“Бақытты жанұя” 162 ана мемлекеттік грант алған

Ана жымиса, бала шаттанады. Ал, бала үшін жанын қиюға дайын тұратын ананы сары уайымға салатын әлеуметтік жағдай екені даусыз. Қазіргідей қымбатшылық бүйірден қысқан заманда күн сайын табыс түсіп тұрмаса отбасын асырау оңай емес. Әсіресе көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларда бір үйден бір адам жұмыс істемесе қиын. Мұндай отбасылар Шымкент қаласында да көптеп саналады. Оларға мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетіліп келеді. Шымкент қаласындағы «Бақытты жанұя» орталығының басшысы А.Қалымбеттің айтуынша, 4 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылса, оның 1225-і қоғамдық, 2 882 -і тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 373 ана кәсіптік тегін курсынан өтіп, 162 ана мемлекеттік грант алған. Бұл дегеніңіз осынша отбасы тұрақты жалақы алып, әлеуметтік жағдайын түзеуге мүмкіндік туды деген сөз.
Жуырда өткен Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Бақытты жанұя» орталығының атқарған жұмыстары баяндалды.
Комиссия төрағасы, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.
Бұдан бөлек, жиында «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков, «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов баяндама жасады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.
Дамира КАМАЛ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика