. Қонақ бөлмесіне келе жатып «Мамамды көп мазаламасаңыздар, 100-ге келгенін қалаймыз, сіздер журналистер көп білгілеріңіз келеді, ал, ол кісі өткен өміріне еніп кетеді де, одан шығуы қиындап, жатып қалады» деп ескертті.
Бізді мейірбан жүзді, үлбіреген қазақтың анасы қарсы алды. Әдетте, бұл теңеудің жас қыз-келіншектерге айтылатынын білеміз. Бірақ Фатима апайды көргенде ойымызға ең бірінші осы сөз түсті. Іштей қартайғанда да үлбіреп отыруға болады екен ғой деп таңдандық. Апа бірден жазушының жағдайын сұрады. Асанбай Асқаров туралы пьеса жазған жазушы бар еді.
-Мархабат Байғұтты сұрап отырсыз ғой.
-Иә, иә. Жағдайы жақсы ма?
-Жақсы.
— Жақсы болсын. Қойылымға шақырған еді. Бара да алмадым. Үлкен кісілердің біразын ұмытып та қалдым.
— Қалай есімнен шықсын. Семейде тұратынбыз.Соғыс аяқталып, халық Жеңіс деген сөзбен рухтанып жүрген бір ерекше кез еді. Ет комбинатында істеймін. 7 қарашада жиналыс болды. Сонда бір жігіт сөйледі. Арықтау келген. Орысша жақсы сөйлейді екен. Бірінші көргенім осы. Екі-үш күннен соң Асекең үйге Сүлеймен ағамды іздеп келді. Жанында ағаммен етжақын боп араласып кеткен әскери комиссариаттың қызметкері бар. Бұл 1943 жылдар еді. Осы жолыжақынырақ таныстық, кейін қоңырау шалып, жағдайымды сұрап тұратын болды. Көп ұзамай ағаң қызмет ететін әскери құрама Иранға кетті, хат жазып тұратын болды. Соғыстың қайнап тұрған уақыты. Өзінің айтуынша әскерді дайындап, майданға жеткізеді екен. Жүрген жердің бәрі қорқыныш дейтін. Екі-үш айда келіп әскерге адам әкетеді. Күткенде уақыт өтпейді ғой. Осылай 1945 жыл келді. Соғыс жеңіспен аяқталды. Енді қызмет бітті бас қосайық деп, ағамның алдынан өтіп, ағамрұқсатын берді. Содан мені 45-ші жылдың аяғында ауылға әкеп, өзі қайтадан Термезге әскери қызметіне кетіп 46-шы жылдың аяғында қайтты.
— Күйеуге шығу туралы шешім қабылдау қыз ғұмырдағы ең жауапты кез ғой. Бірінші кімге айттыңыз?
— Мен өзі әке-шешеден ерте айрылғанмын.Әкем Жұмағали екі жасымда дүние салыпты, анам Зияда он үштен асқанымда қайтыс болды. Атам Емберді мен әжем Көкейдің қамқорлығында өстім. Атамдай көрікті, келбетті жанды әлі кездестірген емеспін, әжем мейірім шуағы мол кісі еді. Біздің кезімізде қыздың ең жақын сырласы жеңгесі болатын. Жеңгем Кәкимадан жасырар сырым жоқ, соған айттым. Қуанып, ағаңа айтамын, бірақ шешімді өзің қабылдайсың ғой деді.
—Ата-енеңіз, Меркінің жұрты сізді қалай қарсы алды?
— Күйзелген елдің көңілі бөлек болады, бір-бірінің қуанышына шынайы ортақтаса алады. Қазір астан майысқан дастарханға не жетпейді деп ойлайсыз? Осы көңіл мен шынайы қуаныш жетпейді. Олар адамымызға адам қосылып жатыр деп қуанды. Өйткені, соғыста қаза тапқан қаншама жанның орны ойсырап тұрды. Ол адам келсе, қуанатын кез еді. Ол кездің адамдары үшін ең қымбат адам болатын. Адамның жағдайын жасайтын, адамның көңіліне қарайтын.
—Енеңіз қандай адам еді?
—Әйел біткеннің данасы десем, артық айтпаймын. Апам жарықтық ақылды, көрікті, ойы түзу, тірлігі берекелі, көргені де, өмірден түйгені де көп жан болатын. Асекеңнің үйінде тағдыр мені анаммен табыстырды. Осы өмірімде талай қызықшылық кештерде болдым. Бірақ соның бірі де сол мен Меркеге келін боп түскен кешке ұқсамайды, қазірде көз алдымда. Кештер бола береді екен, бірақ адам қайталанбайды. Мына өмір Адаммен құнды.
