Беттің аты Жан-дүние
Бүгін біз осы сауалға жауап іздегенді жөн деп таптық. Біздің басты мақсатымыз, өмірді үйлесімді етіп сүру болғандықтан білім алу мен көпшілікпен араласу барысында өзімізде және өзгелерде қандай өзгерістер болып жатқанын түсіне білудің маңызы зор.
Сонымен өзімізбен, жан-жағымыздағылармен, бүкіл әлеммен қалай үйлесімді қарым-қатынас қалыптастыруға болады?
Егер біз өмірлік маңызды тақырыптарды талқылайтын болсақ, бір-бірімізден эмоцияны игеруді үйренсек, бір-біріміздің ең жақсы қырларымызды ашсақ, онда біз ешқандай кедергісіз өмірімізді өзгерте аламыз және басқаларға көмек бере аламыз.
Ғашықтық эпидемиясы қашан басталады?
Атап айтсақ, оқушылармен ұйымдастырылып жүрген «өзін-өзі тану» пәні тек қызықты өтуімен ғана емес, әрі пайдалы өтуі арқылы да ерекшеленіп отыр. Оқушылар өздерін еркін сезіне отырып, әсіресе, шығармашылық ізденіске толы әдіс-тәсілдермен жұмыстануды ұнатады. Мұндай талқылаулар білім құндылығы туралы түсінікті тереңдетіп, дамытады. Балалар өздерінің мінез-құлқында қандай болмасын бір адамгершілік шепті алып, қиындықты жеңгенде ғана тәртіптілік көрсеткені үшін мадақтау керек. Кей кезде бір қарағанда баланың мінез-құлқын сынауға, оны кінәлауға тура келетін жағдайда мадақтау да орынды.
Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, жеткіншек – не бала емес, не ересек емес, дәрежесінің өзі өтпелі. Олар өздерін ересек сезінсе, әке-шешелері керісінше оларды әлі бала көріп, жете көңіл бөлмейді. Оларға ата- аналары мен мұғалімдердің сөзінен, қарым-қатынасынан гөрі құрбы-құрдастарының сөзі өтімдірек, қарым- қатынасы қажет болып тұрады және де егер біреуге ғашық болса, ерекше толқу күйін бастан кешіреді, яғни ғашықтық эпидемиясы басталады. Осы кезде ұл-қыздар бір-бірінен бөлектене бастайды. Осы өтпелі кезеңде кейбіреулердің мінезі тұйықталып, өзгелермен қарым-қатынасы қиындап кетеді.
Жеткіншек жастың ерекшелігі
Баланың жасөспірімдік кезеңге аяқ басуы оның өзіндік санасының дамуымен айрықша мәнді. Жеткіншектерде ересек адамның позициясы қалыптаса бастайды оған ересектік сезімнің дамуы және жасөспірімнің ересектігін басқа адамдардың тануы негіз болады. Бұл позиция жасөспірімнің өмірдегі обьективтік жағдайына әлі сай келмесе де, оның пайда болуы жасөспірімнің өз айналасындағы ересектер дүниесімен, олардың игіліктері дүниесімен жаңа қатынастарға субьективті тұрғыда аяқ басқанын білдіреді. Жеткіншек бұл игіліктерге белсенді ие болады, бұлар оның сана-сезімінің жаңа мазмұнын құрайды, мінез-құлық пен іс-әрекеттің мақсаттары мен себептері, өзіне және басқаларға қойылатын талаптар, бағалау мен өзін-өзі бағалаудың критерийі болып табылады. Мазмұны жөнінен өзіндік сана ішкі дүниеге көшірілген әлеуметтік сана ( Л.С. Выготскийдің анықтамасы бойынша ) болады.
Жеткіншектің өзі туралы ойлана бастауының ең маңызды стимулы- оның құрдастарының арасында сыйлы болғысы келуі және өзіне жақын жолдастар, дос табуға ұмтылуы. Жолдастарының ішінен біреуімен өзара қарым-қатынасы, ұнаған құрдасының ерекшеліктері туралы ойлағанда ол көбіне өзі туралы ойлай бастайды. Сыйлы және беделді құрдастарының қасиеттері, сондай-ақ жолдастарының ескертпелерімен өкпелері көбінесе жасөспірімді өзі туралы байыптап ойлауға, өзінің кемшіліктерін, өзінде жолдастары бағалайтын қасиеттердің жоқтығын көріп, ұғынуға әсер етеді.Ол осындай қасиеттері бар біреулерге теңесе бастайды, құрдастарына теңесудің мәнді әрі көп тараған себептері жасөспірімнің балалармен дос болып, оларға ұнағысы, құрдастары мен жолдастарынан жаман болмай, олармен тең болғысы келуі болады.
