Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне келіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Мегаполис басшысы халқымыздың рухани көсеміне айналған Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ұлт ұстаздары орталығын, Мұхтар Шаханов атындағы арнайы кабинетке кідіріп, тұлғалардың тарихи жәдігерлерін тамашалады. Отырардан түлеп ұшып, қазаққа ортақ тұлға болған таланттардың оқу орнымен тарихи-ғылыми байланысы туралы университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева баяндады. Сексен бес жылдық тарихы бар білім ұясының ордалы қарашаңыраққа айналу жолында әр жылдары еселі еңбек еткен ректорлар құрамымен де таныс болды. Шаһар басшысы студенттермен кездесіп, жастарға педагогикалық саланың үздік маманы атанып, ел келешегіне үлес қосуға тілектестік білдірді. Әсіресе, жастардың әлеуметтік жағдайына назар аударған қала әкімі жатақхана жайына алаңдаушылық білдірді. Бүгінде аталмыш университет республика көлемінде студенттерін жүз пайыз жатақханамен қамтып отырған бірден-бір оқу орны саналып, бұл мәселе толық шешімін тапқан. Университет тынысымен танысқан шаһар басшысы киелі шаңыраққа алдағы уақытта тағы да арнайы келетінін, қала әкімдігімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда байланысты нығайтатынын айтты. Айта өтейік академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті «Философия» кафедрасының меңгерушісі философия ғылымдарының докторы, профессор Карима Төленова бастаған бір топ ғалымдар университетімізге келіп, тәжірибе алмасуда. Бауырлас елден келген оқытушылар құрамында философия докторы (PhD), доцент М.Х. Тиллаволдиева, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Е.В. Ли және философия докторы (PhD) М.Д. Нуртулашев бар. Олар тілдер және әдебиет мамандығына мұғалімдерді даярлау бағыттары бойынша білім алушыларға 6-қазанға дейін дәріс оқиды. Ғалымдар «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен өзара тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін де талқылайды.
Қызмет ақпарат
Leave a Reply