Сабыр сақтап, сіздің тыңдай білуіңіз «Сен тыңдауға лайық адамсың»,-деп, оны құрметтегендігіңізді көрсетеді. Баланы тыңдай білуге де өте үлкен сабыр мен төзім керек. Баланы тыңдау оның бар айтқанын орындау емес. Тыңдау – дәл сол мезет айтушыны мазалаған мәселені бөлісу, соның көңілің табу, түсіне білу деген сөз.
Баланың айтқандары тыңдалатын болса:
— Баланың сөйлеу қабілеті ашылады, сөз байлығы кеңейеді, түсіндіре білуі оңайлайды.
— Бала өз жайын бақырып жылап, бірдеңені қиратып емес, сөзбен айтып түсіндіретін болады.
— Түсіністікке жеткен бала өзін жайлы сезініп, өзіне деген сенімі нығая түседі, қандай да бір мәселесін сөйлесу арқылы шешеді.
— Бала мен ата-ана арасында жақындық пайда болып, бала әке-шешесінен ақыл сұрайтын болады.
— Айтқаны тыңдалған бала әке-шешесін де тыңдайтын болады, әке-шешесімен ара-қатынасы жақсы болады.
Тыңдамаған кезде өзімізге тигізетін зиянымыз алдымыздағы адамға тиер зияннан да көбірек болмақ.
*Өкініші бар әкенің айтқаны
Баламды қайта тәрбиелеу мүмкіншілігім болса…
— Сұқ саусағымды кезеп ұрсудың орнына саусақтарымен сурет салуды үйретер едім.
— Қателерін түзетуді айтып, оған деген жақындығымды арттырар едім.
— Тек көзіммен қадағалап, сағатпен шектеуді доғарар едім.
— Көп көңіл бөліп, мейірімімді молайтар едім.
— Бірге серуенге шығып, батпырауық ұшырар едім.
— Қаталдық танытудың орнына онымен бірге асыр салып ойнар едім.
— Қырда бірге қыдырып, түнде жұлдыздарды тамашалар едім.
— Аз ұрсып, көп құшақтар едім.
— Қатал тәртіптің қыспағына алмай, қайта жылы шырай танытып, үнемі қолдау көрсетіп, ынталандырар едім.
— Сүйіспеншілікті көп үйретер едім.
Бетті дайындаған тәжірибелі психолог Ақнұрүміт Алшыоразова
Leave a Reply