Себебі, соңғы жылдары бұл салаға көп көңіл мен біршама қаражат бөлініп, Қазақстанның көрікті жерлеріне қызығатындардың қатары өсті. Пандемиялық жағдайдан соң, туристер еліміздің оңтүстік бөлігіне келіп, тарихи қалалары мен тылсым табиғатымен ерекшеленетін өлкені аралауды әдетке айналдырып, киелі жерлерге саяхаттауды жөн көріп жүр. Әрине, вирус туризм саласын тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыратты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пандемияның кесірінен отандық қонақ үйлер саны 3,9%-ға кеміп, ішкі саяхат мөлшері 60,3%-ға қысқарды. Ал, алдағы уақытта аталған саланы дамыту үшін бірқатар заманауи жобалар жүзеге асырылмақ. Еліміздегі ішкі туризмнің бір бағыты-Оңтүстік Қазақстан өңірі. Бұл аймақтығы туризмнің өзге өңірлерден озық тұратын ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Өйткені, оңтүстік ордада тарихи-мәдени ескерткіштер мен көне қалашықтардың саны өте көп. Шымкент шаһарының өзінде 110 туристік нысан, 10 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 6 табиғи су қоймасы орналасқан. Сала мамандарының айтуынша, Шымкентке келетін туристердің басым бөлігі ішкі туристер көрінеді. Ал, шетелдік тұрғындар Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Түркістан қалаларын таңдайтынын айтады. Қаладағы қонақ үй мен туристерге қызмет көрсету орталықтарының жұмыс сапасы күн санап жақсарып келеді. Осыдан бірнеше жыл құрылған «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы саяхатшыларға көп көмегін тигізуде. «Visit Shymkent» орталығының көмегімен туристік маршруттарды таңдап, тиімді бағаға саяхаттау билетін алып, тур операторлар мен гидтер жайлы толық ақпараттармен танысып¸ қонақ үйлерден алдын-ала орын аласыз. Әрине, оның ішкі және сыртқы туристерге берер көмегі орасан. Орталықтың орынбасарының айтуынша, бұл жоба ішкі туризмді дамытып, шаһардың имиджін көтеруге септігін тигізеді.
Leave a Reply