—Асанбай Асқаровты салт-дәстүрдің білгірі,ұлттың мінезін бойына мінсіз сіңірген тұлға деп жатады.
—Бұл ата-анадан сіңген қасиет дер едім. Енеміз Күнімай (апа қайын ата-апаларының атын әлі атамайды екен) туралы айттым ғой жаңа. Қазір осы ене мен келін туралы жақсы айтыла бермейді ғой.Келін жаман болмайды, келген жері жақсы болса… Айманым ауылда, Меркеде дүниеге келді. Апам болашақ немересін, ұрпағын қалай қарсы алды дейсіз?! Бәйек болып сойылған малдың !!! жегізді. Бойымдағы өзгерісті байқап, келінім ақ алғыстыдеп қуанды. Үйдің керегесіне ақ орамал таңды, бұлаталарымыздың әруағы қолдап жүрсін дегені. Кейін «құрсақ шашу» жасады. Осының бәрі әлі күнге дейін есімде. Ұлттық мінезді қалыптастыратын осындай өнегелі істер емес пе?!
—Сіз алғаш танысқанда жас Асанбайдың мінезі қандай еді?
—Қайсар еді. Тәртіптің адамы болатын. Айтты-бітті, орындайды. Екі сөйлемейтін. Сөйте тұра мінезі жұмсақ, жайдары болатын. Үйге де, балаға да, туысқа да, маған да өте жайлы адам болды. Бір қызығы, 58 жыл бірге өмір сүріппіз, бір шәй дескен кезіміз болмапты.
Түсінген әйелге ерінің ісіне араласудан асқан айып, білместік болмайды
—Қазақтың Асқаровының, Аңыз адамныңсенімді серігі болдыңыз. Өмір жолдары жолдасыңыздың мінезін қаншалықты өзгертті?Қызметте жүрді, қиыншылықтар да болды.
—Кемелденді. Жарты ғасырдан астам уақыт бірге тұрдық, өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдік. Ел ағасына, дана қарияға айналды. Өзің айтып отырсың Аңыз адамға айналды деп. Жас кезінде де ойланбай ештеңе істемейтін. Сол қалпынан айныған жоқ. Ақылға салып, бәрін сабырмен шешті. Кісіні тыңдай білетін, адамның қадіріне жетуге тырысатын, жақсы қасиеттерін іздейтін. Өмірінің соңына дейін солай болды. Ғайбат, оспадар сөзге бармайтын. Сонша жыл өмірдің ыстығы мен суығына бірге тоңып жүріп бір артық сөзін естімеппін, балалар да естімеген.Уақыттың қадірін білді. Сағат емес, әрбір минутын пайдалануға тырысты. Партияның жауапты жұмыстары өз алдына, көп уақытын кітап оқуға арнады. Өзі шығармашылықпен айналысты, жазумен шұғылданды. Біз ерлі-зайыпты кісінің ғана емес, өмірлік достардың ғұмырын кештік. Осы тұста апайдың көңілі бұзылып әңгімеге қызы Жанна араласты.
—Мен сізге мына жағдайды айтып берейін. Папам түрмеден шыққан соң осы үйге келді. Іздеушілерде көбейді. Бір күні қиын кезде өзінен сырт айналған, Х адам деп айтайын,бұрыс ақпарат берген адам үйге келді. Не болар екен деп күтіп отырмыз. Папам жақсы қабылдады. Мамам бұрынғы әдетімен дастархан жайды. Екеуі әңгімелесті. Кеткен соң «папа бұл қалай сонда, неге айтпадыңыз, неге сөйлестіңіз деп жатырмын.
Папам «Қой балам, өз ұяты өзінде» деді. Ол кезде мен отыздан асып қалғам, әкемнің неге олай айтқанын түсіне қоймадым. Іштей келіспедім. Көп ойландым. Сөздің мәнісін 50-ден асқанда түсіндім.Мынаған қараңыз ол кісі өзінің кінәсін біледі, іштей, басқаларда біледі. Егер сөйлесең ол ақталады, үндемесең, проблемасының бәрі өзімен қалады, өзімен-өзі алысады, жаны тыныштығын жоғалтады. Әкемнің бұлай қабылдауы оны өзінің ар –ұятымен бетпе-бет қалдырғаны екен. Өзіңіз ойлаңызшы, өз сатқындығыңмен бетпе-бет қалу… Қандай ауыр. Жан-дүниеңмен арпалыс, өлім жазасынан да ауыр. Солай ғой. Әкем адамдармен сөйлесудің, тіл табысудың терең мәдениетін меңгерген ғажап адам болатын. Дауыс көтермей-ақ әңгімелесу, салыстыру, сұрақ қоюмен барлық мәселе шешімін тауып жататын. Мен папамның сабырлығы, ұстамдылығы, жалпы мінезіне әлі таңқаламын. Біз әкеміздің біреуді жамандағанын көрмеппіз. Басынан қандай ауыр жағдайлар өтті. Біреуді кінәлағанын естіпеппін. Ешкімге өкпелеген жоқ. Кектенген жоқ.