Қиын балалар қайдан шығады?
Жеткіншектерді өздері теңессем деген адамдардағы өзін тартатын көптеген қасиеттер мен ерекшеліктердің арасында қасиеттердің екі тобы басым болады. Бұлар — адамгершілік қасиеттер мен ерлік қасиеттері; алғашқыларының арасында жолдастық қасиеттер көп орын алса, екіншілерінің арасында ерлік қасиеттері (бұлар қыз балаларға ұнайды) үлкен орын алады.Үлгі тұтқан үлкендер де, балаларда да бұл қасиеттердің саралану жиілігі бірдей, олар кіші жастағы және есейген жеткіншектерге де ұнайды.
Егер ішкі жағдайлар ұйымдасқан тәрбие процесі жағдайларында дер кезінде қалыптаспаса, онда олар кездейсоқ — факторлардың ықпалымен стихиялы түрде дамиды және ұнамсыз сипатқа ие болуы мүмкін. Сол шақта мектеп пен жанұя сыртқы жағдайлар әрекет жасауға жарамсыз болған қиын жағдайлармен тоғысады, өйткені жеке адамның қарама-қарсы бағыттылығымен қақтығысады, ал біздің адамгершілік шамаларға жауап беретін ішкі жағдайлар әлі дамымаған. «Қиын» балалардың пайда болуының негізгі себептерінің бірі» міне — осында жатыр.
Интерактивті әдістер — қарым-қатынас пен біріккен әрекетті танудың жолдары мен тәсілдеріне меңзейді, белсенді диалог негізінде құрылады. Қатысушылар бірігіп жұмыс жасауға үйренеді; өз ойларын ортаға салып, пікірталасқа түседі; өзін-өзі дамытуға деген қажеттіліктерді анықтап, өзін-өзі бақылай, бағалай білуге машықтанады.
Тағы бір рольдік ойын элементтерінің бірін мысалға алайық, яғни, «Пікірлесе білу-баға жетпес байлық». Бұл ойынның негізгі мақсаты – үйлесімді қарым-қатынастың жанжалдан артықшылығын негіздеу, дау-жанжалды шешудің жолдарын үйрету.
Біз бір-бірімізді немен қуантып, немен қолдау көрсете аламыз?
Қолдау мен сенім — өмірдің қиындықтарынан өтудің бірден-бір тиімді құралы.
Біз бір-бірімізге теріс қылықтарды, реніш пен өкпені, өзімшілдікті жеңе білуге және шыдамдылыққа, қиындықтарға қайыспай қарсы тұра білуге шын көңілімізбен тілек тілейік.
Өмірде тек қана жақсылықтар емес, қиын жағдайлар да болып тұрады. Адамдардың бір-бірімен түсінісе алмауы, қайшылықтардың өршіп кетуі, мүдделердің тоқайласпауы, пікір алшақтығы, әділетсіз іс-әрекеттер жанжал тудырады.
Қақтығыс адамдарды ызаландырып, жат қылықтар: қатыгез, зорлық-зомбылық, тағы да басқадай адамшылыққа жатпайтын іс-әрекетке ұрындырады, теріс мінез қалыптастырады.
Жанжал-жамандықтың белгісі, оны дер кезінде, енді басталып келе жатқан сәтінде басып тастап, болдырмауға тырысу керек.
Жағымды қарым-қатынасты іске асыру үшін қажетті өмірлік шарттар және қатысушылардың ішкі дайындығы үлкен роль атқарады. Интерактивті оқытуды ұйымдастыруда, біздің байқағанымыз, жағымды қарым-қатынас орната білетін оқушылардың психикалық денсаулығы, мінездерінің біртұтастығы, салмақтылығы көзге түсердей. Осы тұста негізгі міндеттердің бірі — қарым-қатынасты реттеп отыру, қатынас мәдениетіне баулу.
Рольдік ойындардың тағы бір түрі – ол «төзімділік». Бұл ойынның мақсаты — өмірдің қарама-қайшы қырларына –күнгейі мен көлеңкесіне сипаттама беру, тәуелділіктің, қауіпті әуестенушіліктің зардаптарын және адам өміріне тигізетін зиянды әсерлерін сараптау, студенттерді өз бойында күшті ерік-жігер тәрбиелеуге ұмтылыс қалыптастыру.
Кез-келген адамның бір нәрсеге қызығушылығы болады. Өмірдің әр түрлі кезеңінде адам өзгелерге, құбылыстар мен жағдайларға немесе заттарға белгілі бір дәрежеде тәуелді.
Рашан Тулендиева
Шымкент қалалық № 2 балалар ауруханасы – оңалту орталығының
Психологы
Leave a Reply