Анам да солай. Кімді айтсаңда, қой, кінәла ма, дейді.
Әркім өзінің отбасын өзінің білгенімен қорғайды, сондай бір қиын заман болды ғой деп, біраз уақыт үнсіз қалған Фатима апай осы тұста әңгімеге қайта қосылды. Әркім өзінің айтқан сөзіне өзі жауап береді. Бәрі бала өсіріп отыр. Айтқан сөз де, істеген амал да бекерге кетпейді, жаным, бәрінің қайтарымы бар, деді күрсініп.
—Қызыңыз да айтып отыр, отағасына деген құрметіңіз ерекше болыпты. Бүкіл өміріңізді арнадыңыз, қолында билігі бар адамды жағалайтындар аз болмайды, сізге де өтініш айтқандар болған шығар ?
-58 жыл бірге өмір сүрдім, Асанбай маған бір рет қатты сөйлеген емес, көңілімді қалдырған емес. Мен оны ешкіммен салыстыра алмаймын. Түсінген әйелге ерінің ісіне араласудан асқан айып, білместік болмайды. Қазір айтсам, күлесіңдер ғой. Мен обкомның қай жерде орналасқанын да білмеппін. Біреудің бұйымтайы еді деп қолқа салған жерім жоқ. Әйел ер азаматына пірім, құтым деп қарағанда шешілмейтін мәселе қалмайды.Әйелдің бақыты үйінде. Әйел үйін өз қолымен жинап, кірін өз қолымен жумаған үйде не жылу, не сән бар? Ерінің киім-кешегін жумаған, үтіктемеген, үш мезгіл асын өз қолымен әзірлемеген үйде не мән, қызық бар?
Қайыр қылған кісі қайтарымын тілемес болар
-Әр отбасының өзінің дәстүрі-тәртібі бар. Асанбаевтар отбасының дәстүрі туралы айтсаңыз?
Жанна Асанбайқызы: Мама, үйде тәртіп бірінші орында тұратын еді, иә. Отбасының барлық мүшесі ерте тұратын. Өйткені, әкеміз өте ерте тұратын. Анамызға ас әзірлеуге көмектесеміз, басқа да шаруалар бар.Үйде бізге анамызға ғана ұрсуға болатын. Ұрысқанда баламыз ғой «үй жина десе, мама істемеймін, істегім келмейді» дейміз, істегің келмесе де істейсің» дейтін. Неге деген сауалымызға «сен болашақ біреудің жарысың,анасың» деп жауап беретін. Ал, әкеміздің бір қарағанынан бәрін түсінетінбіз. Бір көзқарас. Бәрі түсінікті. Сөйлеудің керегі жоқ. Ақыл айтпайтын, әңгімелесетін. Әңгіме болғанда, қандай әңгіме!Қарсы уәж таба алмайсың, тек қана келісесің.
Қайда барсақ та кешкі тоғыз жарымда үйде болуымыз керек. Одан кешігуге болмайды. Сабақ оқы, оқымасаң, АХБК-ға барасың, зауытқа жұмыс істеуге барасың дейтін. Сендердің олардан қай жерлерің артық, небір қазақтың сұлу қыздары жүр. Ел қатарлы жұмыс істейсің.
Бізді осылай тәрбиеледі. Біз, сол кездегі барлық отбасыда солай болды ғой деймін тоқтам сөз«әкеңе айтамын» деген сөз болды. Әке деген қандай авторитет еді! Мынадай жағдай болды. Студентпін. Жастар лагері деген болатын. Достарым табиғатқа демалуға жиналды. Папам екеуміз кешке серуенге шыққанбыз. Жәймен:
-Папа мен демалысқа барсам бола ма…
-Қайда?
-Жастар лагеріне. Достарымның бәрі кетіп бара жатыр.
-Мм. Жақсы екен. Жақсы лагер.
Ленин көшесін бойлап кетіп барамыз. Тау әдемі көрінеді. Біраз үнсіздіктен соң:
-Қарашы. Табиғат қандай әдемі, деді.
-Иә.
-Ауа қандай таза!
-Иә.
Міне, саған демалыс, міне, саған курорт. Демала бер.
Ол маған сен бармайсың, баруға болмайды деген жоқ. Менің назарымды жан-жағымызға аударды. Ауаның таза екенін, табиғаттың тамаша екенін мойындатты. Болды. Менде жан-жағыма қарап тұрып, шынында алысқа не үшін барам, жанымда бәрі тұр деген пікір пайда болды. Ауырып ауруханада жатқанда былай болды. Дәрігерлер ота жасау керек деген. Барып екеуміз ашық-жарқын сөйлестік. Емделетін, операция жасамайтын болды. Таңертең барсам палатасында жоқ. Операцияға дайындық бөлімінде отыр барсам.
-Папа, біз келіскен едік қой…
-Ұят болады, мен уәде беріп қойдым. Хирургке уәде беріп қойыпты.
-Папа өмір-уәде…Жас емессіз, өміріңізге қауіп төнсе ше???
-Қой-қой, бәрі дұрыс болады.
Папам айтты болды, істеу керек, сөз берді ме,болды. Орындау керек. Адамның мінезін осындай кішкентай әрекеттер қалыптастырады.
Фатима апа: Асекең балаларды бір жағы педогог, бір жағы дос ретінде тәрбиеледі. Әрқайсысымен қалай сөйлесуді білетін, көңілін қалдырмайтын. Екі сөйлемейтін. Жұмыста да солай болыпты.Ешкімнің көңіліне тимеген. Елдің оны осы күнге дейін ұмытпай келе жатқандары содан ғой.Өмірінің соңына дейін қолынан кітап түспеді. Өте көп оқитын.Жазғандарының бірінші оқырманы да, редакторы да өзім болдым. Біз байлық жинаған жоқпыз. Ешкімнің ала жібін аттамаған адамбыз. Бүгінгі күнде байлық туралы көп айтады ғой.Құндылықтар өзгеріп кетті.
Асанбайдың досы көп болатын. Байлығы сол. Мақсаты, ел үшін қалтқысыз қызмет ету еді. Солай болды. Елдің жадында қалды. Жастарды жақсы көретін. Талантты, еңбекқор жастарды іздеді, қызметте тәрбиеледі. Бүгінде іздеушісі болып жүр. Басына қиын-қыстау жағдай түскенде де отбасымен бірге достары, елі, ізбасарлары дем берді, қолтығынан сүйеді, ақтап алды.
-Сізді шаршатып қойдым, кешірім сұраймын. Соңғы сауалым, 97-ге келген ел анасының ұрпаққа тілегі қандай?
—Көз көргендердің бәрі кетті, жаным. Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз деп жатыр ғой, енді осы Жаңа Қазақстанымыз өсіп-өркендеп, ел тыныш болса болғаны. Өмір көрдік айналайын, қазір қайыр қылған кісі көп. Осы орайда айтарым, қайыр қылған кісі қайтарымын тілемес болар. Есеппен істелген жақсылық сол адамға кесір болып жолықпаса неғылсын. Құдайдан ниет тазалығын, пейіл кеңдігін тілеймін.
Қоштасып кетіп бара жатып, Фатима апаның бетіне қайта қарадым. Шынында үлбіреп отыр. Бақытты болыңдар деді. Жүзінің неге үлбіреп тұрғанының себебін тапқандай болдым. Әр қазақтың баласын өз баласындай көрген, ниеті мен жүрегінің тазалығы екен ғой. Әлде, жарына деген шексіз махаббат па?
“Алтыным, жаным Фатима! Денсаулық жақсыма? Балалардың, немерелердің бетінен сүйіп қой, Дәлел бұзықты екі рет сүй. Құдай соны көрсетіп, бетінен сүйгізіп, иіскетер күн туса болар еді… Балаларға сәлем айт. Әкесі таза, ақ. Мен үшін ұялмасын. Если весь казахский народ стоит за меня, это что-то значит. Сүйемін, өзіңді сақта. Бізгетірі кездесу керек. Ол үшін ақыл, сана, шыдамкерек. Оның бәрі менде бар. Еш нәрсеуайымдама… Айтқаныңның бәрін түсіндім. Жігіттерге үлкен рахмет. Жұмысты сол бетіншежүргізе беріңдер. Жылқыбайға, Арыстанға үлкенжүректен сәлем айт. Қилыбайға да сәлем. Басқа ағайынға, жолдастарға сәлем айт. Өзіңді сақта, ауырып қалма… Камераға неше түрлі адамдаркеліп жатады. Көбінше сурет салып, өлең жазып, газет оқып көп сөздеріне құлақ салмаймын” (Асқаровтың жары Фатимаға жазған хаты).
Бейсенкүл Нарымбетова
Leave a Reply